Күні кеше Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласынан «Қазақ халқына мың алғыс» монументін ақыры ашты. Ақыры ашты дейтініміз бұған дейін «Сапарбаев көзбояуға көшті» деген мақала жазған болатынбыз. Аталған мақалада «Қазақ халқына мың алғыс» монументін ашқанса, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттырып, облыстың ономастикасына көңіл бөлу керек екенін ескерткен болатынбыз.
Бір қызығы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін Үкімет» деген саясаты Бердібек Мәшбекұлының әкімшілігіне жетпеген тәрізді. Өйткені «Мына ұсыныс дұрыс екен, іске асырайық» немесе «Ал, мына мәселені қазір қоя тұрайық» деп айтқан тірі жан болмады. Жалпы Бердібек Сапарбаев Ақордадан гөрі «Кітапханаға» көбірек бүйрек бұратын тәрізді. Себебі монументтің салтанатты ашылуында Бердібек Мәшбекұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың емес, экс-президенттің есімін жиі атады.
«Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында көпұлтты елімізде халықтар достығы, бірлік, татулық пен тұрақтылық салтанат құруда. Әрине 29 жыл тарих үшін қас-қағым сәт. Дегенмен еліміз осы уақыт аралығында толайым табыстарға, үлкен жетістіктерге жетті. Еліміздің ең маңызды жетістіктерінің бірі көпұлтты қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау болып табылады. Тарихи тұрғыда солай қалыптасқан еді. Біз миллиондаған қоныс аударушыны қабылдап, аштық пен соғысқа қарамастан олармен барымызбен бөлістік. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өздерінің туған үйлері, өз Отанымыз деп санайды», – деген облыс әкімі «Қазақ еліне мың алғыс» монументін ашу Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасы екенін ескертті.
Жалпы «Қазақ еліне мың алғыс» деген монумент Қордай ауданындағы дүнген дүрбелеңінен кейін ашылып отырғаны көпшілікке белгілі болса керек. Әйтсе де аталған монументті ашқаннан кейін облыстағы ұлтаралық татулық артып, қазақ пен дүнген тату болып кете ме? Жалпы облыстағы диаспораның монумент ашты екен деп мемлекеттік тілді үйреніп, қазаққа құрметі артып кетпесі анық. Бір сөзбен айтқанда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көзбояушылық жасап отыр.
Әрине облыстағы диаспоралар қалталарынан қаржы шығарып, «Қазақ еліне мың алғыс» деген монумент ашып отырса, «Бәрекелді» дегеннен басқа айтарымыз жоқ. Алайда бюджеттің ақшасына монумент салу өз өзіңе рахмет айтқан Қожанасырдың тірлігі емес пе?
Ең өкініштісі 158 миллион теңгеге «Қазақ еліне мың алғыс» деген монумент ашқан облыста Кенесары ханның сәтсіз ескерткіші әлі тұр. Сәтсіз ескерткіш дейтініміз бұған дейін Меркі ауданының тұрғындары қазақтың ең соңғы ханы Кенесары ханға арнап тасмүсін орнатқан болатын. Қарапайым халықтың аз ғана қаржысына тұрғызылғандықтан, бұл ескеркіш Хан Кененің атақ-абыройына сай емес. Біздің ойымызша, аталған ескерткіш үлкен тас жолдың бойында емес, белгілі бір мектептің алдында тұруға лайық секілді.
Әрине, бұл жерде қарапайым халықтың Кенесары ханға құрмет көрсетіп, ескерткіш ашқанын жоғары бағалаған жөн. Алайда жергілікті билік ұлы ханға ұлтарақтай жердің өзін қимай «Кенсарының ескерткішін алып тастаймыз» деп халықты әуре-сарсаңға салды. Мәселен Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Қасым «Ертең ел айтады. Көпшілік, келешек ұрпақ та айтады. Не үшін қойдыңдар деп, мазақ болып кетуі мүмкін. Хан Кене қазақа ортақ тұлға. Сондықтан, мәртебесі, беделіне сай ескерткіш қойуымыз керек» деп айтты. Алайда арада екі жыл өтсе де қазақа ортақ Хан Кененің мәртебесіне сай ескерткіш қойылмады.
Егер аудан әкімі Мейірхан Өмірбеков «мазақ болып кетуді» қаламаса халықтың бастамасына қолдау білдіріп, ескерткішті еңселі етіп салуға күш салуы керек еді. Нақтырақ айтсақ, ол «Кенесары ханға ескерткіш ашамыз деген бастамаларыңыз дұрыс. Бірақ бұл ескерткіштің еңселі болып ашылуына қажетті қаржыны жинауға бізде атсалысайық» деп, Кенесары ханның айбарлы ескерткішін ашса, өзінің де, халықтың да мерейін өсірер еді. Өкінішке қарай Мейірхан Өмірбековтің қолынан мұндай өрелі іс істеу келмеді.
Ұзын сөздің қысқасы 158 миллион теңгеге монумент ашқан облыс басшылығы Кенесары ханның ескерткішіне 50 млн теңге қимай отыр. Ал Бердібек Сапарбаев болса, «Қазақ еліне мың алғыс» монументін ашу арқылы Әулиеатада ұлтаралық қақтығыс болмайды деп ойлап отырса керек.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
-
30.12.2024
-
30.12.2024
-
30.12.2024
-
30.12.2024
-
30.12.2024
-
30.12.2024
-
28.12.2024
-
28.12.2024
-
28.12.2024