14-10-21 |
630 рет қаралған
Жамбылдағы оқ-дәрі қоймасында бір ай бойы жару жұмыстары жүреді.
Жамбылдағы оқ-дәрі қоймасында бір ай бойы жару жұмыстары жүреді

Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрі фрагменттерін жару жұмысы басталды. Бақылап жару жұмыстарын қорғаныс министрлігінің инженерлік-саперлік бөлімшелерінің күштері бір ай бойы жүргізеді. 

«Жұмыс дүйсенбі мен жұма аралығында күн сайын 13 қарашаға дейін жүргізіледі. Бұл үшін адам аяғы баспайтын таулы жерден, әскери бөлім мен елді мекендерден 12 шақырым қашықта жатқан учаске таңдап алынды», – делінген қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарламасында.

Бір топ маман жергілікті халық пен инженерлік-саперлік бөлімшелер жеке құрамының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін таңдалған жер учаскесін толығымен зерделеген.

Жергілікті атқарушы органдар мен халыққа жару жұмыстары туралы алдын ала хабарланды, деді министрлік.

Жару жұмыстары жүргізіліп жатқан аумақ қоршалған.

«Жару кезінде жарылыс даусы естіледі. Жүргізілетін жұмыс жергілікті халыққа қауіп төндірмейді», – деп сендірді ведомстводағылар.

Облыстық полиция департаменті жару жұмыстарының кестесі сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін жоспарланғанын нақтылады.

Бұған дейін әлеуметтік желі қолданушылары Тараз түбінде тағы да жарылыс даусы естілгенін жазған еді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.