Қазақстанның бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы Кәрім Мәсімовке тиесілі Астанадағы зәулім үйдің ішіндегі қымбат мүліктердің тағдырына қатысты жаңа деректер жарияланды. Бұл туралы «Қайтарылған активтерді басқару» компаниясының жетекшісі Қуанышбек Мұқаш мәлімдеді.
Оның айтуынша, үйдің өзі Астана қаласының әкімдігіне әлеуметтік мақсатта пайдалануға беру жоспарланған. Бірақ әкімдік әлі күнге дейін өз өтінішін нақты растамаған. Сол себепті, үйді электрондық саудадан алып тастаған.
Бүгінде үйдің ішінде болған барлық бағалы заттар, яғни жиһаздар, тұрмыстық техника, сәндік бұйымдар және басқа да материалдық құндылықтар жеке активтер ретінде тіркелген және олар бөлек лот түрінде аукционға шығарылуы мүмкін. Қуанышбек Мұқаш бұл заттарды не жеке сатуға, не басқа активтермен бірге біріктіріп сатуға болатынын айтты.
Аталған үй бұған дейін бірнеше рет аукционға шығарылып, бастапқыда 1,8 млрд теңге, кейін 1,6 млрд теңгеге дейін арзандатылған. Бірақ сатып алушылар тарапынан қызығушылық болмаған. Бұл нысанның заң жүзінде компания балансына қалай өткені нақты белгісіз, себебі, барлық келісімдер мен құжаттар Бас прокуратура мен иелері арасында жасалған және олардың таралуы шектеулі.
Самал Асқар