Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Бизнесті екі жыл тексермеу ұсынылды: Депутат мораторий енгізуді сұрады

Бизнесті екі жыл тексермеу ұсынылды: Депутат мораторий енгізуді сұрады
Ақша. Көрнекі фото: pixabay.com

Қазақстанда шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге бір немесе екі жылға мораторий енгізу ұсынылды. Мұндай бастаманы Құрылтайдың пленарлық отырысында депутат Ермекқали Юсупов көтерді, деп хабарлайды Arasha.kz.

Депутаттың айтуынша, қазір кәсіпкерлер жаңа салық талаптарына, мемлекеттік жүйелердің цифрлануына және реттеу саласындағы өзгерістерге бейімделіп жатыр. Бұл бизнеске қосымша қаржылық салмақ түсіріп отыр.

"Бұл бухгалтерлік есепті, бизнес-процестерді және қаржылық жоспарлауды қайта құруға байланысты қосымша шығындарды талап етеді. Шағын және орта бизнес жаңа жұмыс орындарын ашады, салық базасын кеңейтеді және халықтың едәуір бөлігін жұмыспен қамтиды. Оларға шексіз тексерулер мен әкімшілік қысымнан қауіптенбей жұмыс істеуге мүмкіндік берілуі керек. Бұл ретте мемлекеттік бақылау тәуекелге бағдарланған тәсілге негізделуі тиіс", – деді депутат.

Ермекқали Юсуповтың пікірінше, бақылаушы органдардың негізгі ресурстары шағын және орта бизнеске емес, мемлекет пен қоғамға елеулі зиян келтіру қаупі жоғары ірі нысандарға бағытталуы керек.

"Біз шағын және орта бизнес субъектілеріне жүргізілетін тексерулерге бір-екі жыл мерзімге мораторий енгізуді ұсынамыз. Әрине, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайлар, апаттар, төтенше жағдайлар және заңда арнайы көзделген өзге де жағдайларға қатысты тексерулер бұған кірмейді", – деді ол.

Сонымен қатар депутат шағын және орта бизнеске қойылатын реттеуші талаптарды толық қайта қарауды ұсынды. Оның айтуынша, кәсіпкерлерге артық салмақ түсіретін қайталанатын, негізсіз және шамадан тыс рәсімдерді алып тастау қажет.