Біз
әлеуметтік
желіде
29-05-25 |
590 рет қаралған
Асқар Құлыбаев Қапшағай жағалауындағы үш жер телімін мемлекетке қайтаруға міндеттелді.
Асқар Құлыбаев Қапшағай жағалауындағы үш жер телімін мемлекетке қайтаруға міндеттелді

2025 жылғы 21 мамырда Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы кәсіпкер Асқар Құлыбаевқа Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауында орналасқан үш жер телімін мемлекет меншігіне қайтару туралы шешім шығарды. Бұл шешімге себеп аталған жер телімдерінің су қорғау аймағында орналасуы және олардың жекеменшікке заңсыз берілгені.

Қонаев қаласының прокуроры сотқа талап арыз беріп, бұл телімдерге қатысты барлық мәмілені жарамсыз деп тануды сұраған. Себебі, жерлер су қорғау жолағында орналасқан және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тек уақытша пайдалануға ғана берілуі тиіс.

Бастапқыда, 2024 жылдың ақпан айында сот прокурордың талаптарын қанағаттандырудан бас тартқан. Соттың уәжі жер телімдері жекеменшікке берілген кезде су қорғау аймағының нақты шекаралары белгіленбеген еді. Алайда апелляциялық инстанция бұл уәжді жоққа шығарып, шешімді өзгертіп, прокурордың талабын толық қанағаттандырды.

Сот мәліметінше, алғашқы жер телімі 2004 жылы Қапшағай қаласының сол кездегі әкімі Сергей Зеленскийдің бұйрығымен Қадыр Әлімбаевтың меншігіне өткен. 2006 жылы ол бұл жерді «Тамыз-Ка» ЖШС-не сатқан. Бұл компания Асқар Құлыбаевтың немересі Бексұлтан мен келіні Наиля Құлыбаевалардың иелігінде болған.

Кейінгі екі жер телімі де осындай сызбамен Құлыбаевтармен аффилирленген компаниялардың қолына өткен. «Тамыз-Ка» ЖШС аталған үш жер телімін 2016 жылдың қыркүйегінде тікелей Асқар Құлыбаевтың атына тіркеген.

Сот бұл мәмілелердің барлығы «адалдық көрінісін жасауға бағытталған» деп таныды. Сонымен қатар, Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы жерлердің су қорына тиесілі екенін көрсеткен рұқсат қағаздарын берген. Бір жер теліміне нақты рұқсат болғанымен, екіншісіне шектеулі рұқсат берілсе, үшінші телімге мүлде келісім берілмеген. Бұл да сот шешімінде маңызды дәлел ретінде қаралды.

Сот шешімі заңды күшіне енді. Алайда, тараптар алты ай ішінде кассациялық шағым түсіруге құқылы.

Самал Асқар

Фото: https://kz.kursiv.media/

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.