Біз
әлеуметтік
желіде
30-03-25 |
500 рет қаралған
Пирамиданы жарнамалаған жұлдыздарға жауаптылық бар ма?.
Пирамиданы жарнамалаған жұлдыздарға жауаптылық бар ма?

Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар өз қатарына көбірек адам тарту үшін танымал тұлғаларды тартуда. Себебі, азаматтар өздері жақсы білмейтін пирамидаларға күмәнмен қараса да, елге белгілі адамдардың сөзіне сенеді. Көпшілігі танымал адамдардың қателесуі мүмкін емес, халықты жамандыққа тартпайды деп ойлайды.

Алайда, елге белгілі әнші, актер, журналист, блогерлер де қаржы пирамидаларының жымысқы ойын білмеуі, жарнамаға төлеген аз-маз қаламақысына қызығып, өзіне бейтаныс ұйым мен тауар туралы жақсы лебіз білдіруі мүмкін. Танымал тұлғалардың теріс жарнамасының кесірінен шығынға батқан, алданған азаматтардың көбеюі бұл мәселеге тыңғылықты қарап, жосықсыз жарнама жасаушыларға арнайы жауаптылықтың белгіленуіне түрткі болды.

Инвестициялық компанияның түпкі ойын білмей жатып, жарнама жасағаны үшін халықтың өкпе-ренішін естіген әншілердің бірі – Ақбота Керімбекова. Әншінің айтуынша, жарнама берген компания өзіне лицензиясын көрсетіп, жұмыстарының бәрі заңды деп сендірген. Керімбекованың күнделікті қайталайтын жарнамасынан кейін күмәнді компанияға салым салғандар қатары еселеп өскен. Кейіннен бұл ұйымның қаржы пирамидасы екенін біліп, тақырға отырғанда ғана азаматтар компанияға емес, сүйікті әншілеріне сенгендіктен, ақшасын салғандарын айтқан.

Көпшіліктің ықыласына бөленген әнші Роза Әлқожаның да аты осындай қаржы пирамидасының кесірінен дауға қалды. Салымшылардың арасында ұтыс өтетінін хабарлап, жаңа компанияның жарнамасын жандырған Роза Әлқожа да өзі жарнамалаған ұйымның артында алаяқтар тұрғанын білмеген.  Ал Розаға сенген азаматтар ақшасын қайтаратын адамды таппай аласұрғанда сүйікті әншілерін іздеген болатын.

Танымал вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов та қаржы пирамидасының басында тұрып, талай адамның алдануына түрткі болғаны белгілі. Алдыңғы әншілермен салыстырғанда, қос вайнердің қылмысы дәлелденіп, бүгінде жазасын темір тордың ар жағында өтеуде.

Міне, қоғамда осындай келеңсіз жағдайлардың белең алып, танымал адамдардың күмәнді жарнамаларға түсуі көпшілікке терең ой салды. Қаржы пирамидаларының торына түскендердің көптігі белгілі тұлғалардың көпшілікке әсерінің айтарлықтай жоғары екенін аңғартты. Расында танымалдық – үлкен күш. Осы жағдайлар ескеріле келе еліміздің заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жалған жарнама үшін жауаптылықты белгілейтін арнайы баптың қарастырылғаны белгілі.

Жаңа заңнамалық өзгерістерге сәйкес, еліміздің Қылмыстық кодексi 217-1 бабымен толықты. Яғни, бұл бап қаржылық (инвестициялық) пирамиданы жарнамалағандарға жауаптылықты қарастырады. Аталмыш жаңашылдыққа орай, елімізде қаржылық немесе инвестициялық пирамиданы жарнамалауға, соның ішінде БАҚ бетін, онлайн платформаларды пайдалана отырып жарнама жасауға адамдарды тартқандарға жаза қатал.  Мұндай заңбұзушылыққа жол бергендердің мүлкі тәркіленіп, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады. Немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыс, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы белгіленуі мүмкін. 

Егер қаржы пирамидаларын жарнамалау ісін адамдар топ болып, сөз байласып жасаса, ескерту берілгеніне қарамастан бірнеше рет қайталап жасаса, сонымен бірге азаматтар өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жосықсыз жарнаманы жасаса заң шеңберінде жауапкершілік арқалайды. Мұндай заңбұзушылыққа жол бергендердің де мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айырыла отырып, төрт жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан шектелуі не сол мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Көріп тұрғанымыздай, енді жарнама үшін жауаптылық жоқ деп арқаны кеңге салып, ақшаның соңына түсуге болмайды. Әсіресе, елге танымал, көпке белгілі азаматтар ескерер тетіктер көп.

          Жарнаманы тек ақша табудың қосымша көзі деп бағалауға болмайды. Өз беделі мен абыройын ойлаған жұлдыздар өзі жарнамалағалы отырған тауар, өнім, қызметтің пайдалы екенін зерттемесе де, халыққа зияны тимейтініне нақты көз жеткізуі керек. Жарнама үшін қаншалықты көп сома ұсынылып отырса да, өзі халыққа жеткізетін ақпараттың сапасына, сенімділігіне қатысты күмән болмауы керек. Себебі ақша табылады, абырой табылмайды. Халықтың сенімі мысқалдап жиналғанмен, абыройдың төгілуі бір-ақ сәт. Бүгін жұққан кір мен күмәннен айлап емес, жылдап құтыла амайтыныңды түсіну шарт.

Өнер адамдарына жарнама жасатуға келгендердің қомақты ақша, заңды келісімшарт ұсынып, құқықтық құжаттар мен арнайы лицензиясын көрсететіні белгілі. Бірақ оның заңдық қырын танымал тұлғалар айқындай алмауы мүмкін. Сондықтан, өзінің беделі мен бет-бейнесін алаяқтар пайдаланып кетпеуі үшін танымал азаматтар әрбір құжатқа терең үңіліп, халыққа ұсынатын ақпаратының сенімнен шығатынына көз жеткізуі тиіс.

          Мәселен, «Astex.kz» ЖШС, «ACD technology» ЖШС жəне «Мудараба» ЖШС секілді қаржы ұйымдарының жұмысын жолға қойып, салымшыларының көбеюіне ең алдымен осы әнші, актерлер мен әлеуметтік желіде миллиондаған жазылушысы бар блогерлер түрткі болды. Қаржы ұйымының қаламақысын алғандар сенімсіз жарнаманы үсті-үстіне үдетті. Соның салдарынан пирамиданың қақпанына түскендер күн санап артты. Ал кейіннен бұл ұйымдардың қаржы пирамидасы екені анықталғанда қарапайым халық алаяқтардан бұрын, өздерінің сүйікті әншілеріне, өнер адамдарына өкпеледі.

Десек те, көп әншілердің сол тұста жауаптылықтан тыс қалғаны рас. Бас прокуратура өкілі Елдос Қилымжановтың айтуынша, атақты адамдарды басында қылмыстық жауаптылыққа тартуға негіз болмады. Себебі қаржы пирамидаларын заңсыз деп танымай тұрып, оны жарнамалағандарды жауапқа тарту мүмкін емес. Заңдағы сол бір ақтаңдақтар кейбір жұлдыздардың жауаптылықтан тыс қалуына көмектесті.

Осы ретте бір мәселеге көңіл бөлу қажет. Айталық жарнамадағы жауаптылыққа қатысты айтқанда танымал тұлғалар «білмедік, заңдылығын анықтай алмадық» деп өз істерін ақтап алуға тырысып жатады. Егер қаржы ұйымдары жұмысының тазалығына, заңдылығына көзі жетпесе, олар Қаржы мониторинг агенттігінің көмегіне жүгіне алады. Бұл агенттік «Байқа, пирамида!» деп аталатын телеграмм-месседжеріндегі ботты іске қосқанынан жалпы жұртшылық хабардар. Танымал тұлғалар да өзге азаматтар секілді осы боттың қызметіне жүгініп, өзіне қажетті ақпаратты сұрата алады. Ол үшін өзіне сұраныс жасаған ұйымның атын, немесе ақпараттарының сілтемесін осы ботқа жолдаса жеткілікті. Егер осы компанияға қатысты сұраныстар бұрын түскен болса немесе сол компанияға қатысты іс жүргізіліп, сот үкімі шыққан болса бот бірнеше секунд ішінде ескерту жасап, нақты жауап береді. Ал егер мұндай ақпараттарды алу қосымша зерттеуді, тексеруді қажет етсе, бот шектеулі уақытта компанияның заңдылығын айқындап береді. Яғни, жаңа заңның қолданысқа енуі «жарнаманы білмей жасадым, компанияның заңдылығын тексере алмадым» дегендердің сылтау айтуына жол бермейді. Енді жосықсыз жарнама жасағандар жазадан тыс қалмайды.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.