Контентке өту
Жаңалықтар Қоғам Саясат Аймақтар Спорт Мәдениет Әлем Денсаулық Ғылым Тарих Экономика Қаржы
Қоғам

Қазақстанда балаларға бағытталған фастфуд жарнамасына шектеу қойылуы мүмкін

Қазақстанда балаларға бағытталған фастфуд жарнамасына шектеу қойылуы мүмкін
ЖИ арқылы жасалған

Қазақстанда балаларға бағытталған фастфуд, тәтті сусындар және құрамында қант, тұз бен қаныққан май мөлшері жоғары өнімдердің жарнамасын шектеу жоспарланып отыр. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, деп Arasha.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның хабарлауынша, мұндай өнімдерді теледидар, радио, әлеуметтік желілер және сыртқы жарнама арқылы насихаттауға шектеу енгізу ұсынылған. Осыған байланысты қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер әзірленіп жатыр.

Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі ұсынып отырған шектеулердің ықпалын бағалау үшін реттеушілік беретін әсерге байланысты талдау жұмыстарын бастады.

Министрліктің мәліметінше, бастаманың негізгі мақсаты – балалардың тамақтану таңдауына маркетингтік ықпалды азайтып, ерте жастан дұрыс тамақтану әдеттерін қалыптастыру. Балалар мен жасөспірімдер жарқын қаптамаға, әлеуметтік желідегі жарнамаға, блогерлердің ұсыныстарына және басқа да маркетинг тәсілдеріне ересектерге қарағанда көбірек бейім келеді.

Бұл шаралар аталған өнімдерді сатуға немесе тұтынуға тыйым салуды көздемейді. Негізгі мақсат: балалардың денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін тағамдардың жарнамасына аз ұшырауын қамтамасыз ету.

Балалардың денсаулығына қатысты деректер

Қазақстанда жүргізілген зерттеулерге сәйкес, 6-9 жастағы балалардың шамамен әр төртіншісінде артық салмақ бар. Ал 6 пайызында семіздік анықталған. Сонымен қатар жасөспірімдердің 17,5 пайызы энергетикалық сусындарды кемінде аптасына бір рет тұтынады.

Қазақстанда балалар арасында дұрыс тамақтануды қалыптастыруға бағытталған бірқатар шара жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынған.

2025 жылдың қыркүйегінен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты енгізілді. Құжат бойынша ас мәзіріндегі қант пен тұз мөлшерін азайтып, көкөніс, жеміс-жидек және сүт өнімдерінің үлесін арттыру қарастырылған.

Сондай-ақ өңірлерге балалар мен ата-аналар арасында дұрыс тамақтану қағидаларын түсіндіру және алдын алу жұмыстарын күшейту тапсырылған.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өткен тамыз педагогикалық конференциясында балаларды фастфудтың агрессивті жарнамасынан қорғау мәселесіне назар аударған болатын.