15-11-23 |
3840 рет қаралған
Дархан Сатыбалды: Түркістанды түлеткен – халық.
Дархан Сатыбалды: Түркістанды түлеткен – халық

Түркістан облысының құрылғанына биыл 5 жыл. Осы аз ғана уақыттың ішінде Қазақстанның рухани астанасы адам танымастай өзгерді.

Түркістан түледі, түрленді. Киелі мекеннің жаңа бет-бейнесін қалыптастыруға мемлекет тарапынан аз қолдау көрсетілген жоқ. Облыстағы жасампаз жобалардың басы-қасында жүріп, ортақ іске барша халықты ұйыта білген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, «Бүгінгі оң нәтиже – халық бірлігінің жемісі».

Белгілі қоғам қайраткері, тележүргізуші Арман Дәулетияровқа берген сұхбатында Түркістан облысының әкімі бес жылғы жұмыстың қорытындысымен бөлісті.

«Әкімге үш сауал» жобасына сай Дархан Сатыбалдымен жүздескен Арман Дәулетияров «Сіздің өңірдің басқа аймақтардан айырмашылығы қандай?» деген сауалмен әңгімесін бастады. 

– Біріншіден, біздің өңір халық санының көптігімен ерекшеледі. Облысымызда 2 млн 200 мың халық тұрады. Егер маған «Кіммен мақтанасың?» десе, «Халқыммен мақтанамын» деп үлкен сеніммен айтар едім. Өйткені, жаңашылдықтарды жүзеге асырған да, жақсы істерді өміршең еткен де – халық.

Екінші ерекшелік, біздің өңір басқалармен салыстырғанда қазақтың баяғы салт-дәстүрін сақтап келе жатқан, ұлттық құндылықтарға ұқыпты қарайтын аймақтың бірі. Жалпы, Түркістан – тарихы тереңнен тамыр тартқан, Орта Азиядағы, Тұран даласындағы ең көне шаһарлардың бірі. Бұл жерде қазақтың тағдырына, болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданған. Қазақ хандығының негізгі ордасы болғандықтан, тарихи құжаттар осы орталықта өмірге келген. Қожа Ахмет Ясауидың кесенесі орналасқан киелі мекенде талай ел билеген хандар, төрелік еткен билер, кесімді сөз айтқан шешендер жерленген. Текті бабаларымыздың рухы жатқан бұл өңірдің өзге өңірлерден шоқтығы биік.

Сонымен бірге, мен осы өңірдің еңбекқор халқын үнемі үлгі етемін. Біздің өңірге келген инвесторлар, кәсіпкерлер «Сіздерде не бар?» деп сауал тастап жатады. Олар мұндайда жер байлығын, табиғи қазбаларды алға тартады деп пайымдайтын болса керек. Ал мен кәсібін дөңгелеткісі келген жандарға «Бізде қиын жұмыстан қорықпайтын, ауыр еңбектен қашпайтын халық бар» деп мақтанышпен айтамын. Расында Түркістанның халқы нәпақасын ауыл шаруашылығынан, мал бағып, жер өңдеуден тауып отыр. Таңның атысынан кештің батысына дейін жер емген халықтың төзімділігіне, еңбексүйгіштігіне тәнті болмасқа әддің жоқ. Олар осы тынымсыз еңбегімен отбасын асырап, өз ісімен балаларына еңбектің наны тәтті болатынын ұғындырып отыр. Жалпы, республика бойынша бала туу көрсеткіші бойынша да біздің өңір бірінші орында тұрғанын айта кетуіміз керек. Республикадағы әрбір алтыншы бала Түркістан облысында туылған, әрбір үшінші көпбалалы отбасы біздің аймақтан. Біздің аймақтың кереметі де осында.

Арман Дәулетияровтың екінші сауалы әкімнің алдағы жұмыс жоспарына, аймақты дамыту бойынша қолға алынғалы отырған жобаларға байланысты өрбіді.         

– Біздің жоспарымыз өте ауқымды, – деген Дархан Сатыбалды алдағы уақытта барлық салада жаңғырту болатынын жеткізді.

Бірінші кезекте Президент тапсырғандай еңбек адамдарын көтермелеуге, еңбекті бағалауға басымдық берілмек. Өйткені қала халқы мен ауыл халқының еңбегі теңдей бағаланып, тұрғындар теңдей мүмкіндікке қол жеткізіп отыр деп айта алмаймыз. Әсіресе, ауыл балаларына берілетін білім мен қала балалары алып отырған білімнің айырмашылығы жер мен көктей. Осы айырмашылықты жойып, ауыл балаларының озық білім алуына барлық жағдай жасамақпыз. Екіншіден, кәсіп үйретуге ден қойылмақ. Әрбір адам өзінің қолынан келетін кәсіпті меңгеріп, нәпақасын тапқаны дұрыс. Мысалы мамыр айында Қытай еліне бардым. Сонда тәжірибе алмасқан аймақ басшыларының бірі халықтың кәсіп игеруіне ерекше ден қойылатынын айтты. Оларда «Кедейлікпен күрес» деген арнайы бағдарлама жасалған. Осы бағдарламада тұрғындардың бір кәсіпті жетік үйреніп, өз бетінше табыс табуының алғышарты жасалған екен. Бізге де бұл жобадан өзімізге тиімдісін меңгерген дұрыс. Айталық біздің аймақ мақта өсірумен айналысады. Міне, біз осы саладағы дағдымызды дамытып, халықты мақта өсіруге ғана емес, мақтаны өңдеу, дайын өнімге айналдыру тетіктерін жетік білуіне жағдай жасасақ ұтарымыз көп. Сол сияқты жібек өңдеу ісін жаңғыртпақ ойымыз бар. Менің анам да жібек құртын өсірген, бұл саланың қыр-сырын жетік біледі. Жібек өндірісінен табыс тауып, тұрғындарды жаңа жұмысқа бейімдей алсақ, нұр үстіне нұр болмақ.

Жақында дүниежүзілік зәйтүн өндіру одағының жетекшісімен  кездестім. Ол кісі де зәйтүн өндірудің жөн-жосығын, пайдасын айтып, біздің өңірдің табиғаты зәйтүн өсіруге ыңғайлы екенін жеткізді. Осы тәжірибені саралап, өңірде зәйтүн өндіруді жоспарлап отырмыз.

Сосын мал шаруашылығын да дамыту ойымызда. Қазіргі кезде экспортқа шығарылатын ет өнімдерінің  80 пайыздан астамын біздің өңір береді. Бұл бағытты да алдағы уақытта назарда ұстаймыз.

Өңір дамуына серпін беретін ұсыныс-пікірлерді екшей отырып, 3 трлн теңгені құрайтын жобаны жүзеге асыруды жоспарлап қойдық. Өндіріс саласын көтеріп, үлкен заводтардан бастап, кішкентай цехтарға дейін жетілдіріп, жұмысына қолдау көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Сосын жалпы табыс еңбекпен ғана емес, тәжірибемен де келетіні белгілі. Осыған орай, аудан әкімдерін, аудан деңгейіндегі шағын цех жетекшілерін әр ауданға іссапарға шығарып, тәжірибе алмасуына, жол көрсетуіне, әріптестік байланыс орнатуына мүмкіндік туғыздық. Мұның да нәтижесі алдағы уақытта байқалары анық.

– Облыста жасалып жатқан жұмыстарға, алдағы уақытта атқарылатын іс-шараларға қанық болдық. Енді бір сауал: осындай қауырт жұмыс арасында анаңызға көңіл бөлуге, қоңырау шалып, қал-жағдайын білуге уақыт таба аласыз ба? Ел азаматы болып отырған ұлына анасы қандай ақыл айтады екен?

– Анам – менің мотиваторым, – деді Дархан Сатыбалды. – Біреулер қандай кітап оқып жатырсыз деп сұрайды. Мына жұмыстың арасында кітап оқуға уақыт бола бермейтіні рас. Ал осы олқылықтың барлығын анам толтырып отырады. Биыл сексенге келген анам – даналықтың кені. Бізге еңбекқорлықтың дәнін сепкен, адамдықтан аттамауға, кісілік келбетімізді кірлетпеуге тәрбиелеген де анам. Мен әкім болсам, тағы бір баласы кәсіпкер. Бірақ, анамыз ешқашан бізден ақша алып, көмек сұраған емес. Әлі күнге дейін өзіне керек ақшаны өзі табады. Өзінің шағын дүкені бар. Тіпті, мейрам күндері сауда жақсы жүреді деп дүкенде өзі жұмыс істеп отырады. Өмірге өзгеше белсенділікпен қарайтын, өзі табыс табуға ұмтылатын менің анамдай адамдар шынайы еңбектің нағыз үлгісі. Бүгінге дейін жұмыстан қол үзбеген анамыз қарауына сатушы қыз алып, жұмыс тауып беріп отыр. Шетелге қыдырғысы келсе, демалғысы келсе, осы кәсібінен түскен табысын жұмсайды. Сексенге келген анамыз бізден ақша алмайды, керісінше, біз жаңа үйге кірсек, жақсы бастама бастасақ, қолдауым деп өзі ақша беріп жатады. Біздің ренжитінімізді біліп, онысын немерелеріне ұстатып кетеді. Бұл да бір даналықтың белгісі болса керек.

– Анаңыз сонда қанша табыс табады?

– Осы сұрақ мені де қызықтыратын. «Ақшаңыз көп пе? Қанша табыс табасыз?» деп сұраған едім бірде. Айтуынша, анама ең аз дегенде айына бір миллион теңгедей кіріс кіріп тұрады. Ал саудасы жақсы жүрген, мейрам кездерінде табысы екі жарым, үш миллион теңгедей болады. Анамды мотиватор дейтінім сондықтан. Ендеше, күш-қайратым бойымда тұрған, ел сенім артып отырған азамат болғандықтан күндіз-түні жұмыс істеуден шаршамауым керек. Сексенге келген анам тынбай тірлік етіп жатқанда, менің шаршадым деуге, демаламын деуге қақым жоқ.

– Жарайсыз! Анаңызға Алла ұзақ ғұмыр, күш-қуат берсін! Өзіңіз сияқты халықтың баласын тәрбиелеген анаға мың тағзым! Сіз басқарып отырған аймақ та көркейіп, дами берсін!

Arasha.kz

ФОТО: yvision.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.