Маңғыстау облысында су құбырын салуға бөлінген бюджет қаржысын жымқырғаны үшін екі шенеунік пен кәсіпкер ұсталды. Бұл туралы саясаттанушы Ербол Еділов өзінің Telegram-арнасында хабарлады.
«Маңғыстау облыстық экономикалық тергеу департаменті облыстық құрылыс басқармасының басшысы Шабай Тәжіғараевты, Бейнеу аудандық құрылыс бөлімінің жетекшісі С.Х. Бисеновты және мердігерлік компанияның директоры Б.К.Саралтаевты ұстады», – деп жазды Еділов.
Айтуынша, ұсталғандар Бейнеу ауданындағы Саға кентінің халқын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін бюджеттен бөлінген 200 миллион теңгені жымқырғаны үшін айыпталып отыр. Ауылда 1 500 адам тұрады.
Су құбырының құрылысы 2017 жылы басталған. Алайда ауыл халқы әлі күнге дейін автоцистернамен жеткізілетін техникалық суды пайдаланып жүр.