Біз
әлеуметтік
желіде
19-05-25 |
130 рет қаралған
Абай облысының әкімі Шыңжаң ұйғыр өлкесінің партия комитетінің хатшысымен кездесті.
Абай облысының әкімі Шыңжаң ұйғыр өлкесінің партия комитетінің хатшысымен кездесті

Облыс әкімі Берік Уәли бастаған өңір делегациясы Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің Алтай қаласына келді. Жүзге жуық адамнан құралған делегация құрамында мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар, бизнес, білім саласының өкілдері бар.

Бүгін делегация мүшелері Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстарының өкілдерімен бірге Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы Ма Синжуйдің төрағалығымен өткен кездесуге қатысты. Отырысқа Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің Алтай, Тачэн, Бұратола округтерінің, Іле қазақ автономиялы облысының басшылары қатысты.

Жиынды ашқан Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы екі елдің арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі Қазақстанның шекаралық аймақтарындағы облыстармен қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға дайын екенін жеткізді.

Кездесуде облыс әкімі Берік Уәли сөз сөйледі. Аймақ басшысы қос елдің Мемлекет басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпинмен айқындалған достық байланыстар өңіраралық экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға негіз болатынын атап өтті.

Абай облысының географиялық және экономикалық мүмкіндіктеріне тоқталып, Қытаймен және Ресеймен шекаралас аймақ ретінде облыстың халықаралық бағыттарға ашық, көлік-логистикалық әлеуеті жоғары екенін айтты.

Кездесу барысында облыс әкімі Қытайдың өңір үшін басты сауда серіктесі екенін атап өтті. 2024 жылы Абай облысы бойынша сыртқы сауда айналымының басым бөлігі — яғни 89 пайызы Қытаймен шекаралық сауда арқылы жүзеге асқан. Экспорт көлемі 2,1 миллиард АҚШ долларына жетіп, бір жылда бес есеге артқан.

Сонымен қатар, өңір басшысы қазіргі уақытта Қытай капиталы есебінен іске асып жатқан төрт ірі жобаны атады. Олар: құны 1,5 млрд долларды құрайтын мыс балқыту зауыты, жобасы 30,4 млн долларға бағаланған ағаш өңдеу комбинаты, 250 млн доллар тұратын көмір-химия кешені және 107 млн долларлық жел электр станциялары.

Облыс әкімі екі ел арасындағы сауда-логистикалық байланысты жандандыру мақсатында «Семей – Үрімші» және «Семей – Шәуешек» бағыттары бойынша тікелей әуе рейстерін ашуды ұсынды. «Аягөз-Тачен» темір жол желісінің өңір экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті.

Курчатов қаласының ғылыми әлеуетіне тоқталған өңір басшысы Шыңжаңдағы технологиялық орталықтармен бірлескен ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.

«Жағрапиялық орналасуының қолайлылығын ескерсек, біздің облыстың Қытай, Ресей және Орталық Азияны жалғайтын көлік-логистикалық хаб ретінде дамуға толық мүмкіндігі бар. Бұл ірі халықаралық сауда дәліздеріне шығуға жол ашады. Сондықтан осы кездесудің ынтымақтастығымызға жаңа серпін беріп, бірлескен инвестициялық бастамалардың артуына ықпал ететініне сенімдімін. Осы сәтті пайдалана отырып, сізді Абай облысына ресми сапармен келуге шақырамын», – деді облыс әкімі.

Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесінің партия комитетінің хатшысы Ма Синжуй аймақ басшысының ұсынысына қолдау білдіріп, Қазақстанға жұмыс сапары аясында өңірге келуге дайын екенін жеткізді.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.