Солтүстік Қазақстан облысында салынғанына бір ғасырдан артық уақыт өткен ғимараттар бірінен соң бірі сатылып жатыр. 150 жыл бұрын салынған тарихи нысандар OLX онлайн сату қосымшасына қойылған. Жергілікті әкімдік оған тосқауыл бола алмай отыр. Өйткені ғимараттар меншіктің қолына өтіп кеткен. Бұл туралы «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасы хабарлайды.
Петропавлдың тура орталығында орналасқан ғимарат ХІХ ғасырдың ортасында, дәлірек айтсақ 1852 жылы полиция пункті ретінде ашылған. Қазір ескерткіш нысаны болып табылатын тарихи ескерткіш жеке меншік қолда. Көлемі 300 шаршы метр ғимаратты сатылымға қойған қожайыны үш қабатты ғимаратты 90 миллион теңгеге бағалапты. Сөзінше, қазір қымбатшылық жайлаған заманда ғимаратты күтіп ұстау тиімсіз болғандықтан сатуға қойыпты.
«Бұл нысанның коммуналдық төлемдері ай сайына 150 мың теңге шығады. Одан бөлек қызметкерлердің жалақысын төлеу керек. Сол себепті тиімсіз деп шештім», – дейді тарихи ескерткіш ғимаратының қожайыны: Владислав Речегов.
Бір жарым ғасыр бұрын полиция пункті болып жұмыс істеген ғимарат қазір комьютерлік техникаларды жөндейтін орталық. Мемлекет қорғауындағы осы сынды басқа да ғимараттар ОЛХ қосымшасы арқылы кезек кезек сатылымға қойылып жатыр.
Осыдан 120 жыл бұрын салынған екі қабатты қалалық училище ғимараты 280 миллион теңгеге сатылымға қойылған. Ал Пирогов көпестің үйін оның иесі 160 миллион теңгеге сатып, пайдаға кенелмекші. Олай дейтініміз бұл ғимараттардың барлығы 90 жылдардың соңында сенімді басқаруға тапсырылыпты, яғни, су тегін берілген. Бір қызығы, олардың қазіргі қожайындары тарихи нысанды емін еркін екінші адамдарға сатып жібере алады.
«Бұл ғимараттар жеке меншік қолында болған соң оны сата ма жоқ па өзі біледі. Өйткені ғимарат мемлекет меншігінде емес. Біра оларға тарихи нысанды бұзуға тыйым салынған», – деді СҚО тарихи-мәдени мұраны пайдалану мен қорғау орталығының өкілі Ольга Есетова.
Мәдениет мекемесі өкілдерінің сөзінше, ескерткіш ғимараттардың иесі жөндеу жұмыстарын, жоспарын өзгертуге құқылы. Бірақ оған мемлекеттік органның келісімі керек, ал ғимараттың бастапқы келбетін бұзбауға міндетті. Қазіргі күні Петропавлдағы жиырмаға жуық тарихи ғимарат жеке меншікте екен.
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024