22-11-21 |
1270 рет қаралған
Ноғаевтың «астамсып сөйлеп, аспансып тұрғаны» депутатты тіксіндірді.
Ноғаевтың «астамсып сөйлеп, аспансып тұрғаны» депутатты тіксіндірді

Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты Шәріп Ақжігітов Маңғыстау облсының әкімі Нұрлан Ноғаевтың «мәслихат депутаттарына астамсып сөйлеп, аспансып тұрғаны тіксіндірді» деп жазды.

20 қарашада Нұрлан Ноғаев Жаңаөзен қаласына жұмыс сапарымен барған. Ол қала активімен кездесіп, қала аумағын дамыту бойынша ұсыныс-пікірлерін тыңдаған. Осы кездесуден кейін депутат Шәріп Ақжігітов «жаңа әкіммен мазмұнды диалог болған жоқ» деп жазды.

«Бүгін Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевпен «Мұнайшы» мәдениет үйінде кездестік. Ел аманатын арқалаған депутат болғандықтан халықты мазалаған 6 сұрағымды қойдым. Көтерген мәселемді кеше парақшамда да жариялаған едім. Асқар Ноғаев, Орынбасар Сейдов секілді әріптестерім де ел көкейіндегі сауалдарын берді.

Алайда, жаңа әкіммен мазмұнды диалог болған жоқ. Сұрақтарымызға тұщымды жауап ала алмадық. Бір сұрақты сиырқұйымшақтандырды, бір сұрақты қайта өзімізге сілтеді. Сөз сөйлеу мәнерімізді мінеп, келеке-мазақтың маңайында жауап қайырғандай да болды.
Мемлекеттік биліктің маңызды бір органы болып саналатын халықтың өкілдері – мәслихат депутаттарына астамсып сөйлеп, аспансып тұрғаны тіксіндірді.
Мен қарапайым жұмысшымын. Депутаттық мандатты мансаптың баспалдағы қылу туралы ниетім жоқ. Елдің сөзін сөйлеп, аз да болса халықтың пайдасына жараудан өзге мақсат та жоқ.
Ел тілегін жеткізгіміз келген әрекетіміздің қайраңда қалған қайықтай болып қалғаны ойландырады. Облыстың бас шенеунігі бүйткенде, мұны көріп отырған қалың нөкері депутатты сыйлай ма?
Айтар сөз көп еді. Бірақ, өзімді сабырға шақырып, қала активі жиылған жиында сөзді үдете беруді жөн көрмедім.
Кеудеде кездесуден қалған ешқандай жылы сезім жоқ. Шынымды айтсам, енді ол кісіден үміттеніп те отырған жоқпын.
Ноғаевтың депутаттарға деген мұндай қатынасы Маңғыстаудың мәселесін шеше қоймас. Біз де «бірдеңе» деді екен деп ел алдындағы аманатымызға қиянат жасай қоймаспыз. Машайық шалдар жатқан Маңғыстау мінезге басқартпайды. Ал мандат па? Мейлі…», – деп жазады депутат.
Ноғаев 7 қыркүйекте Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалған. Оған дейін энергетика министрі болған.
БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.