Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев наурыз айындағы Жолдауында жаңадан үш облыстың (Абай, Ұлытау, Жетісу) құрылатындығы жөнінде мәлімдегені аталған аймақтардың тұрғындарына ерекше қуаныш сыйлап, ертеңгі күнге үмітін оятқаны белгілі. Соның ішінде Абай облысын ашуға басты себеп – Семей қаласының ішкі инфрақұрылымы сын көтермейтін жағдайға жетіп, ішкі ахуалы тозып кеткендігінен туындағанын да атап өтті.
Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған, – деді Қ. Тоқаев.
Президенттің бұл мәлімдемесі сөзсіз шындық және жағдайды білгендіктен айтқаны түсінікті еді.
Алайда, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мемлекет басшысының ұсынысын «ұлы тарихи оқиға» ретінде бағалағанымен, Семей қаласы және оған қарасты ауылдардың ахуалын оңалтуда атқарған істерін атап өтуі президенттің жоғарыда айтқан сөзіне кереғар шықты.
Даниал Кенжетайұлының облыстық мәслихаттың кезектен тыс өткен сессиясында айтқан сөзіне сенсек, Семей өңіріне осы жылдар ішінде шамамен 354 млрд теңге инвестиция салынған екен.
«Жылумен, сумен қамту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуда жылдар бойы мәселелері қордаланған Семей қаласы бүгінде танымастай өзгерді. Оған мысал ретінде әуежайды қайта жаңарту, орасан зор мәдени және әлеуметтік маңызы бар нысандар салу, бүтіндей жаңа тұрғын аудандарды тұрғызу, автожолдарды кеңейту және тағы басқаларды айтуға болады.
Бүгінде еліміздің рухани және тарихи орталығы – Семей қаласы болашаққа нық сеніммен қарайтын прогрессивті, индустриялық дамыған өңір болып қалыптасты. Бұған жету үшін жиырма жылдан астам уақыт бойы үлкен жұмыстар жүзеге асырылды, – деді Даниал Ахметов.
Өңір басшысының бұл пікірі семейліктер тарапынан сынға ұшырап, әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Басым көпшілігі Даниал Кенжетайұлының сөзі шындыққа жанаспайтындығын, қаланың бүгінгі көрінісі керісінше мағынада «танымастай өзгергенін» айтады.
«Онсыз да шұрық-тесік жолдар одан сайын тоза түскен, үйлер мен аулаларының күтімі жоқ. Келбеті күйі кеткен кемпірдікіндей. Ия, танымастай өзгергені рас» деп мысқылдады осы қаланың тумасы, журналист Бақыт Топтаева.
Сонымен қатар қаланың ішкі тазалығына жауапты қызметінің сын көтермейтіндігі, шет аймақтарының проблемалары әлі шешілмегендігі де тілге тиек болған жайы бар. Ал, облыс әкімінің Семейдің индустриялық дамыған өңір болып қалыптасуы үшін «жиырма жылдан астам уақыт бойы үлкен жұмыстар жүзеге асырылды» дегені тіптен, таңғаларлық. Оңтайландыру саясаты жүргізілген 1997-1998 жылдардан бері 25 жыл өткенін ескерсек, бес жыл өте сала қандай істер қолға алына бастаған болуы мүмкін?!
«Семей негізінен жеңіл өнеркәсіп саласы дамыған қала болатын. Ет-сүт өнімдерін шығаратын кәсіпорындары Одаққа әйгілі болды. «Большевичка» фабрикасының киімдерін, аяқ киім фабрикасының етіктерін киетінбіз. Бәрі өзімізде өндірілетін. Бір ғана ет комбинатын алайық. Мұндағы жұмыс бір жүйемен қалдықсыз өндірілетін. Яғни, сойылған малдың терісі тері комбинатына, қойдың биязы жүні өз алдына арнайы кәсіпорынға жөнелтілетін. Жаңағы тері өңдеу комбинатына жөнелтілген мал терісі тон болып шығады. Семейдің атын шығарған дубленкалары да болды кезінде. Бір кезде Семейдің осындай дубленкасын Министрлер Советінің төрағасы болып тұрғанда Назарбаевтың өзі киген. Арнайы апарып берген адамды білемін, ол менімен бірге істеді. Қазір өмірде жоқ. Міне, осындай әйгілі кәсіпорын, өндіріс орындары бұл күнде көзден бұлбұл ұшты жиырма жыл ішінде. Қаңырап қалған ғимараттардың кейбірінің орнын бүгінде мейрамхана, бизнес орталықтары басты. «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар» дейді ғой. Қазіргі күнде Семейден құлдырауына байланысты қоныс аударып кеткенімізбен, бәрібір де елеңдеп тұрамыз. Тұрғынүйлер салынып, құрылыстар жүріп жатқан шығар, ал, бірақ, халықтың тұрмыс деңгейі төмен екені бәрімізге белгілі.,-дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы С. Сейфуллин атындағы аграрлық университетінің доценті, ғылым кандидаты Өмірзақ Сұлтанов.
Айтпақшы, табыс демекші, таяуда Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов «Хабар 24» арнасының «Акимы» бағдарламасына берген сұхбатында семейліктердің орташа жалақысы 200 мың теңгенің шамасында екенін айтып, айды аспанға шығарған болатын. Семей әкімінің де бұл сөзі шындыққа жанаспайтындығын, орташа жалақы 100 мыңнан әрең асатындығын айтып қала тұрғындары тағы да шыр-пыры шықты. Алайда, облыс әкімі Даниал Ахметов те, Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов те халықтың көз алдындағы әлеуметтік ахуалды мойындаудың орнына, өздері басқа Семейге басшылық жасап жүргендей «танымастай өзгеріп» таңқалдырып жүр.
Сәтжан Қасымжанұлы, arasha
Шығыс Қазақстан облысы
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024