Бұған дейін Қостанайға қарай оңтүстік өңірден көш қозғалғанын жазғанбыз. Оның бірден жаппай сипат алуы оңай емес, әрине. Алайда қазірдің өзінде осында 30 отбасы ат басын тіреді. Бұлар негізінен облысымыздың оңтүстік өңірі болып саналатын Әулиекөл және Жітіқара секілді аудандарына орналастырылды. Ал Қарабалық, Федоров тәрізді солтүстік тұстары әзірге игерілмей жатыр. Дегенмен мұнда да игі өзгерістің нышаны байқалады.
Өткен жылдың соңына таман тұрғындары түгелге дерлік басқа ұлттар құрайтын Федоров ауданының Костряков атты шаруашылығына шырайлы Шымкент қаласынан бір жас отбасы көшіп келді. Бұл сапарға Қайрат Оразов пен Жұлдыз Сейдулла атты тепсе темір үзетін жастағы жас жұбайлар тәуекел етіпті. Олар Шымкенттен шығарда қазан айында күн отыз градус ыстық болса, мұнда оларды қыстың қара суығы мен бораны қарсы алды.
– Біздің жақта қыс болмайды ғой. Суығы ары кетсе, мына қазіргі сіздердегідей, тек ылғалы басым. Сондықтан суықтау көрінеді. Ал бұл жақта қыс түскенде 30 градус аязға дейін баратын көрінеді. Алайда біз оған сақадай-сай дайынбыз. Әзірлігіміз ойдағыдай, – дейді Қайрат сенімді түрде.
Мінекей солтүстікке қарай көшуге бел буған азаматтың қандай да қиындыққа тас түйін дайындығы бізді де тәнті етті.
Қайрат пен Жұлдыз Толғанай мен Алтынай атты егіз қыз баланы тәрбиелеп, өсіріп отыр. Шымкентте олар ата-аналарының қолында тұрыпты. Тұрақты жұмыс табыла қоймаған. Пәтер мәселесі де шешілуі де екіталай дүниеге айналған. Сосын осы жаққа бет алуға бел буыпты. Мұндағы тұрмыс жағдайларына риза. Алған үйлері орталық жылу жүйесіне қосылған. Жұлдыз мұнда фелдьшер болып орналасты. Тұрғындар да риза. Бұрынғы маман осыдан бір жыл бұрын өзге жаққа кетіп қалып, тұрғындар оған зарығып отырған-ды. Қайрат болса осындағы жауапкершілігі шектеулі серіктестікке жүргізуші болып қабылданды. Қыздары осындағы бала-бақша қабылдаған.
Федоров ауданына көшіп келген осы жалғыз отбасы алдағы тіршілікке мұқият дайындалуда. Енді сиыр сатып алып, жеке шаруашылығын да дөңгелетпек. Амандық болса, көшіміз де молайып, Қайраттардың да қатары көбеймек. Өйткені биылғы жылдан бастап, бес жыл ішінде облысымызға 10 мың отбасы қоныс аударатын болады. Қостанайды бетке алып, көшіңді түзе, қазақ баласы!
Жайберген Болатов
Abai.kz
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024