Жамбыл облысындағы жарылыстың кесірінен 120 бала оқитын Жібек жолы ауылындағы мектеп жарамсыз болып қалды. Енді сол білім ордасының оқушылары көрші ауылға қатынап оқуға мәжбүр. Ал, жойқын жарылыстан үйлері қираған Қайнар ауылының тұрғындары бес күннен бері бала-шағаларымен бірге далада түнеп жүр. Халық осы күнге дейін мәселені шеше алмай, халықты үй-күйсіз, далада қаңғытып қойған билікке наразы. Тұрғындар тұруға жарамсыз үйді қайта жөндемей, ауыл халқының әр қайсысына жаңа үй салып берсін дейді. Мұндай талапты билікке тек ауыл тұрғындары ғана емес, кәсіпкерлер де қоя бастады. Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Қайнар ауылы мен оқ-дәрілер жарылған әскери қойманың арасы небәрі 400-500 метрдей ғана. Сондықтан жойқын жарылыстан кейін ауылдағы 19 үй түгі қалмай қирап қалған. Тұрғындар алғашында төбесі ортасына түскен баспаналардың орнына жаңасын салып береміз деген билік, енді уәделерінен тайқып отырғанын айтады. Олар әкімдіктен бүлінген үйлердің орнына жаңасын тұрғызып берсін деп отыр.
“Мынау тұратын үй емес. Шала-шала істейді де кетеді қазір. Алты айдан кейін шыға бастайды. Іргетасы жарылады. Үйден бөлек, қорасы бар, қоршауы бар. Оның барлығын кім жөндеп береді? Үйдің өзін істей алмай жатқанда, үкіметтің қолы оған жетпейтін шығар ”, – дейді Қайнра ауылының тұрғыны.
Жарылыстан кейін Жібек жолы ауылындағы жалғыз мектептің де қабырғалары қақырап, төбесі опырылып ортасына түсуге шақ тұр. Мектепті апатты деп таныған мамандар оқушылар мен мұғалімдерді кіргізуге тыйым салыпты. Сондықтан ертеңнен бастап осы ауылдың 120-дан астам баласы жиырма шақырым жердегі Жаңа тұрмыс ауылына қатынап оқитын болды.
“Тасымалдап оқытатын боламыз уақытша. Енді осы мектептің орнына 150 орындық модульдік мектеп салып беру жоспарланып отыр”, – дейді Жамбыл облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жәмилә Бекбатырова.
Жарылыс болған жерге жақын орналасқан кәсіпкерлік нысан иесі де 1 миллиард теңгеден астам шығынға батқанын айтады. Бұл қыруар қаржы Қайнар ауылы қасындағы бір отбасы басқаратын қонақ үй, бірнеше дүкен мен дәмхана шығыны. Алайда әкімдік бүлінген ғимаратымды жөнделетін нысандар тізіміне қоспады дейді.
“Біздің материалдық шығынымызды төлеу керек. Бұл минаны мен әкелгенім жоқ. Айтып жатыр, «кәсіпкерлер өздері жөндейді» деп. Кәсіпкер кәсібі жүріп тұрса ғана жөндейді”, -дейді кәсіпкер Ләззат Жабатаева.
Жамбыл облысының әкімдігі апат салдарынан 106 тұрғын үй, 12 коммерциялық нысан және үш мектептің бүлінгенін айтқан еді. Шенеуніктер қираған үйлерді алдағы екі ай ішінде қалпына келтіруге уәде беріп отыр.
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024