21-06-23 |
3210 рет қаралған
Әкім сайлауы – азаматтық сыналатын сәт.
Әкім сайлауы – азаматтық сыналатын сәт

Елімізде биыл 45 аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің тікелей сайлауы өтпек.

Қазір республика аумағында 190-ға аудан бар десек, пилоттық жоба аясында олардың 25 пайызындағы әкімдер қызметке халықтың қалауымен келеді. Ал 2025 жылдан бастап еліміздегі барлық ауданының әкімдері сайланады. Мұны ауқымды саяси реформалар аясында билік институттарын одан әрі жетілдірудің жолы деп қарастыруға болады.

Биылғы наурыз айындағы Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау жыл соңына дейін өтетінін мәлімдеді.

Биыл алғаш рет 45 аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Содан кейін еліміздегі барлық аудан әкімін сайлайтын боламыз. Осылайша, биліктің барлық институты жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Шынында қазір азаматтар тарапынан жергілікті атқарушы орган жұмысына наразылық көп. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген әлеуметтік сауалнамада қазақстандықтардың ауыл, аудан, облыс және республикалық маңызға ие қала әкімдеріне сенім арту көрсеткіші бар болғаны 57-58 пайыз деп көрсетілген. Осы орайда азаматтардың бұл органдарға сенімін нығайта түсудің бір қадамы ретінде жергілікті әкімдерді сайлау тетігін қарастыруға болады. Өйткені, бұған дейінгі ережеге сай әкімдер өзінен жоғары тұрған лауазым иесінің пәрменімен тағайындалып келді. Есесіне оларға азаматтардың наразылығы көп болды. Ендігі кезекте әкімдерді сайлау жергілікті тұрғындардың өзіне жүктеледі.

Елімізде 2021 жылдан бастап ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі қолданылып келеді. 2021 жылғы 25 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Содан кейінгі 1 жыл ішінде 1093 ауылдың тұрғыны өз таңдауын жасап, әкімдерін сайлап алған екен. Осылайша елдегі ауыл әкімдерінің корпусы 55,6 пайызға жаңарыпты. 600-ден астам ауыл әкімі қызметке жаңадан келген. Жыл соңына дәл осындай жүйемен 1480 ауыл әкімі сайланбақ.

Айта кетерлігі өткен жылғы жалпыхалықтық референдумнан кейін облыс әкімдерінің кандидатурасына жанама дауыс беру тетігі іске бастағанын аңғарып отырмыз. Яғни Президент жергілікті мәслихат депутаттарының қарауына облыс әкімдігіне кандидаттарды ұсынады. Мәслихат депутаттары олардың арасындағы лайықты кандидатқа дауыс беру арқылы өз таңдауын жасайды.

Ал аудан және облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын ұйымдастыруға жауапты Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауын­ша

аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлау науқанын өткізу мерзімі 60 күнді құрайды. Сайланатын әкімдер бұл мандатқа 4 жыл ие болады. Сондай-ақ олардың қатарынан екі реттен артық аудан әкімі болып сайлану құқығы шектеледі. Өз міндетін тиісті деңгейде атқармаған жағдайда мәслихат депутаттарының 20 пайызының бастамасымен әкім қызметінен алынуы мүмкін.

Шындап келген жергілікті әкімдерді сайлау құқығының берілуі аймақтардағы саяси бәсекелестікті дамытуға және бұл процестерге азаматтарды көптеп тартуға мүмкіндік береді.

Саясаттанушы Қазыбек Майгелдиновтің пікірінше, қазір ауыл әкімдерінің сайлауына кандидат ұсынуда саяси партиялардың белсенділігі байқалмайды. Өз кезегінде бұл фактор партияның жергілікті жердегі беделіне кері әсер етуі мүмкін.

Соңғы 2 жылдан бері ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүріп жатыр. Әйтсе де жергілікті өзін-өзі басқару органына кандидат ұсынуда, кейбір қызметке лайықтылар қоюға тырысуда партиялардың белсенділігі байқалмайды. Керісінше партиялар өздерінің лайықты мүшелерін ауыл әкімі етуге тырысуы керек еді. Партия ішіндегі лайықты кандидаттарды ауылдағы, аудандағы, облыстағы әкімдіктен бөлекте жауапты қызметтерге қоюға талас-тартысты да көре алмай отырмыз. Былай алып қарасаңыз, бұл да жаңа бәсекенің бәсекенің бір жолы. Егер партиялар жергілікті жерде қызу саяси бәсекелес орта қалыптастыра алса, ертең олар Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы кезінде қинала қоймайды. Ал біз қазіргі жағдай партиялардың тек Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы жақындаған кезде қимылдай бастағанын байқаймыз, – дейді саясаттанушы.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан халықпен тікелей жұмыс істейтін және байланыс орнататын негізгі буын ретінде аудан әкімдерін сайлауға сақтықпен қарау керектігін айтады.

Аудан әкімдерінің жұмысы мүлдем бөлек. Сондықтан олар­ды сайлау мәселесіне өте үлкен сақтықпен қарағанымыз жөн. Мысалы, ауыл әкімдерін сайлаған кездегі жағдай қалай еді? Жалпы, саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдай қандай еді? Қазір қандай жағдайда? Осының да ескерілгені жөн, – дейді Абзал Құспан.

Сөз жоқ аудан әкімдерінің тікелей сайлауы еліміздің саяси өміріндегі айтулы жаңалық болғалы тұр. Дегенмен халық бұл сайлауда жершілдік, рушылдыққа бұра тартпай әділ шешім шығарып, ел дамуы үшін еңбек етуге дайын кандидатты таңдай алса ұтары көп болмақ. Президент пәрменімен жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалардың түпкі мәні де азаматтарды ел басқару ісіне көптеп тарту екені анық.

Arasha.kz

ФОТО: syrboyi.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.