05-02-25 |
1890 рет қаралған
Депутат Серік Егізбаев: «Аграршылар екі жылдап өз ақшасын күтуге мәжбүр».
Депутат Серік Егізбаев: «Аграршылар екі жылдап өз ақшасын күтуге мәжбүр»

Қазақстанда көктемгі егіс науқаны басталып келеді. Оңтүстік өңірлерде егін егу жұмыстары қызу жүріп жатса, басқа аймақтар да дайындық жүргізуде. Алайда, ауыл шаруашылығы саласындағы қаржылық мәселелер фермерлердің жағдайын одан әрі күрделендіріп отыр. Мәжіліс депутаты Серік Егізбаев бұл түйткілге алаңдаушылық білдіріп, Үкіметті нақты шаралар қабылдауға шақырды. 

Депутаттың айтуынша, 2024 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттен фермерлерге төленуі тиіс 296 миллиард теңге субсидия әлі күнге дейін өтелмеген. Ал 2025 жылға қосымша 110 миллиард теңге қажет. Осылайша, қарыз көлемі артып, ауыл шаруашылығындағы қаржылық дағдарыс тереңдей түсуде. 

Субсидия да, несие де жоқ

Серік Егізбаевтың сөзінше, фермерлер өздерінің субсидияларын екі жылға дейін күтуге мәжбүр. Мемлекеттік төлемдердің кешігуіне байланысты олар шаруашылық шығындарын өтеу үшін коммерциялық банктерден жоғары пайызбен несие алуға мәжбүр. Бұл олардың қаржылық жағдайын одан әрі әлсіретіп, ауыл шаруашылығының дамуын тежейді. 

«Соңғы алты айда ауыл шаруашылығын қаржыландыру жүйесін жетілдіру мәселесі Мәжілістің Аграрлық комитетінде алты рет қаралды. Әрбір отырыстан кейін біз Үкіметке ұсыныстар мен шешімдер жолдадық, бірақ нақты нәтиже жоқ», – деп мәлімдеді депутат. 

Үкіметтің жауабы – «ақша жоқ»

Депутат сондай-ақ, мемлекет тарапынан фермерлерден астық сатып алу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, депутаттардың бұл мәселеге қатысты барлық сауалдарына Үкіметтен бір ғана жауап келеді – «ақша жоқ». 

«Ақша массасын көбейту туралы ұсыныстарды инфляция қаупімен негізсіз жоққа шығарады. Бірақ кез келген экономика студенті біледі: инфляция – бұл тауарлық қамтамасыз етілмеген ақша массасы. Ал біздің аграршылар тек дәнді дақылдардың өзінен 26 миллион тонна өнім өндірді. Бұдан бөлек, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін басқа да өнімдер бар. Бірақ Үкімет аграрлық секторды емес, нақты құндылық өндірмейтін, бірақ триллиондаған пайда табатын кейбір экономикалық салаларды көбірек қолдап отыр», – деп сын айтты Серік Егізбаев. 

«Печатный станокты іске қосу қажет»

Мәжілісменнің пікірінше, Үкімет пен Ұлттық банк батыл шешім қабылдап, ақша массасын арттыруы керек. 

«Қарапайым тілмен айтқанда, ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлеміне сәйкес келетін деңгейде қосымша ақша басып шығару қажет. Үкімет фермерлерге субсидия беруден бас тартып, қолжетімді несиелендіру саясатына көшіп жатыр. Осындай жағдайда ауыл шаруашылығы саласының жаңа экономикалық жағдайларға бейімделуі үшін қаржылық қолдау қажет», – деп түйіндеді депутат. 

Қазақстандық фермерлер мемлекеттік субсидияның берілуін ғана емес, Үкіметтің нақты шешімдерін күтуде. Аграрлық секторды қолдау мәселесі шешілмесе, бұл саладағы қиындықтар ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасына, азық-түлік қауіпсіздігіне және жалпы ел экономикасына әсер етуі мүмкін.

Самал Асқар

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.