Ұлттық дәстүрді ұлықтаудың, ұлттық киімді қастерлеудің үлгісі дегенде ең алдымен Маңғыстау өңірінің еске түсетіні рас. Киелі өлкенің тұрғындары қазақы салтты тек атаулы күндері ғана еске алатындар қатарынан емес. Салтанатты шаралар мен той-думандарды былай қойғанда, күнделікті үй тірлігіне де қазақы нақыштағы киім үлгілерін арнайы тіктіретін маңғыстаулықтардың ұлттық киімге адалдығы сүйсіндіреді. Сұраныс пен талап көп болғандықтан шығар, Қазақстандағы ұлттық киім үлгілерін ұсынатын отандық дизайнерлердің көпшілігі осы Маңғыстауда кәсібін жандандырып отыр. Осындай ерекше өлкенің ұлыстың ұлы күні Наурыз қарсаңында «ең көп ұлттық киім киген адамдар қатысқан жиын» номинациясы бойынша Гиннестің рекордтар кітабына кіруге өтініш беруі заңдылық болса керек.
Жалпы, еліміздің түкпір-түкпірінде Наурыз мерекесі жылдан-жылға жаңа қарқынмен, ерекше екпінмен атап өтілуде. Амал мерекесімен Наурызды бастап кететін Маңғыстау облысы да биылғы мерекені бұрынғыдай бөлек өткізуді мақсат етті. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың айтуынша, Гиннестің рекордтар кітабына ұсыныс жазған кезде тұрғындар тарапынан түскен пікір, тілектер жан-жақты ескерілген. Осылайша халық ұлттық киіммен бір ортаға жиналу арқылы қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, аймақтың бет-бейнесін әлемге танытуды көздеген.
Көпшілік ақылдаса келе ұлттық нақышта киініп, алаңға жиналу күні 22 наурыз болып бекітілді. Тұрғындардың тілегі бір болған соң, Гиннеске ену туралы өтініш дайындалып, бақылаушыларға жолданды. Бұл тарихи оқиғаның ұлтымыздың мәдени мұрасын халықаралық деңгейде танытудағы маңызы зор.
Шараға қатысудың шарты да алдын ала айқындалды. Соған сәйкес мегафестивальға тек 16 жастан асқан азаматтардың ғана қатысуына рұқсат берілді. Хабарламаны естіп, рекордты жаңғыртуға үлес қосқысы келгендердің ұлттық киім үлгісін киіп келуі міндетті болды. Сонымен бірге нақты жарна бекітіліп, қатысушылардың 362 теңге көлемінде төлем төлеуі талап етілді. Маңғыстау өңірінің тарихынан хабары бар азаматттар 362 теңгенің де ойдан шығарылған, жай сан еместігін түсінсе керек. Себебі, маңғаз Маңғыстаудың аты 362 әулиесімен тарихқа енген. Осы бір айрықша санды даралау үшін де жарна мөлшері 362 боп бекітілді. Бұдан бөлек мегафестивальге қатысу үшін Kazakh Record сайтында тіркелу де сұралды. Бұл рекордқа қатысушылардың санын алдын ала болжау үшін қажет болатын.
Бастамаға шақырған, мегафестивальге шақырған хабарлама бүкіл республикаға тарады. Ұйымдастырушылар бұл фестивальдың қазақтың ұлттық киімін, оның бай мәдениетін және тарихи мұрасын насихаттауды көздейтінін атап өтті. Сонымен қатар, ұлттық киімдердің тарихын, жасалу әдісін, көне киімдердің ерекшелігін баяндайтын азаматтарға сөз берілетіні баяндалды. Себебі бұл бастаманы қолға алудағы басты мақсат тек әлемдік рекордқа ену ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың патриоттық рухын ояту, қазақи салт-дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуге бағытталған болатын.
Рекорд орнату рәсімі Каспий теңізінің жағалауында өткенін айта кеткеніміз орынды. Санақ әділ әрі сапалы жүргізілу үшін тіркеуден өткен қатысушылардың арнайы жасақталған алаңға жиналуы қарастырылды. Осы бір тарихи сәтті көзбен көрудің өзі қазақстандықтарға ерекше рух сыйлағаны сөзсіз. Мұндағы халықтың киген киімінің өзі ұлттың сәні мен салтанатынан хабар бергендей еді. Қыз-келіншектер киген сәйкеле, бөрік, жаулық, желек, күндік, қарқараларының тігілу әдісі, асыл тастармен безендірілуі бас киімге қаншалықты мән берілетінін аңғартатындай. Ал қос етек көйлектерге көрік берген шапан, желбегей, камзол, бешпенттердің тігілген лағыл матасы, өңіріндегі оюлары, қадалған бағалы тастары бірінен-бірі өтіп көздің жауын алады. Сол ұлттық киіммен жүргенін мақтаныш тұтып, алаңға сән берген жергілікті халықтың отаншылдығы, тарихы мен танымына деген сүйіспеншілігі, болмыс-бітіміне деген мақтанышы өзінше ерен. Оны осы дүбірлі ортаға жиналған жас-кәрінің бәрінің отты жанарынан, мейірбан жүзінен оқығандай боласың.
Қазақтың ұлттық киімдерін насихаттауға, әлемге танытуға бағытталған бұл бастаманы отбасымызбен қуана қабылдадық. Осы күнді тағатсыздана тосып, бүгін барлық ұл-қыз, келін, күйеу баламызбен он бір адам болып жиынға келіп отырмыз. Есепке кірмегенмен, шалғайымызға оралып жүрген немере-жиендеріміз де осы дүрмектің арасында жүр. Бүгінгідей шараны көзімен көріп өскен олардың да күні ертең елін, жерін қадірлейтін ұлан болатыны талассыз, — дейді ақтаулық Баратбек Өтеулиев.
Бірлігі мен ынтымағы жасарқан берекелі елдің бастамасы Ұлыбританиядан келген Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілдеріне де оң әсер еткені анық. Бірнеше сағатқа созылған санау кезінде шетелдік қонақтар халықтың ынтасына, киген көркем киімдеріне, бір-біріне жанашырлығы мен ілтипатына ризашылықпен қарады. Осылайша санақты бітірген соң, қойылған талаптардың толық орындалғанын растап, Қазақстанның жаңа әлемдік рекорд иесі атанғанын дәлелдейтін арнайы сертификатты көпшіліктің көзінше облыс әкімінің қолына табысталды. Міне, бұл Маңғыстау халқының ұлттық киім киген 5000 адамды бір алаңға бір мезетте жинай алатынының тарихи дәлелі. Осы бірлігінің арқасында отандастарымыз Гиннестің рекордтар кітабының жаңа парағына жазылды.
Гиннесс рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард Стэннинг алаңға жиналған азаматтар алдында сөз сөйлеп, тамаша нәтижеге қол жеткізген қазақ халқын құттықтады. «Бүгінгі шараға қатыса отырып біз қазақ елінің салт-дәстүрге берік екеніне, рухты, талғамы жоғары халық екеніне куә болдық. Мегафестиваль да өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған екен» деді өз сөзінде Лондоннан келген мәртебелі мейман.
Сондай-ақ жиында сөз алған Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Бірігіп көтерген жүк жеңіл» екенін айта келе, ерекше бастаманы қолдап, ерекше нәтижеге қол жеткізген өңір халқына ризашылығын білдірді. Мұндай қадам Наурыз мерекесін мағыналы етіп өткізу туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысына сай қолға алынғанын айта келе, ұлық мереке ұлттың барын бүтіндеп, жоғын түгендеуге қызмет етіп отырғанын алға тартты.- Бұл барша қазақтың жеңісі. Бәріміз ұлыстың ұлы күнінде тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Бүгінгі ұлттық киімдерді ұлықтау арқылы біз қазақ халқының терең тарихы мен бай мәдени мұрасын, ұлттық дәстүрін жер жаһанға паш еттік. Маңғаз Маңғыстауымызда қазақтың ұлттық киімінен әлемдік рекорд орнады. Осынау зор жетістікпен барша отандастарымызды құттықтаймын!- деді облыс әкімі.