Қылмыстық іс жүргізу кодексі жақында қолданысқа енгізілді. Жаңа құжаттың жаңалықтары аз емес. Атап айтқанда, «қылмыс жасады» деп айыпталған адам жөнінде сот шығарған үкімнің негізді болуына алдын ала тергеудің сапасы, тергеуші жинақтаған дәлелдемелердің толықтығы ықпал етпей қоймайды.
Бұрынғы қолданыстағы Қылмыстық іс жүргізу кодексінде де тергеушінің қажетті деңгейде дербестігі мен кең өкілеттігі бекітілген және бұл қажеттілік тергеу сапасын қамтамасыз ету мақсатынан туындаған. Алайда, тиісті құқық қорғау органдарының қызметкері бөлімше басшысына бағынышты болғанына байланысты, тергеушінің дербестігі мен оның өкілеттіктері көп жағдайда қағаз жүзінде қалып, «оперативтік (жедел) қызметтердің шешімдері мен әрекеттерін хаттаушы» тұлға деңгейінен жоғары көтеріле алмай отырған жағдайы бар. Оның басты себебі, қылмысты ашу, статистика есебі, дұрыс көрсеткіштерге қол жеткізу үшін жауапкершілік құқық қорғау органының жергілікті бөлімінің басшысына және оның бірінші орынбасарына жүктелгенінде болып отыр. Міне, осындай олқылықтарға орай ішкі қызмет жарғысының талаптары мен дербестігі тұсалған және өндірісіндегі көптеген қылмыстық істен қолы босамайтын тергеушінің тергеу және іздестіру жұмыстарына басшылық жасап, жедел іздестіру қызметіне тергеуіндегі іс бойынша тиісті бағыт беру орнына, олардың берген ақпаратына қанағат жасаудан басқа амалы қалмайды. Бұл жағдай тергеу сапасына теріс ықпал жасайтыны сөзсіз. Алдын ала тергеу сапасына көңіл толмайтындығы республикалық басылымдарда да көрініс беріп жатады. Осыған байланысты, жаңа Қылмыстық іс жүргізу кодексінде тергеушінің дербестігі және оның өкілеттігі іс жүргізу кепілдіктерімен бекітіліп, Қылмыстық іс жүргізу кодексімен қатар, «Тергеушінің мәртебесі туралы» заң да қабылдануы қажет деп санаймын.
Келесі мәселе тұжырымдамада сотқа дейінгі тергеудің нақты мерзімі көрсетілмей, оның орнына «ақылға қонымды мерзім» енгізу көзделіп отыр. Көпе-көрінеу жасалған, соның ішінде, ауыр қылмыстар бойынша да, тергеу 30 тәуліктен аспайтын қысқа мерзімде, ал, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар бойынша сотқа дейінгі тергеу 15 тәулікте аяқталатыны көзделген. Осы орайда, ауыр қылмыс жасағаны үшін он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатынын, сондай-ақ, ауыр және аса ауыр қылмыстарды тергеу ісі ерекше тиянақтылықты қажет ететінін есте ұстаған жөн. Атап айтқанда, сот талқылауында орындауы мүмкін болмайтын бірінші кезектегі, соның ішінде, сол бойда орындалуға жататын, дәлелдеме жинауға және оларды бекітуге бағытталған тергеу амалдарының маңызы зор екені белгілі. Сонымен қатар, сотқа дейінгі тергеу барысында тағайындалатын сараптамаларды өткізу үшін біршама уақыт қажет. Бұдан бөлек, сараптаманың кейбір түрлері алдыңғы сараптамалар өткізілген соң ғана тағайындалатынын (мәселенки, бір айғақты затты зерттеген мезгілде оған әуелі тоқыма заттар жөнінде сараптама өткізілген соң ғана айғақты затқа сот-дәрігерлік сараптама тағайындау мүмкін) ескеру маңызды.
Психологиялық және жүйке ауыруын анықтауға бағытталған сараптамалар, соның ішінде, кейбір жағдайда сезіктіні емдеу мекемесіне орналастырумен ұштастыратын сараптама өткізуге біршама уақыт кетеді. Және кей кездерде сараптама қажеттігі тек белгілі бір көлемде тергеу амалдарын – жауап алуды, беттестіруді, тергеу экспериментін, оқиға болған жерде тұлғаның берген жауабын тексеру амалдарын орындаған соң ғана туындауы мүмкін. Сонымен қатар, сезіктіге айыбын жариялау өкілеттігін қылмыстық іс жүргізу кодексі жобасының тұжырымдамасында прокурорға жүктеу көзделіп отыр. Бұндай жағдайда тергеушінің әрекеттерін 30 тәулікке тең уақыт шеңберімен тұсау, толыққанды тергеу жүргізіп, дәлелдемелер теориясы негізінде сезіктінің кінәсін дәлелдеу орнына, цейтнот жағдайында уақыттан тарыққан, бірақ, қылмыстың ашылғандығы жөнінде ақпарат беруге мүдделі тұлғалар қайткен күнде де сезіктіге «қылмысын мойындатуға» әрекеттеніп, А.Вышинскийдің «дәлелдемелер патшайымы» теориясына қайта дем беру қаупі туындайтынын жоққа шығара алмаймыз. Осыған байланысты, ауыр қылмыстар бойынша сотқа дейінгі тергеу мерзімін 30 тәулікпен шектеу қылмыстық іс жүргізу құрсауына шырмалған адам, іске қатысушы басқа тұлғалар үшін де теріс зардабын келтіруі мүмкін деген пікір білдіргім келеді.
Ендігі мәселе, тұжырымдамада сезіктіге айыбын жариялау туралы шешімді қабылдау өкілеттігін тергеушіден алып, оны толығымен прокурорға беру көзделген. Осы орайда, сезіктіге оның айыбын қай мезгілде жариялау қажет – сотқа дейінгі тергеу барысында ма, әлде, сезіктіге айыбын жариялау тергеудің аяқталу сатысында жарияланған жөн бе? Осыны айқындап алған жөн болар еді. Бұл мәселенің маңызы, атап айтқанда, Конституция мен қолданыстағы Қылмыстық іс жүргізу кодексінде, қамауға алу сипатындағы бұлтартпау шарасы тек соттың санкциясымен ғана жүзеге асырылатыны бекітілген. Және қамауға алу тек ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған айыпталушыға қолданылып, сезіктіге тек ерекше жағдайларда ғана қолданылуы мүмкін. Осыған байланысты, егер де сезіктіге айыбын жәриялау сотқа дейінгі тергеудің аяқталу сатысы болып қала берсе, бұндай жағдайда ауыр және аса ауыр қылмыс жасағанына сезіктілер сотқа дейінгі тергеу барысында бостандықта қалып, істің бітіміне қолынан келгенінше ықпалын тигізуге бағытталған әрекет жасай бермек, не болмаса, айыбы жарияланбаған адамды қамауда ұзақ уақыт ұстау қаупі бар.
Одан басқа, бұл жағдайда қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын сезіктіге қолдану барлық жерде қалыпты әдетке айналып кетуі де әбден мүмкін. Осыған байланысты, құқықтық құжаттарда сезіктіге айыбын сотқа дейінгі тергеудің кез келген кезеңінде жариялау және тергеу барысында жаңа мән-жайлар мен дәлелдемелерді ескере отырып айыпты өзгерту мүмкіндігі қамтылуы керек деп есептеймін.
Тағы бір мәселе, ол тұжырымдамада соттың қылмыстық істі қосымша тергеуге қайтару мүмкіндігін жоюды көздегенінде болып тұр. Біріншіден, айыбы жарияланған адам сол айыпқа өзінің көзқарасын білдіруге (мойындайтынын немесе мойындамайтынын), осы айыбы бойынша өзінің түсінігін беруге, осы айыпқа қатысты дәлелдемелер тапсыруға құқылы. Ал, одан кейін, ол жөніндегі іс бойынша өткізілген сот талқылауы нәтижесінде, қылмысты жасаудағы сотталушының пиғылы, қылмыс жасауға ықпал еткен мән-жайлар мен қылмыстың түпкі мақсаты айқындалып, алдын ала тергеудегі анықталғандардан өзгеше болатын жағдайлар да сирек емес. Бұндай жағдайда, егер де сотталушының әрекеті Қылмыстық кодекстің «Ерекше бөлімінің» неғұрлым жеңіл жаза көздеген бабымен дәрежеленуге жататын болса, сот кеңесу бөлмесінде сотталушының әрекетін қайта дәрежелеп, түпкілікті шешім шығара алады. Ал, егер сот талқылауы нәтижесінде сотталушының әрекеті неғұрлым ауыр қылмыс жасағаны үшін жаза көздейтін баппен дәрежеленуге жататыны анықталған жағдайда соттың әрекеті қандай болмақ? Бұндай жағдайда сотталушының әрекетін қайта дәрежелеу оның жаңадан тағылған айыпқа көзқарасын білдіру құқығының бұзылуына, жаңа айып бойынша түсінік беру, уәждерін келтіру мен дәлелдемелер тапсыру мүмкіндігін барынша шектеуге әкеп соқтырады.
Қорыта келе, негіздерін шектей отырып, соттың істерді қосымша тергеуге қайтару мүмкіндігін сақтап қалу керек деп ойлаймын.
Т. СЫРЛЫБАЕВ
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024