Талғардағы 16 жастағы бозбаланың қасақана өлімі – Қазақстан қоғамы үшін ұмытылмас трагедия. Бұл – жай ғана қылмыс емес. Бұл – әділеттіліктің қаншалықты қымбат екенін, ал бала өмірінің қаншалықты қорғансыз екенін көрсеткен резонансты оқиға. Бүгінде сот процесі шешуші кезеңге – жарыссөздерге жетті. Прокурор Дана Сарсенбай әрбір айыпталушыға қатысты нақты мерзім сұрап, істің барлық мән-жайын тағы да тарқатты.
Қанішерлік шабуыл: Шерзат қалай қаза тапты?
2024 жылдың 4 қазан түні. Шерзат Полат – қарапайым отбасынан шыққан жасөспірім, Талғардағы шағын «Камажай» дүкенінде әкесіне көмектесіп жүрген. Сол түні дүкенге келген ашулы клиент жанжал шығарып, сырттан «достарын» шақырған. Артынша дүкен алдына көлікпен бірнеше жігіт жетіп келіп, Шерзат, оның әкесі мен ағасын аяусыз ұрып-соға бастайды.
Олар пышақ, кастет, тіпті аңшылық мылтық та қолданған. Бейнебақылау камераларындағы кадрлар интернетке тарап, жұрттың жағасын ұстатты. Бұл шабуыл жай ғана төбелес емес – қасақана, ұйымдасқан, адам өмірін еш елемеген қатыгездік болатын.
Шерзат бірнеше рет пышақталған. Тергеу дерегінше, соңғы, өлімге алып келген соққыны Абзал Шынасыл салған. Жәбірленуші жерде қансырап жатқанда, шабуылдаушылар оны тағы ұрған.
Прокурор не сұрады
Айыптаушы тарап – Мемлекеттік айыптаушы Дана Сарсенбай сотқа әрбір айыпталушының нақты қылмыстық әрекетін саралап, заң аясында сұралатын жаза мерзімдерін мәлімдеді:
Абзал Шынасыл – 23 жыл бас бостандығынан айыру.
Айыптары:
– ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлімінің 1, 5, 7, 9, 14-тармақтары (аса қатыгездікпен, жасөспірімді, топпен, алдын ала сөз байласып, бұзақылық ниетпен кісі өлтіру),
– 293-бап 3-бөлім (қару қолдана отырып жасалған хулигандық),
– 24-бап 3-бөлім (қылмысқа дайындалу және оқталу).
Равиль Сакиев – 20 жыл.
– Бұзақылық және адам өлтіруге оқталу.
Азамат Тоқтаубаев – 15 жыл.
– Бұрын да хулигандықпен ауыр жарақат келтіріп, 7 жылға сотталған. Бұл жолы – хулигандық және ұрлық.
Нұркияс Ильясов – 9 жыл.
– Бұрын шартты түрде сотталған. Қазір – қару қолданған хулигандық.
Шыңғыс Белгожаев, Дархан Әскентай, Дидар Кәлиахмет, Нұрбол Тоқтаубаев – әрқайсысына 7 жылдан.
– Қару қолдана отырып жасалған топтық хулигандық.
Кәмелетке толмаған Д.Ы. – 1 жыл 6 ай.
– Қылмыс туралы хабарламағаны үшін (ҚР ҚК 434-бабы).
Шерзаттың анасының сөзі: «Ұлымды көзімше өлтірді»
Сотта сөз алған Шерзаттың анасы жүректі ауыртатын шындықты жайып салды. Ол оқиға орнында болып, ұлының қалай соққыға жығылғанын, соңғы рет «Анашым» деп көмек сұрағанын айтып, көзіне жас алды.
Маған қарап тұрып «Закрой рот, или я тебя убью» деді. Ұлымды көз алдымда соққыға жықты. Ол жерде полиция жоқ, әділет жоқ. Бәрі жай ғана қарап тұрды», – дейді анасы.
Бұл – жай төбелес емес. Бұл – ұйымдасқан шабуыл
Сотқа ұсынылған материалдар мен прокурор сөзі бұл істің кездейсоқ жанжал емес, ұйымдасқан шабуыл екенін айғақтайды. Топ мүшелері алдын ала хабарласып, арнайы қару (пышақ, кастет, мылтық) алып келген. Бұл – өз «заңдарын» орнатқысы келетін «Хуторские» деген топтың әрекеті деген болжамдар да айтылуда.
Соттан кейін – отбасын тозақ күтіп тұрды
Шерзаттың отбасы бұл қайғыны естен шығара алмай жатқанда, тағы бір ауыр соққы тиді:
Желтоқсанда отбасының үйі отқа оранды.
9 желтоқсанда Шерзаттың ағасының денесі табылды – өз-өзіне қол жұмсаған.
11 желтоқсанда әкесі белгісіз себеппен 15 тәулікке қамалды.
Бұл жағдайлардың барлығы қоғамда күмән туғызды. Бұл жай ғана сәйкестік пе, әлде Шерзат ісіне қатысы барлардан келіп жатқан қысым ба?
Қоғам әділетті шешімді талап етеді
Бұл іс билікке, құқық қорғау органдарына үлкен сынақ болды. Министр Ержан Саденов істі жеке бақылауына алды, Талғарға арнайы топ жіберілді. Бас прокуратура «қылмыскерлер жазасыз қалмайды» деп мәлімдеді. Бірақ қоғам «уәде емес, нәтиже керек» дейді.
Шерзаттың өлімі – тек бір баланың трагедиясы емес. Бұл – елдегі жазасыздық пен шала тергеудің, қатыгездіктің көрінісі. Бүгінгі сот осы әділетсіздіктің соңғы нүктесі бола ала ма – уақыт көрсетеді.
Сот процесінің жарыссөз кезеңі жүріп жатыр. Алдағы күндері қорғаушылар мен жәбірленуші тарап соңғы сөздерін айтады. Үкім – жақын күндері жариялануы тиіс.
Ал қоғам тек бір нәрсені қалайды: бала өмірін қиған қатыгездік әділетпен жауап берсін.
Самал Асқар