Біз
әлеуметтік
желіде
25-05-25 |
870 рет қаралған
Алакөл жағалауында жаңа қоғамдық кеңістік салынады.
Алакөл жағалауында жаңа қоғамдық кеңістік салынады

Облыс әкімі Берік Уәли жұмыс сапарымен Мақаншы ауданына келді. Аймақ басшысы сапарын Алакөл көлінің жағалауында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстарымен танысудан бастады.

Бұған дейін тұрғындар тарапынан жағалаудағы Арбаттың жағдайына байланысты сын көп айтылған еді. Қазіргі уақытта Арбат жаңартылып, бояу, сырлау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек жағалаудағы ескірген темір жақтаулар толық ауыстырылуда.

Аудан әкімі Дәурен Қойгелдиннің айтуынша, биыл облыс әкімдігінен бөлінген қаражатқа туристік аймақта ауқымды жұмыс жүргізіледі. Жағалаудағы 5 шақырымға жуық жолға асфалть төселеді, 10 модульді, 15 биодәретхана, 40-тан астам киім ауыстыратын кабиналар қойылады, қоқыс жәшіктері мен бейнебақылау камераларының саны артады. Жағалауды нығайту үшін пирс және қалқыма орнатылады.

Ерекше атап өтерлігі, туристер көп келетін Арбаттың жүктемесін азайту үшін жаңа қоғамдық кеңістік салынады. Мұнда 100 адамға арналған сауда-саттық орындары қарастырылады, үлкен сахна, субұрқақ салынады, тұрғындар серуендейтін арнайы алаң болады.

Қазіргі уақытта жерді тегістеу, керамикалық тақтайшаларды төсеу және қоршау орнату жұмыстары басталған. Қоғамдық кеңістік құрылысы 1 шілдеге дейін аяқталады. Аймақ басшысы Арбат пен жағалауды аралап, жаңа қоғамдық кеңістіктің орнын көріп, аудан әкіміне абаттандыру жұмысын сапалы әрі уақтылы аяқтауды тапсырды.

«Осыдан екі ай бұрын Алакөлге арнайы келіп, қажеттіліктерді біліп, барлық мәселелермен танысқан болатынмын. Халық көп келетін туристік аймақта 2018 жылдан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген екен. Осыны ескере отырып, облыстық бюджеттен 658 миллион теңге қаржы бөлдік. Қазір абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Мақсатымыз – демалушыларға жайлы жағдай жасау. Суға түсу маусымы ашылғанға дейін барлық жұмысты сапалы аяқтауымыз керек» деді облыс әкімі.

Жазғы демалыс маусымында Алакөл жағалауында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 40 полиция қызметкері жұмылдырылады. Өрт қауіпсіздігін сақтау мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері кезекшілікке тартылып, өрт сөндіру көліктері жұмыс істейді.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.