Діни сауалға жауап іздеген жастар бүгін мешіттегі имамға ғана емес, әлеуметтік желідегі уағызшыға да жүгіне алады. Алайда қысқа видеоның түсінікті әрі әсерлі болуы ондағы тұжырымның дұрыстығына кепіл бола ма? Дін сарапшылары жастардың цифрлық ортадағы діни қажеттілігіне білікті мамандар жауап беруі керектігін алға тартып отыр. Зерттеулер де интернеттің діни ақпарат алуда елеулі орынға шыққанын көрсетеді, деп хабарлайды Arasha.kz.
Мәселен, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми журналында жарияланған зерттеуде осы мәселе қарастырылған. Автор 2025 жылғы қаңтар мен маусым аралығында 1052 студент арасында жүргізілген сауалнамаға сүйенеді. Қатысушылардың 44,2 пайызы діни ақпаратты интернеттен, 52,2 пайызы ата-анасы мен туыстарынан алатынын айтқан.
Әрине, бұл көрсеткіштерді барлық қазақстандық жасқа телуге болмайтын шығар. Зерттеуші іріктеменің ықтималдыққа негізделмегенін және қатысушылар арасында 18-22 жастағылар басым екенін ескертеді. Дегенмен зерттеу қамтыған ортада отбасы мен цифрлық ресурстардың қатар ықпал ететіні байқалып отыр. Демек, діни ақпараттың мазмұнымен бірге оның жастарға қандай арна арқылы жететінін де талқылау қажет.
Дін сарапшысы Балғабек Мырзаев кейбір жастардың діни білімді TikTok пен YouTube-тен іздеуін платформалардың ұсыну тәсілімен байланыстырады.
«Өйткені әлеуметтік желілер қолжетімді, жылдам әрі қызықты формат ұсынады. Ал діни сауаты төмен немесе мүлдем жоқ адамдар оларды дұрыс деп қабылдап, соның жетегінде кетіп қалып жатады. Алайда ол қысқа видеоларда діни мәселелер көбіне үстірт немесе біржақты түсіндіріледі. Сондықтан дін саласындағы уәкілетті органдар жастардың діни қажеттілігіне жауап бере алатын тәжірибелі дін мамандары мен білікті теологтардың цифрлық кеңістіктегі белсенділігін арттыруына басымдық бергені дұрыс, тіпті уақыт талабы», – дейді сарапшы.
Осы тұста зерттеудегі сенім көрсеткіштері назар аудартады. Сауалнамаға қатысқан студенттердің 55,8 пайызы жергілікті имамдар мен мүфтилерге сенетінін білдірген. Шетелдік уағызшыларға сенетіндердің үлесі 7,5 пайыз болған. Бұл деректер жергілікті діни мамандарға сенім бар екенін көрсетеді. Ал олардың әлеуметтік желіде жастармен қаншалықты тұрақты байланыс орнатқаны, сұрақтарына қай тілде жауап беретіні бөлек зерделеуді қажет етеді.
Расында желіден дін туралы жауап іздеген жас көбіне қысқа видеоға (Shorts, Reels және т.б. – ред.) тап болады. Сол бейне роликтерде сөйлеп отырған адам кім, діни білімі бар ма, айтқанын қай дерекке сүйеніп жеткізді? Қызылорда облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының аға маманы, теолог Олжас Нарымбетов жастарға осы сұрақтарды қоюды үйрету керек дейді. Оның пікірінше, мұндай дағдыны мектепте де қалыптастыруға болады. Кей жастар дін туралы сұрағын көптің алдында қоюға қысылады да, жауабын желіден іздейді. Сарапшы сондықтан оқушылар еркін сауал қоя алатын кездесулер өткізіп, дін мамандарымен ашық әңгімелесуге мүмкіндік беруді ұсынады.
«Әдемі сөйлейтін, эмоцияға әсер ететін кез келген адам өзін сарапшы ретінде көрсете алады. Радикалды идеяларды таратушылар көбіне кәсіби психологиялық әдістерді қолданады. Олар бірден қауіпті үндеу жасамайды. Алдымен адамның сеніміне кіреді, күнделікті мәселелерді қозғайды, сосын біртіндеп өз көзқарасын енгізеді. Сондықтан жастарға тек діни сауат емес, медиасауат та қажет», – дейді Олжас Нарымбетов.
Интернеттегі діни мазмұнға қатысты профилактиканың ауқымы да елеулі. Дін істері комитетінің мәліметінше, 2025 жылдың бірінші жартысында экстремистік контентті таратудың 10 852 жағдайы анықталып, 3126 материал өшірілген. Сол кезеңде әлеуметтік желілерде профилактикалық бағыттағы 60 мыңнан астам жарияланым орналастырылған.
Балғабек Мырзаев радикалды көзқарастың алдын алудағы шараларға қатысты сұрғымызға да жауап берген болатын. Ол жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын сөз ете келе, мамандардың даярлығы мен қоғамдық байланыстың маңызына тоқталды.
«Ең әлсіз тұсымыз міне осылар деп айтсақ, қателесетін шығармыз. Елімізде діни радикализмнің алдын алу жұмыстары белгілі бір жүйелілікпен жүргізіліп келеді. Мүмкін, сол жұмыстардың сапасына қатысты сұрақтар бар шығар. Бұл да дін саласындағы мемлекеттік саясатты жетік білетін мамандардың тапшылығынан деп ойлаймын. Кей жағдайда отбасы, мектеп және қоғам арасындағы байланыс жеткіліксіз болады, ал кей жастардың діни сауатының төмендігі оларды жалған уағыздың ықпалына түсіруі мүмкін. Сондықтан профилактика тек тыйым салумен емес, сапалы біліммен, ашық диалогпен және өсіп келе жатқан ұрпақтарымыздың діни қажеттіліктеріне жауап бере алатын сыни ойлау мәдениетін қалыптастырумен қатар жүруі қажет», – деді дін сарапшысы.
Балғабек Мырзаев көтерген мәселе діни ақпаратты кім жеткізетінімен қатар, оны қабылдайтын адамның дайындығына да қатысты. Отбасындағы әңгіме, мектептегі білім және маманмен ашық сөйлесу мүмкіндігі осы жерде тоғысады. Жас адам өз сұрағын еркін қойып, естіген жауабының негізін сұрап, түрлі тұжырымды салыстыра алғанда діни сауат туралы әңгіменің практикалық мәні ашылады. Мырзаев ұсынған ашық диалог пен сыни ойлау мәдениетін дамыту бағытын осы тұрғыдан қарастыруға болады.