Иә, Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВ есеп берудің өзгеше тәсілін ойлап тапқанға ұқсайды. Дәлірек айтқанда, Мұқағали Мақатаев туралы жергілікті басылымдарға жариялаған мақаласында тұп-тура Мақатаевқа арнап триллиондарды тізбектеп «отчет» беріпті.
Алматы облысының баспасөз қызметі өзгеше мақала-есепті Facebook әлеуметтік желісінде де бөлісті.
«Ақын аға қазір тірі жүрсе, абыз ақсақалдай жарқырап ортамызда отырар еді. «Мені қоя тұрыңдаршы, «ақын – халық перзенті қашаннан да», мен – халықтың қызметшісімін. Еңбегімді еселесем де ел алдындағы қарызым мен парызымды өтей алмаймын. Отан қуанышын толғаңдар. Бүгінді келешекке жалғаңдар. Экономика қалай, ұлт қалай, руханият қалай?», – деп бізге сұрақ қояр еді. Ендеше сондай сауалдарға жауап қайтарып көрелік. Ұлы ақынның алдында есеп беру біз үшін әрқашанда зор құрмет», – дейді Амандық Баталов.
Осылайша, ұлы ақынның алдында есеп беруді құрмет санаған Баталов өз мақаласында әуелі өмірдің ұясынан өлеңнің қиясына самғаған (әкім сөзі – ред.) Мақатаев туралы аз-кем толғанады. Яғни, Мұқағалиды іздеуіне Нұрсұлтан Назарбаевтың рухани құндылықтарды жаңа көзқарастармен бағалауға бастама жасағаны себеп болғанын айтады. Әкімнің ойынша, ақын «Мен ХХІ ғасырдың құрдасымын» деген сөзді бекерге айтпаған.
Сонымен бірге, Амандық Баталов жаңалық «ашып», ақынның мансап қуып, марапат іздеуге мұршасы болмағанын да айрықша атап өткен.
«Қайсыбір ағайындар «өлең оқылмайды» дейді. Меніңше, бұл біржақты пікір. Мұқағали жырларын оқыған соң соған көзім анық жетті. Ақын өмірі сан тарау, өте күрделі. Әр сәті қайшылықтарға толы. Сондықтан шығар, тіршілігінде мансап қуып, марапат іздеуге мұршасы болмаған сияқты.»
Бұдан әрі біз ақын туралы әкімнің тосын әдеби ойларынан гөрі есебі түгел есебіне қызыға қарағанымызды жасыра алмаймыз. Есебі түгел деуге тағы да алабөтен себеп бар. Біріншіден дейміз, бұл – сеніңіз-сенбеңіз қаптаған қалың әкім қаперінде болмаған су жаңа практикалық тәжирбе деуге болады. Өлі разы болмай тірі байымайды. «Менің атым – Қожа» филіміндегі «өлгендер сөйлемейді» деген үлкен сөзді сәл ауа жайылта жаңғыртсаңыз, «өлгендер тыңдайды»: Алдында есеп бер.
Екіншіден, бұның, сергек оқырман, сіз ойлап отырғандай саяси астары болуы да әбден мүмкін. Яки, қысқа ғана уақыт ішінде жемқорлықпен жағалай жарға «құлаған» аудан әкімдерін айтпағанда күні кеше-ақ өзі тағайындаған білім басқармасы басшысы қомақты қаржыны жымқырғаны үшін ұсталып отыр. Осыған байланысты әлеуметтік желі мен кейбір сайттарда да Баталовтың орнынан кету мәселесі көтерілді де қызу талқыланды. Түсініктірек айтқанда, жалпыға бірдей мемлекеттік қызмет тәртібі бойынша басқарма басшысының былығына облыс әкімінің тікелей өзі жауап беруі де мүмкін деген сөз. Бұндай жағдайда аймақ басшысын құтқарып қалатын жалғыз функция – тағы халық. Ал 90 жылдық мерейтойы тұтас Қазақстанның назарынан тыс қалмайтын Мұқағали Мақатаевтың «алдында» (рамкыдағы ресми әкімдер есебінен оза шығып – Қ.Қ.) есеп беру – үлкен аудиторияға жапақтап адвакаттық қызмет күтумен бірдей сияқтанады. Бұл да бір жұбына тақау жорамал деңіз.
Ендеше, ақынның тойы аясында жазылған мақалаға тұздық та жүк те болған жұмыр есепті біз де ірікпеуді жөн көрдік.
Ақын алдындағы әкім есебі:
«Соңғы төрт-бес жылдың өзінде ғана көптеген жұмыс жүзеге асты. Тұрғын үйлер қатары сап түзеді. Бірнеше шағынаудан пайда болды. Бикен Римова атындағы облыстық драма театры заманауи ғимаратқа көшті. Жастар сарайы іске қосылды. Оқушылар сарайы көпшілікке есігін айқара ашты. Баспасөз үйі бой көтерді. Күні кеше ғана студенттерге арналған сәулетті жатақханалардың кілтін білімгерлерге табыстадық. Жүзу бассейні де жақында пайдалануға беріледі. Қала өмірінің жарқын мысалдарын осылайша тізіп айтсақ, орнын тапқан мәселелер, орындалған істер аз емес.
Қалалар ғана дамыған жоқ, облыстағы барлық сала өскелең өмір талаптарына сай арнаға түсті. «Болашаққа қазақтың көшін бастап, Жетісуым барады ту ұстаған» секілді жыр жолдарын Мұқағали ағамыз бекерге жазбаған екен. Бұл – ұлы қаламгердің елі мен жеріне арналған зор сенімін көрсетеді.
Жасырып керегі не, жылға созылған коронавирус індетінің зардабы жетісулықтарға біраз қиыншылықтар әкелді. Бірақ осынау өмір сынағы сілкіндірді, шыңдады. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын ынтымаққа ұйыдық. Ақ халатты абзал жандардың ерлігіне сүйсіндік. Жұдырықтай жұмылған жұрт сары алтындай сабырын төзім мен сезімге арқау етті. Қолдан келетін мүмкіндіктерді құр жібермеуге күш салдық.
Соның арқасында 2020 жыл тұшымды табыстармен қорытындыланды. Ішкі өнімнің көлемі 3 трлн.теңгеге жетті. 957,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өнеркәсіп өнімдері 1,2 трлн.теңгені құрады. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көрсеткіші 917,8 млрд.теңгеге жетті. Ет, сүт өндірудің көлемі молайып, азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. 717,7 мың гектар егін жиналды. 1,4 млн.тонна астық қамбаға құйылды. 55 мың тонна қант өндірілді.
Инвестиция көлемі 711 млрд.теңгеге жетті. Жол құрылысы, табиғи газбен, ауыз сумен қамтамасыз ету, халыққа қажетті басқа мәселелер де дұрыс шешімдерін тапты.
Еліміз ұлы Абайдың 175 жылдығына ерекше мән берді. Ол Мұқағалидың мерейтойымен ұштасып отыр. Айтулы екі шараны ұлылық заңдылықтары жалғастырып тұрған сияқты. Биыл да Абай мен Мұқағали үндестіктеріне барынша ден қойсақ деймін.»
Түйін: Не керек, ақынға сүт пен қанттың есебіне дейін қалқып алып жеткізген Амандық Баталов мақала соңында «Еліміз ұлы Абайдың 175 жылдығына ерекше мән берді» дей келіп, былтыр өткен Абайдың 175 жылдығы мен Мұқағалидың 90 жылдығын «ұштастырғысы» келетіндей емеурін де танытады. Тіпті, «үндестіктеріне барынша ден қойсақ деймін» деген ойын да ортаға тастайды. Бұлай болғанда облыс орталығынан ескерткіш тұрыпты, аудандарынан көше аты да бұйырмай, Жетісуда жетім қыздың тойындай өткен Абай тойы енді Мақатаев мерейтойына мінгесіп-ұшқасып «ұштасып» өтетін сияқты ма қалай сіз ше?!
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024