16-04-18 |
19500 рет қаралған
Туғанына бір ай да болмаған сәбиді жерасты өткеліне тастап кеткен.
Туғанына бір ай да болмаған сәбиді жерасты өткеліне тастап кеткен

Алматыда екі бірдей тастанды нәресте табылды.Туғанына бір ай болмаған сәби 10 сәуір күні Райымбек батыр мен Күдерін көшелерінің қиылысындағы жер асты өткелінен табылған. Ал екіншісі 7-8 айлық бала 11 сәуірде Ұлықбек пен Алтынсарин көшелерінің қиылысында жатқан.

Бірінші табылған шақалақ қыз бала. Сасық әрі қоқысқа толы жер асты өткелінде сәбидің шырылын әуелі жаяу өтушілер естіген. Бірден жедел жәрдем шақырыпты. Басында көк қалпақ, көк көрпемен оранған. Үстінде қыздың туған күні жазылған бір жапырақ қағаз болған. Яғни сәби 21 наурыз күні дүниеге келсе, 10 сәуір күні безбүйрек шешесі осында тастап кеткен.

«Жедел жәрдем баланы ауруханаға уақытында алып келді. Әйтпесе, әбден тоңып қалған шақалақтың өміріне араша бола алмас едік. Онсыз да, шала туыпты. Салмағы бір келі 900 грамм қыз бала вакумда жатыр»,- дейді Алматы қалалық балалар жұқпалы ауруханасының бөлім меңгерушісі Гүлназ ЕЛЕНБАЕВА.

Бұл ауруханаға ертеңінде тағы да бір қыз бала түскен. Дәрігерлер бір аптадан бері ата-анасын іздеп жатыр. Оны да жедел жәрдем алып келген. Мамандардың айтуынша, нәрестенің дені сау, тәбеті жақсы. Тек екі көзі жәутеңдеп туғандарын іздеп көп жылайды екен.

«Ата аналары келген жоқ. Ешкім іздеген жоқ. Біздің юристтер ата-аналары іздеп, табылмаса балалар үйіне жібереді», дейді дәрігер  Ақбота СЕЙЛОВА.

Қос нәрестенің ауруханада жатқанына 5-6 күн болсада оларды іздеп келген ешкім жоқ. Дәрігерлер жаңа туған сәбиден бұрын екіншісіне алаңдаулы. Мүмкін ата-анасы жоғалтып алған болар деген үмітте. Полицейлер де іздестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.Егер бейкүнә нәрестелердің ата-аналары табылмаса, құжат рәсімделіп, балалар үйіне өткізіледі.

Дереккөз: zhasalash.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.