04-01-22 |
810 рет қаралған
«Қымбатшылықтан қиналдық»: Ақтөбеде белсенділерді полиция ұстап жатыр.
«Қымбатшылықтан қиналдық»: Ақтөбеде белсенділерді полиция ұстап жатыр

Ақтөбеде облыс әкімдігінің ғимараты полицияның бақылауында тұр. Әкімдіктің алдында автобус қойылған. Теракт оқиғасын көрген жергілікті полицейлер ширақ қимылға көшкен. Халықтың топтасып жиналуына мүмкіндік бермеді. Жаңаөзенге қолдау білдіруге жиналғандарды автобусқа тиеп алып кетіп жатыр.

«Біз бірнеше күннен бері билікке талап айтып, халықтың жағдайын дұрыстауды сұрап тұрған Жаңаөзен халқына қолдау білдіруге келдік. Қазір бәрінің бағасы көтеріліп тұр. Қымбатшылықтан қиналып кеттік. Тек газдың ғана емес, бәрінің бағасы түсуі керек»,- дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Фатима Ғазиз.

Облыс әкімдігіне хабарласып жағдайды білдік. Ішкі саясат басқармасы халықтың қаладағы қар тазалау және тіл мәселесін көтеріп келгенін айтты.

«Жиналғандармен кездесу кеше болды. Облыс әкімінің орынбасары мен қала әкімі халық алдына шықты. Халықтың талабының арасында қаладағы жиналып қалған қарды тазалау және тіл мәселесі болды. Бір жарым сағаттай түсіндіру жұмыстары жүрді. Бүгін әкімдіктің алдымен жүріп бара жатқанда адамдардың жоқтың қасы екенін көрдім»,- дейді Ақтөбе облыстық ішкі саясат  басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева.

Ақтөбеде автобусқа тиелген тұрғындардың қайда апарылғанын және қанша адамның ұсталғанын білу мүмкін болмады.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Қанат Әлиев жағдайдан бейхабар екенін жеткізді.

«Ақпаратты баспасөз қызметінен аласыздар. Қанша адам ұсталып жатқаны туралы менде ақпарат жоқ. Менің басқа шаруаларым бар»,-деді   Әлиев.

Ал ақтөбелік ақын, мәслихат депутаты Жұлдыз Қожабекова халыққа қолдау білдіріп, желіде жазба қалдырды.

«Жаңа жылдың алғашқы күндері Жаңаөзендіктердің жанайқайынан басталды. Арты жақсы болғай! Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрғанын көзіміз көріп отыр. Жаңаөзендегі жағдайды ушықтырмай, халықпен мәмілеге келу керек. Алаңға шыққандар басқа ұлт өкілдері емес, өзіміздің қандастар. Халыққа оқ атпай, бейбіт жолмен шешіледі деп үміттенеміз. Ел Президентіне үндеріңіз естілді. Енді ең бастысы билік пен бұқара келісімді шешімге келсе, сол ортақ жеңіс болмақ!»,- дейді Жұлдыз Қожабекова.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.