Солтүстікте көмір тапшы. Сақылдаған сары аязға шыдамаған тұрғындар отын таппай, көмір сататын қоймаларды кезіп жүр. Бүтін бір облысқа Шұбаркөлдің көмірі бір аптада тек бір ақ рет жеткізіліп жүр. Оны алу үшін жұрт таңнан кезекке тұрады. Оның өзі барлығына бірдей жетпейді. Үш айдан бері көмір алу үшін жаға жыртысып шаршаған жұрт тапшылықты көрмей отырған жергілікті билікке қапалы.
Жаңа жыл жақындаған тұста бір қап көмірге қол жеткізе алмаған тұрғындар Шұбаркөлдің көмірін сататын орынға жұрт ала таңнан ағылған. Кейбірі тіпті бір аптада бір рет қана жеткізілетін отынды алу үшін таңғы бестен кезекке тұрыпты. Өйткені вагон жетіспегендіктен солтүстікте сұранысқа ие Қаражыра мен Майкүбінің көмірі жарты айдан бері жоқ. Ал қазба байлықтарына бай елде көмір жоқ деген ұят. Бұл биліктің қолдан жасаған тапшылығы дейді жұрт.
“Билік бір жарым ай бұрын халықты 95 пайыз көмірмен қамтыдық дейді. Сонда біз мына жерде еріккеннен жүрміз бе? Меніңше, керісінше тұрғындардың 5 пайызы ғана қамтылды да, 95 пайызы әлі көмірсіз отырған сияқты”, – дейді тұрғын Азамат Елеусізов.
Тұрғындардың сөзінше, ауылдағы азаматтардың тең жартысы әлі көмірсіз отыр. Сол себепті жүк көліктері мен камаздарға тиеп әкетуде. Ал қолдарына көмір тимегендер қапқа салып, қымбатқа сатып алып жатыр деп хабарлайды “Информбюро” жаңалықтары.
“Мұндай Үкіметтің не керегі бар? Енді міне, қараңыз. Жұрт көмірді көлікпенн ала алмағаннан кейін қаппен әкетіп жатыр. Мысалы 25 кг 700 теңге дейді. Сонда 50 кг қабың 1500 теңге. Енді ол нан емес қой. Күндегісін күнде әкеп жейтін”, – дейді тұрғын Самат Есмағи.
Яғни, көмір тапшылығын пайдаланып алыпсатарлар бағаны да аспандатып жіберген. Сондықтан отынның бір тоннасы отыз мың теңгеге дейін барады. Ал көмір сататын қойманың өкілдері ақша болмағандықтан халық қаппен алуға мәжбүр дейді.
“Бір ғана орын жұмыс істеп тұр. Қалғандарында көмір жоқ. Содан кейін осындай аласапыран болып жатыр. Басқа аудандарда да көмір жоқ. Ол жаққа әкімдік жіберген камаздарға тиеп жіберіп жатырмыз”, – дейді көмір сату орнының өкілі Мұратхан Тұрмыхаметов.
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024