Logo
Іздеу
Айдарлар

Астанада велосипед мінген бала көлікке соғылып, иесі 500 мың теңге талап етуде

/
Астанада велосипед мінген бала көлікке соғылып, иесі 500 мың теңге талап етуде

Астанадағы аулалардың бірінде резонанс тудырған жанжал орын алды: велосипед мінген бала абайсызда тұрақта тұрған көлікке соғылып, темір тұлпардың кузовына зақым келтірген. Бұл жағдайды elmurad_kerimov есімді қолданушы әлеуметтік желіге видео ретінде жариялап, қоғамда қызу талқыға ұласты, деп хабарлайды Arasha.kz.

Көлік иесі баланың анасынан 500 000 теңге талап етуде. Оның айтуынша, көлікті енді қалаған бағасына сата алмайды. Ал әйел — жалғызбасты ана, үш баланы тәрбиелеп отыр және мұндай қаражатты төлеуге шамасы келмейді.

Жол-патрульдік полиция басқармасының өкілдері оқиға орнына келмеген. Олар жол-көлік оқиғасы аулада болғандықтан, бұл олардың құзыретіне кірмейтінін алға тартқан. Енді тараптар мәселені сот арқылы немесе өзара келісіммен шешуге мәжбүр.

Қазақстандықтар пікірге екіге бөлінді
Көлік иесін жақтағандар:

«Бала бөтен мүлікті бүлдірді — жауапкершілікті ата-анасы көтерсін. Көлік те жайдан-жай келмейді».

Анаға жанашырлар:

«Балалар — робот емес. Ол әдейі істемеген. 500 мың — бұл жөндеу емес, бопсалау. Адамгершілік қайда?»

Бейтараптар ұсыныс білдірді:

Тәуелсіз бағалаушыны шақыру;

Көлікті СТО-ға апарып, нақты шығын бойынша төлеу;

Егер баға тым жоғары болса — сот арқылы шешу.

Сарапшылардың айтуынша, бұл жағдайдағы нақты жөндеу құны 100 000–200 000 теңге аралығында болуы мүмкін, әсіресе бояусыз қалпына келтіруге мүмкіндік болса.

Кім кінәлі және не істеу керек?
Заңгерлердің кеңесі:

Ақшаны қолма-қол бермеу;

Барлығын ресми түрде рәсімдеу — сараптама, тексеру актісі және ең дұрысы — азаматтық сот арқылы реттеу;

Егер сома асыра көрсетілсе, сот оны қысқартады.

Ал әзірге кейбіреулер: «көлікті аулаға қоюдың қажеті жоқ еді» десе, енді біреулер: «балаларды жауапкершілікке үйрету керек» деген пікірде. Бір нәрсе анық — бұл оқиға қоғамда үлкен пікірталас тудырды.