18-01-21 |
550 рет қаралған
Талдықорғандық мүгедек Ананың жанайқайын кім естиді?.
Талдықорғандық мүгедек Ананың жанайқайын кім естиді?

Алматы облысының қақ төрі – Талдықорған қаласындағы жағдай бұл.  Құлағалы тұрған үйдің адам өміріне қауіпті екені сотпен дәлелденсе де тұрғындар  тұруға мәжбүр мұнда. Тіпті, бірінші топтағы мүгедек Ана да үрейін уыстап осы баспанаға бас паналатып отыр.

Жасы 73-ке келген Ананың айтуынша, қазіргі жағдайы да мәз емес көрінеді. Жүрекке операция жасалып, арнайы аппарат көмегімен ғана өмірін сақтап отыр.

 «Өзім де, қызым да бірінші топтағы мүгедекпіз. Үйдің іргесі 1958 жылы қаланған. Бүгінгі күні үй құлауға жақын тұр. Қаланың қақ ортасында тұрған бұл үйді арнайы комиссия тексеріп, «апатты» деп есептеген. Сонымен бірге қалалық соттың да арнайы шешімі шығарылған» , – дейді  Талдықорған қаласы Шевченко көшесіндегі №133 үй тұрғыны Цай Лидия Петровна.

Лидия Петровнаның жанына ең бататыны да операция арқылы жасалған тігістің орыны шіріп бастаған.

«Мұндай аппаратпен ұзақ жүре алмайсың. Менің осы үніме биліктегілер құлақ түрсе деймін. Ендігі қалған аз өмірімді жарық та жылы жерде өткізіп, адамша өмір сүргім келеді», – дейді кеюана.

Сенсеңіз, «Талды-Париж» атануға әуестенген қаладағы екі қабатты үйде көмір жағуға мәжбүр. Каркастан салынған үйге «өртке қауіпті» деп газ да тартылмаған. Сосын да есік-терезесін қолына ілінген жылы дүниесімен қымтап отыру әдетке айналған.

Көктоң ғимаратта көп ғұмыры өткен талдықорғандық тұрғын әкімдіктегілерге апатты үйдің жағдайын айтып бір, күн сайын нашарлап бара жатқан денсаулығын айтып екі «жексұрын» болған. Үйі мен  Талдықорған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесі арасын әбден тоздырған Ана осыған дейін қала әкімі Ғалымжан Әбдірайымов те уәде бергенін, Алайда мәселенің әлі созбұйдадан аспай тұрғанын  айтады.

«Адамгершілік танытып, менің жайыма құлақ түріңіздерші. Қазіргі жағдайым күрт төмендеп барады. Денедегі тігістің орны қабынып, шіруде. Егер, бұл ішкі ағзаларға жайылып кетсе, хәлім не боларын, кім білсін?! Сондықтан, мүгедетігімді ескере отырып тездетіп шаруамды шешіп берсе деймін. Әрине, менің мәселемнен бөлек бұл үйде көмекке мұқтаж тағы 8 пәтердің тұрғыны бар. Олардың құжаттары да қалалық ТКШ-да жатыр. Бірақ, менің құжаттарым денсаулығыма орай қалалық сотқа жолданды. Екі рет сот өтіп, екеуінде де маған мемлекеттен пәтер немесе тұрғын үй массивінен баспана беру туралы шешім шығарды. Бірақ, мен тұрғын үй коммуналдық шаруашылығындағыларға тұрғын үй массивіндегі үйге бара алмайтынымды айттым. Себебі, мына түріммен маған тұрақты температурадағы үй қажет», – дейді ол.

P.S. Аталған мәселеге орай «Arasha.kz» ақпараттық-құқықтық сайты екінші тарап – Талдықорған қаласы әкімдігінің де ресми жауабын беруге дайын. 

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.