22-02-21 |
2410 рет қаралған
Билік Жаңатастағы өрттің неден шыққанын жасырып отыр ма?.
Билік Жаңатастағы өрттің неден шыққанын жасырып отыр ма?

Жамбыл облысының Жаңатас қаласындағы бес бүлдіршіннің қазасы қалың елдің қабырғасын қайыстырып кетті. Сонымен қатар 5 баланың өрттен қайтыс болуы көптеген сұрақтар тудырып отыр. Нақтырақ айтсақ, жергілікті билік өрттің нақты шығу себебін жасырып отырған жоқ па?

Сенбі күні Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Алайда осы істі тергеу үшін құрылған арнайы комиссияның алдын ала таратқан хабары көңілден шықпады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, өрт ашық отқа тез жанғыш материалдың тиюінен шыққан, ол төсек-орын жабдығы болуы мүмкін. Өрт балалар бөлмесінде болған. Жалын 16 шаршы метрге жуық аумаққа шарпыды. Балалар газдан уланып қайтыс болды, олардың денесіне зақым келмеген, күймеген. Бұл тергеудің алдын ала мәліметі», – деді әкім орынбасары.

Ал Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ермек Момбаев әлеуметтік желіде жарияланған өрттің себебі туралы ақпарат жалған екенін атап өтті.

«Кейбіреулер өрттің шығуына қандай да бір жылыту құралы себеп болған деп жазып жатыр. Олай емес. Үй орталық жылуға қосылған», – деді ол.

Ермек Момбаевтың «әлеуметтік желідегі ақпарат жалған» деген сөзінің өзі жалған болуы мүмкін. Өйткені облыс әкімінің орынбасары мен департамент басшысы жұрттың жорамалының теріс екенін нақты айғақпен дәлелдеп бере алмады.
Есесіне әлеуметтік желіде өрттің шығуына байланысты әртүрлі болжам айтылуда. Мәселен журналист Эльвира Жарылқасынқызы теріс ақпарат таратып отырған блогерлерге шүйлігіп, тың ақпаратты ортаға тастады.

«Суайттар өңшең! 5 баланың обалы өтірік айтқан әрбіріңнің мойныңда! Сол жерге барып көрдік, білдік, тілдестік деген блогер, журналистер, сендер де кінәлісіңдер!
Үй суық болған соң тоқ пеш қосылған, оның ұшы пердеге тиіп, өрт содан тұтанған екен. Тұрып жатқан пәтерлері де өздерінікі емес!
Дел-сал күйдегі, есеңгіреп отырған шешесінің аузын қашанға дейін жаппақсыңдар! Маған жеткен шындықты періштелердің әруағы үшін, Алладан қорқатын көршілері зар илеп айтып отыр, неге бұрмалайсыңдар?! Құдайдан қорықпаған сендерден қорқамын», – деп жазды ол.

Бұған дейін халықтың арасында газ баллоны жарылыпты деген әңгіме болған. Алайда газ баллоны жарылса пәтердің быт-шыты шығар еді. Демек өрт газ баллонынан емес тоқ пештен шығуы мүмкін. Ал үй иелері тоқ пешті не үшін пайдалануы мүмкін?

 

Бұған дейін яғни 9 ақпан күні Жаңатас қаласындағы «Жаңатас Су-жылу» КММ орталық қазандығында жылыту құрылғылары істен шыққан болатын. Бір күннен кейін жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесінде қазандық іске қосылды деген ақпарат жарияланды. Бұл туралы облыстық «Ақ жол» газетінде ақпанның 16 күні «Әкімнің өтірігі әшкере болды» деген материал жарық көрді.

Аталған мақалада облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықовтан маусымның басында мән-жайды сұрағанымда, мәселе жоқ, отын жеткілікті деп сендірген болатын. Баяндағанда бәрі жақсы сияқты, енді келіп бүкіл республикаға әйгілі болдық. Қайта, ауа райы жылы, ал -15, -20 градус аяз болса, көп қабатты үйлер, аурухана, балабақшалар қайтпек еді? Қаржы берілді, мазут алынды, ал нәтиже не болды? Жауапкершіліктің жоқтығы осындай жағдайға алып келеді», – деген сөзі жарияланған болатын.

Бір сөзбен айтқанда Эльвира Жарылқасынқызының «үй суық болған соң тоқ пеш қосылған» деген сөзінің жаны бар секілді. Өйткені жылу талапқа сай берілмеген соң үй иелері «Балалар тоңып қалмасын» деп электр тоғын пайдалануы мүмкін.

 

Осы ретте жергілікті билік неге пәтерде тоқ пеш пайдаланғанын жасырып отыр деген заңды сұрақ туындайды. Егер билік өрттің жылудың әлсіздігінен болғанын мойындаса таяқтың бір ұшы өздеріне тиетінін жақсы біледі. Сондықтан да олар тілсіз жаудың шынайы себебін жасырып, жауапкершіліктен қашып отыр. Негізі өрт тоқ пештен тұтанса аудан әкімінен бастап, біраз лауазымды тұлғаның ісі сотта қаралуы мүмкін. Өйткені 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылдары туған 2 ұл мен 3 қыздың қазасын жылы жауып қою мүмкін емес.

P.S. 2019 жылдың 27 ақнаны күні Тараз қаласының 9 мөлек ауданында көп қабатты үй жарылған болатын. Жарылыс салдарынан 3 адам қаза тауып, 6 адам жарақат алды. Бір қызығы жойқын жарылыстың неден болғаны белгісіз болып қалды. Бірақ жұрт арасында газ баллоны жарылыпты немесе діни ағым өкілдерінің әрекеті екен деген алып-қашпа әңгіме айтылды. Ұзын сөздің қысқасы жарылыстың жай-жапсары анықталып, іс сотқа жеткен жоқ. Жаңатастағы 5 бүлдіршіннің қазасы тап осылай ұмыт болып кетпей ме?

Серік ЖОЛДАСБАЙ

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.