Кеше Алматы облысы Қарасай ауданына қарасты Шамалған станциясында пойыз бен автобус соғысып, бір адам қаза болып, үш адам зардап шегіп аурухана түсті. Жарақат алған үш адамның екеуі 3-5 жастағы бала. Екеуі де ауыр халде. Кеше түнде оқиға орнына станция тұрғындары жиналып, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың келуін талап етті. Облыс әкімінің орнына аудан әкімі Жандарбек Далабаев (суретте) келіп, жұртпен сөйлесті.
Жан-жағын полиция қоршап тұрған аудан әкімі қолына дауыс зорайтқыш ұстап жұртпен тілдесті. Халық «көпір, көпір» деп айқайлағанмен әкім «Бұл жердегі жағдайды мемлекет басшысы да, облыс әкімі де біліп отыр. Жүргіншілер үшін көпір болады. Ал аспалы көпір салып берем деп айта алмаймын. Оны бірігіп шешейік. Ал қазір тарқайық. Түнімен тұрсаңдар да көпір болмайды» деді. Егер жағдайды мемлекет басшысы Қ.Тоқаев, облыс әкімі А.Баталов біліп отырса, бұған дейін неге халықтың зарына құлақ аспаған? Көпір неге салмаған? Мұндай сауалдың тууы заңды. Аудан әкімі «аспалы көпір салып бере алмаймын» депті. Сонда биліктің халық сеніміне кіргісі келетіні қайда қалады? Әй, бірақ билік пен қоғам арасындағы диалогтың қажеттілігін Далабаев қайдан білсін… Ауданның қамын ойласа, Далабаев Шамалғандағы көпір мәселесін президент пен облыс әкіміне «біліп отыр» демей-ақ өзі-ақ жасар еді. Алайда, Амандық Баталовтың кадры – Далабаевтың қолынан ол іс осы уақытқа дейін келмеді. Далабаев айтқандай, Шамалғандағы жағдайдан хабардар облыс әкімі Амандық Баталовтың да жұртқа жаны ашымаған ба? Сонда Амандық Баталов Шамалғанға адам өтетін аспалы көпір, көлік өтетін өткел салу үшін міндетті түрде адам өлімі болып, бүкіл халық шулауы керек пе? Осыны түсіну қиын. Мақтаған әкім мұндай болғанда мақталмайтын әкімдерден не қайыр?!
Айтпақшы, оқиға орнына Алматы облысының әкімі әлі келген жоқ. Мәслихат депутаттары да төбе көрсетпеген.
Шамалғандағы теміржолдағы апат бір бұл емес. Тұрғындар бірнеше жылдан бері жергілікті биліктен теміржолға адам және көлік өтетін көпір салуды сұрап келеді. Бірақ билік халықтың зарына құлақ асқан емес. Соның салдарынан жыл сайын теміржол бойында адам өлімі болады.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024