Біздің айтыс өнерімізді Ресейдің үлкен жазушы-сыншысы академик Ф.Кузнецов өте жоғары бағалаған. Ол «Айтыс болу үшін қара да, төре де, би де, кедей мен бай да бәрі тең болу керек. Сіздерге – қазаққа тәуелсіздік жарасады. Өйткені, әлеуметтік әр түрлі сатыда болғанмен де, айтыстың тәуелсіздігі өте жоғары» деген.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек КӨШЕРБАЕВ Алматы облысына сапары барысында айтты, деп хабарлайды «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық сайты.
Сапар аясында Мемлекеттік хатшы Жамбылдың әдеби-мемориалды музейіне ат басын бұрды. Шараға ҚР Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Алматы облысының және Алматы қаласының әкімдері Амандық Баталов пен Бақытжан Сағынтаев қатарлы әкім-қаралар қатысқан.
Осы ретте, Қырымбек Елеуұлы журналистерге өз сапарының мақсаты туралы айтуды да ұмытпады. Яғни, Ақордадан келген арнайы өкіл Президенттің және Елбасының тапсырмасымен келген.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен өткен аптада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған іс-шараларды ұйымдастырып, өткізу үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрылды. Келесі аптада комиссияның бірінші отырысы болады. Ақпанның 28-інде Жамбыл атамыздың туған күні екенін білесіздер. Соның қарсаңында 26 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласында және Қазақстанның барлық елді мекендерінде, сондай-ақ, шетелдерде ақын ескерткішіне, бюстерге гүл шоқтары қойылып, әр түрлі іс-шара өткізіледі. Президенттің, Елбасының тапсырмасымен бүгін осында Алматы облысының және қаласының басшылығы, Мәдениет министрлігі, Жазушылар Одағы бар, бәріміз келіп, Жамбыл атамыздың басына тәу етіп, ниетімізді білдіріп, іс-шаралардың алғашқы қадамын жасап отырмыз», – дейді Мемлекеттік хатшы.
Сонымен бірге, Көшербаев айтыс өнері туралы да аз-кем тоқталып, Жамбыл Жабаев айтыс өнерінің шыңында тұрғанын айтады.
«Біз өткен жылы хәкім Абайдың 175 жылдығын атап өттік. Бұл кісілер бір дәуірде, бір заманда өмір сүрген адамдар. Хәкім Абай қазақтың жазу әдебиетін қалыптастыруда үлкен рухани мұра қалдырса, Жамбыл – эпикалық ақын, импровизатор ақын. Біздің айтыс өнерімізді Ресейдің үлкен жазушы-сыншысы академик Ф.Кузнецов өте жоғары бағалаған. Ол «Айтыс болу үшін қара да, төре де, би де, кедей мен бай да бәрі тең болу керек. Сіздерге – қазаққа тәуелсіздік жарасады. Өйткені, әлеуметтік әр түрлі сатыда болғанмен де, айтыстың тәуелсіздігі өте жоғары» деген. Мұндайдан сөз қадіріне деген үлкен құрметті байқаймыз. Жамбыл айтыс өнерінің шыңында тұр. Оған өнердегі ұстазы Сүйінбай бабамыздың ықпалы зор. Сондықтан, осы үлкен рухани дәстүрді жалғастыруымыз керек. Біз 21-ші ғасырдың әр түрлі шақыруларына лайықты жауап беру үшін ұлттық құндылықтарымызды сақтауға тиіспіз. Осы орайда біздің Рухани жаңғырудағы ең бірінші еске түсетін тұлғаларымыздың бірі Абай мен Жамбыл. Ұлтқа қызмет еткен осы қос алыптың рухына тағзым етіп, басымызды иеміз. Ниетіміз қабыл болсын», – деді Қырымбек Елеуұлы.
Айта кетейік, Жамбылдың әдеби-мемориалды музейін Мемлекеттік хатшыға музей меңгерушісі – ақынның ұрпағы Салтанат Жамбылова таныстырған. Тарихи нысан 1947 жылы пайдалануға берілген. Оған кейін бірнеше рет күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Соның нәтижесінде 1996 жылы конференция залы қосылған. Музейдің ішкі көлемі 1200 шаршы метр. 13 адам қызмет ететін нысанда 3208 экспонат бар.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024