Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан 8 наурызда Алматыда өткен әйелдер маршын цирк, маразм деп атады.
«Қыздар әйелдер құқығын жақтаймыз деп айқайлады. Ал негізінде олар өз құқықтарын қорғап сөйлеген жоқ, сандырақтады. Олардың маршының басты мақсаты – қазақтың тірегін шайқалту сынды әсер қалдырады. Қазақта «қызға қырық үйден тыйым» деген сөз бар, ал олар «менің өмірім – менің құқығым дейді. Мені дұрыс түсініңіздер, бұл дұрыс емес» деді депутат сәрсенбідегі мәжілістің отырысында.
Сондай-ақ депутат қазақтың ата-бабасы бір жынысты некеге және жыныс ауыстыруды қолдамағанын айтып, Қазақстан аумағында әйелдер маршы сынды теріс пиғылды насихатқа тыйым салуға шақрыды.
Алматыда 8 наурызда әйелдер маршы өтіп, оған қатысушылар әйелдер құқығының қорғалуын, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейтуді талап еткен еді.