Астанада биылғы Құрбан айт мейрамын өткізуге байланысты арнайы орындар анықталды. Бұл туралы қалалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Дін істері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сұлтанбейбарыс Басыр мәлімдеді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) мәліметіне сәйкес, 6 маусым күні таңғы сағат 6:00-де елорданың барлық мешітінде айт намазы оқылады.
Құрбан шалу рәсімі арнайы бөлінген орындарда 8:00-ден 18:00-ге дейін жүргізіледі. 2025 жылы аудан әкімдіктерінің ұсынысы бойынша төмендегі 5 орын белгіленді:
Байқоңыр ауданы:
- «Жайлау» базары – Алаш тасжолы, Ц-313 көшесі
- «Big Шанхай» базары – Алаш тасжолы, 34/6 (Көк базардың артында)
- «Баракат» базары – А-369 көшесі, №10
- «Шәушен» шаруа қожалығы – Алаш тасжолы, 136Б
Алматы ауданы:
- «Ет-Хан» ет цехы – Теміржолшылар тұрғын алабы, Ақжар көшесі, 20
Астана қаласы әкімдігі ҚМДБ-ның қалалық өкілдігімен және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп Құрбан айтқа дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Мереке күндері тұрғындарға құрбандық шалу тәртібі мен басқа да өзекті мәселелер бойынша кеңес беру үшін тәулік бойы «109» call-орталығы жұмыс істейді.