Шымкент тұрғыны Айжан Байшанова бір әулеттің алтын келіні. 39 жастағы әйел он баланың анасы атанып отыр. Ол отбасындағы қызықты оқиғаларды тілшілермен бөлісті.
Көп балалы отбасыға Еуразия бірінші арнасының тілшілері барған.
«Алланың қалауымен оныншы баламды дүниеге әкелдім. Нұрсәттегі перзентханаға алғысым шексіз! Сіздерге, бәріңізге рахмет айтамын! Перзентхананың жағдайы жақсы екен», – деді Айжан Байшанова.
Перзентханадан шығып, аяқ-қолын жиып, аман-есен отбасына оралған Айжан Байшанова 18 жасында тұрмыс құрған. Араға 21 жыл салып, 10 құрсақ көтеріп, отбасын айрандай ұйытып отыр. Айтуынша, үшінші ұлы шарана кезінде шетінеп кеткен. Қазір 9 ұл-қыз тәрбиелеп отырған бақытты ана. Нұрдәулет, Ардақ, Иманғали, Балауса, Кәусар мен Ғазиз, Айдын және Әлинұр, Алмас сияқты балаларын жарық дүниеге әкелген. «Анда-санда болмаса, балапандарымның атынан көп шатаспаймын»,- дейді ана
«Болады ондай, қатты асығыс кезде, қатты ашулы кезде шатасатыным бар. Бірақ көп шатаспаймыз, әр баланың орны бөлек қой», – дейді көп балалы ана.
Бала-шағамен карантинде сабақ оқып, өзім де педагог болып кеттім деген ана біраз қиналғанын да жасырмайды.
«Оңай емес, қиын ғой, үш бала онлайн оқығаннан кейін, бірінен кейін бірі сабақ болып жатады. Үлгеруге тырысасың ғой. Бірінші наурыздан бастап мектепте оқып жатыр ғой. Үшеуі сабаққа барады. Екеуі студент, олар өзімен-өзі. Қалғандары біріне-бірі көмектеседі. Қарап, ойнап, бір-біріне қамқор болып жүреді», – деп қосты ол.
Өрісін кеңейтіп, ұрпағын өсіріп отырған анаға отағасы да дән риза екенін жеткізді.
Көп балалы ана мемлекеттен жәрдемақы алады. Келіншек оған шүкіршілік ететінін айтады.
Қазір Айжан 39-да, ал күйеуі Ержан 42 жаста. Отбасындағы ұл-қыздың қолынан еңбек келеді. Үлкен ұлы 21 жасқа келген жап-жас отбасы «демографиялық өсімге осымен тоқтам қойдық» деп қалжыңдайды. Ата-аналарының сөзіне сүйенсек, ең үлкен баласы мен ең кішісінің арасы 20 жас.
«Бес балам болады деп ойлаған едім, бірақ 10 баланы дүниеге әкелдім. Менің әжемнің де он баласы болған еді. Оны да қуып жеттім», – дейді келіншек.
Отағасы өзін «батыр әкемін» деп жиі қалжыңдайтын көрінеді. Сөзінше, көп балалы әке болудың еш қиындығы жоқ, бұрын үбірлі-шүбірлі болуды өзі де армандапты.
«Мен балаларымды мақтан етемін. Оларды бізді жерге қаратпайтындай етіп тәрбиелеп отырмыз», – дейді Ерлан Тәджіханов.
Қыздары өзіне қолғабыс болғанын айтқан Айжан тамақ дайындауға ұзақ уақыт кететінін алға тартты.
«Мәнті жасасақ, екі қазан дайындауға тура келеді. Ал картоп қуырсақ, бес-алты келі әзірлейміз», – деді ол.
Тәжіхановтар отбасы әр баланың өз нәсібесі барына кәміл сенеді. Бүгінде бала-шағамен қосымша көмек те сұрамаймыз деп шүкіршілік етіп отыр. Тек балаларының болашағы үшін баспанамен қамтылсақ деген үміті бар.
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024