12 наурызда Қарағандыда қоғамдық тыңдау өтпек. Мәселе біреу – қаладағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейхан есімін беру. Бұл өзі ұзақ жылдан бері көтеріліп келе жатқан дүние. Қарағанды жұрты аудан атын Әлихан Нұрмұхамедұлының атына беруді қашаннан айтып келеді. Халық дайын. Ал билік (жергілікті, орталық) мұндай ұлттық иедологиялық, ұлттық қауіпсіздік, қоғамды тұтастыруда маңызды мәселеге 30 жыл бойы немкетті қарап келді. Неге немкетті қарады? Ол ұзақ хикая.
Биыл – Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы. Өткенде президент Тоқаев Ә.Бөкейханның туған күні қарсаңында сөз айтты. «Ол – халқымыздың біртуар перзенті, Алаш қозғалысының негізін қалаушы. ХХ ғасыр басында Әлихан бастаған қазақ зиялылары ұлттық мүдде жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетшілдіктің озық үлгісін көрсетті», – деді. Біздің ше, президенттің бұл сөзі бекер айтылмаған. Ендігі жерде билікте мемлекетшілдігін көрсетпек ниетте. Орайлы сәтте. Алаш қайраткерлеріндей озық үлгіде болмса да. Яғни. Қарағанды қаласындағы аудан атын Ә.Бөкейхан атына беру мәселесі жоғарғы жақта қабылданып қойған шешім болса керек. Енді тек сол шешімді қоғамдық тыңдау арқылы бекіту ғана қалып тұр.
Бірақ бір ауданның аты өзгергенімен Қарағанды облысындағы ономастика мәселесі шешіліп, Тәуелсіздік (тәуелсіздіктің бір көрінісі – аймақ, ауыл-аудан, көше атауларының байырғы атауына оралуы) аймақта толық орнайды деуге келмейді. Қарағанды облысын мен деген қанша әкім басқарса да ономастика мәселесін шеше алмады. Қазіргі әкім Жеңіс Қасымбектің тұсында Ленин көшесі Абай атына берілді. Хакімнің 175 жылдығының орайында. Енді қараңыз, облыстың бір ғана ауданының 10 (!) ауылының аты әлі күнге орысша.
Қарағанды облысына қарайтын Осакаров деп аталатын аудан бар. Астана мен Қарағанды қаласының ортасында жатыр. Осы ауданның атын ауыстыру жөнінде бірнеше мәрте түрлі бастамалар, ұсыныстар айтылғанымен бәрі аяқсыз қалды. Аймақ басшылары кімнен, неден жасқанатыны белгісіз. Міне, сол аты ауыспаған Осакаров ауданына қарасты он ауылдың аты әлі күнге өзгермеген. Қараңыз:
1. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Озерный ауылдық округi
2. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Николаев ауылдық округi
3. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Пионер ауылдық округі
4. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Мирный ауылдық округi
5. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Молодежный кенті
6. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Садовый ауылдық округі
7. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Трудовой ауылдық округi
8. Қарағанды облысы Осакаров ауданының Осакаровка кенті
9. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Звездный ауылдық округi
10. Қарағанды облысы Осакаров ауданы Родников ауылдық округі
Ал енді осы он ауылдың атын ауыстыру үшін кімдердің мерейтойын күтуіміз керек? Қарағанды облысының әкімі кімге, неге қарайлап отыр? Сылтау көп. Соның бірі – ауыл, аудан атын өзгерту көп қаржы талап етеді. Бірақ мұндай мемлекеттік маңызы бар мәселеден аяған ақшаның ақыры неге апарады? Мұны аймақтың идеологтары ойлайды дегенге күмән бар. Жарайды, ойламасын, бірақ аудан жұрты, ауыл халқы да бас көтеріп, бастама айтуға қақылы.
Қалай болғанда да Қарағандыда ономастика тәуелсіздігі әлі толық орнаған жоқ. Ал Тәуелсіздікке отыз толды.
Айтпақшы, Алаш дегенде қабырғасы қайысып, етегі жасқа толатын қайраткерлер мен мәртебелі депутаттар осындай мәселелерді табандап көтерсе дейсің. Әй бірақ Алашшыл болу онлайн форматқа көшіп кеткенге ұқсайды…
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024