Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында ғимарат қоршауына заңсыз жазу жазған 19 жастағы тұрғын ұсталды, деп хабарлайды Arasha.kz.
ІІМ мәліметінше, жас жігіттің әрекетін полицияның жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камералары тіркеген. Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары оны ұстап, полиция бөліміне жеткізді.
Құқық бұзушы Ақсай қаласының 19 жастағы тұрғыны болып шықты.
Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Қоршаудағы заңсыз жазу өшірілген.
Полиция ғимараттар мен өзге де нысандарға рұқсатсыз граффити немесе жазу салу заңда көзделген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғимараттардың қабырғаларын граффитимен бүлдіретін адамдарға қатысты қатаң шара қолдану қажеттігін айтқан болатын.