Біз
әлеуметтік
желіде
23-05-25 |
150 рет қаралған
Талдықорған сауда орындарында кемшіліктер анықталды.
Талдықорған сауда орындарында кемшіліктер анықталды

«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында Талдықорған қаласындағы бірқатар сауда орталықтарында мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыруға бағытталған мониторинг жұмыстары жүргізілді. Тексеру барысында қаладағы «Көк базар», «Хабиби», «Alemdik» және «Дәулет» сауда нысандары қамтылды.

Мониторинг тобының құрамында Талдықорған қаласы әкімінің мүгедектердің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, қоғам белсендісі, «Elstar» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Вадим Друзин, қалалық мәслихат депутаттары Монғол Анарбек Монғолханұлы, Тұлымшақова Гүлниса Досанқызы, Оразбаев Шалқар Елісұлы, сондай-ақ Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Ахметова Гүлім Амангелдіқызы және «AMANAT» партиясы Жетісу облыстық филиалының өкілдері болды.

Тексеру барысында бірнеше маңызды кемшіліктер анықталды. Атап айтқанда, кейбір нысандарда пандустар мүлде жоқ немесе орнатылғанымен, қолданыстағы құрылыс нормалары мен стандарттарға сай келмейді. Сонымен қатар, пандуспен бірге орнатылуы тиіс ұстап қозғалатын тұтқалар, сыртқы көтергіш құрылғылар да жеткіліксіз немесе мүлдем қарастырылмаған.

Сауда орталықтарының әкімшіліктері бұл кемшіліктерді мойындап, екі айдың ішінде барлық ескертулерді жоюға уәде берді. Аталған мерзім аяқталған соң, сауда нысандарына қайта мониторинг жүргізілетін болады.

Мониторинг тобының мүшелері бұл жұмыстың басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін күнделікті өмірде кедергісіз қозғалу мүмкіндігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Осы бағыттағы бақылау жұмыстары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасын таппақ.

2024 жылы Вадим Друзиннің бастамасымен Талдықорған қаласындағы мемлекеттік және жекеменшік нысандарда 48 бұзушылық фактісі анықталып, нәтижесінде жалпы сомасы 4,5 миллион теңгеге айыппұл салынған.

Ресми деректерге сәйкес, қазіргі уақытта Талдықорғанда 5 000-нан астам мүгедектігі бар азамат тұрады. Оның ішінде:
– 1 топтағы мүгедектер – 634 адам,
– 2 топтағы мүгедектер – 2047 адам,
– 3 топтағы мүгедектер – 1766 адам,
– Мүгедектігі бар балалар – 770 бала.

Қоғамның әрбір мүшесі үшін тең мүмкіндік пен қолайлы орта қалыптастыру – ортақ міндет. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатын болады.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.