22-12-21 |
640 рет қаралған
Қорғаныс министрлігі Тараздағы жағдайға қатысты жариялауға жатпайтын жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты.
Қорғаныс министрлігі Тараздағы жағдайға қатысты жариялауға жатпайтын жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты

Қорғаныс министрінің орынбасары Дарын Тұяқов Тараз маңындағы жарылыстан кейін із-түзсіз жоғалған 34 жастағы Бауыржан Дәуітбаевты іздестіру жұмыстары туралы айтты.

Оның сөзінше, іздестіру жұмыстары әлі де жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Sputnik Қазақстан жазды.

«Жұмыстар ұзаққа созылып кетті. Жұмыстың неге ұзақ жүріп жатқанын сол жерге барып анықтау керек. Оқиға болғаннан бері іздестіру жұмыстары тоқтаған жоқ. Бұл ақпарат жариялауға жатпайды. Алайда өте ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр», – деді Тұяқов.

Ол әскеридің қайда жоғалып кетуі мүмкін және қашып кетті немесе жарылыста қаза тапты деген ақпарат қаншалықты шындыққа жанасады деген сауалға да жауап берді.

«Жарылып кетуі екі талай. Денесінің бір бөлшегі болсын табылуы керек еді ғой», – дейді министрдің орынбасары.

Еске салсақ, 2021 жылдың 26 тамызы кешке Жамбыл облысының әскери бөліміндегі қоймада өрт басталып, бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарыла бастады. Кем дегенде 10 жарылыс болған.

Жақын маңдағы ауылдардың 1 200-ге жуық тұрғыны қауіпсіздік мақсатында Таразға көшірілді.

Оқиғадан кейін қорғаныс министрі болған Нұрлан Ермекбаев отставкаға кетті, оның орнына Мұрат Бектанов тағайындалды.

Қайғылы оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Жарылыс салдарынан 17 адам қаза болды.

Бір адам хабар-ошарсыз кеткен еді. 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев әскери бөлімде қызмет еткен.

 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.