11-06-18 |
2990 рет қаралған
Жаңа технолгияның мүмкіндігі мол.
Жаңа технолгияның мүмкіндігі мол

Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған, құқықтық мәдениеті қалыптасқан қоғам. Судьялардың VI съезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев мамандандырылған соттардың жұмысын жандандыруды, бұқара халықтың сот төрелігіне деген сенімін арттыруды, соттардың ашықтығы мен объективтілігін айқындайтын жаңа технологияны енгізіп, сот жүйесінің халыққа барынша қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Электронды үкімет» бағдарламасы шеңберінде барлық сот органдары қызметі кезең-кезеңімен электронды технологияға көшірілуде. Бұл судьялар мен сот мәжілісі хатшыларының жүктемесін жеңілдетуге, сот отырысы хаттамасындағы ескертулерді азайтуға, сот ісін жүргізу рәсімін оңтайландыруға ықпалын тигізіп, халыққа соттың қолжетімді болуын жәрдемдесті. Осындай бастамалардың нәтижесінде сандық электронды қолтаңбасы бар ел азаматтары талап арыздарын, электронды құжат түріндегі сот хаттамаларын «Электронды үкімет» (www.egov.kz) порталы арқылы жіберу мүмкіндігіне ие болып отыр.

Сот өндірісіне қабылданған арыздың қандай көлемде, қай дәрежеде қаралып жатқандығы туралы мәліметті Жоғарғы Соттың Бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі» (www.sud.kz) арқылы білуге болады. Сол сияқты сот өндірісіне қатысушылар істің жүру барысы туралы ақпарат алып, сот актілері жайында керекті мағлұматтармен таныса алады. Барлық жергілікті соттар «Е-суд» «электронды үкімет» порталын құрып, ел азаматтарының электронды талап арыздар беруіне, электронды түрдегі сот хаттамасын алуына мүм­кіндік жасап келеді. Бүгінгі күні кіріс-шығыс құжаттарының барлығы «Сот кабинеті» сервисі арқылы жолдануда.

Сот жүйесінің конституциялық дербестігі мен тәуелсіздігін нығайтуда, сот билігінің беделін жоғарылатуда, әділ сот төрелігін жүзеге асыруда басты мәселе – соттарды материалдық-техникалық және заманауи ақпараттық технологияны соттарға кеңірек енгізумен маңызды. Бұл ретте сот процедураларының ашықтығы мен айқындығы, сот ісін жүргізудің тиімділігі мен объективтілігі, бұқара халықтың сотқа қолжетімділігі электронды инновациялық жүйені енгізумен арта түспек. Бүгінгі «Сот кабинеті» сервисі халықтың кең қолданысында болып, адвокаттардың, судьялар мен сот мамандарының тиімді жұмыс істеуіне, азаматтардың құқықтық мәдениетінің жетілуіне, олардың өз конституциялық құқықтарын еркін пайдаланып, құқықтарының қорғалуына септігін тигізеді. Ұлттық сот өндірісін дамытудың маңызды бағыттары 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындалған. Осыған орай, міндеттелген тапсырмалар уақытымен орындалып келеді.

«Сот кабинеті» онлайндық қызметі республика соттарының қызметін жеңілдетті. Бүгінгі күні осы сервис арқылы облыс соттарына халықтың басы бөлігі қолданады.

«Сот құжаттарымен танысу» сервисі логин, пароль, ЖСН-ді енгізу арқылы электронды сот құжаттарын көруге арналған. Логин мен парольді сот процесіне қатысушы азамат өзінің ұялы телефонына немесе электронды поштасына келіп түскен электронды хабарлама (SMS-хабарлама) арқылы біле алады. Жолдаған өтініші тіркелгеннен кейін азаматтар оның тіркелгені туралы талон мен электронды хабарламалар туралы келісімге ие болады. Сот процесіне қатысушы өзге тараптарға да сот тыңдалымы туралы талон жолданады. Жедел ақпараттандыру мақсатында сот процесіне қатысушыларға судьяның электронды-цифрлық қолтаңбасы қойылған сот актілерінің шыққаны туралы SMS жіберіледі. Сервистегі электронды сот құжаттарын көруге, сақтауға және жүктеп алуға болады. Өз кезегінде бұл азаматтардың сот құжатын алу үшін сотқа бару қажеттілігінен, сондай-ақ, уақыт пен ақша шығынынан арылтады. Бұған қоса, сервис сот кеңселері қызметкерлеріне пошталық хабарландырудан бас тартқан барлық электронды хабарламаларды шолып отыруға мүмкіндік береді.

Сот отырысы хаттамасының сапасын арттыру мақсатында барлық соттарда сот процесіне дыбыс-бейне тіркеу (АБТ) жүйесі енгізілуде. АБТ шеңберінде шет мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, сот залдарын бейнеконференц жүйесімен жабдықтау арқылы сот төрелігін қашықтықтан жүзеге асыру мүмкіндігі артады. Осы жобаның іске асуы қылмыстық атқару жүйесін сотталушыны алып жүру жүктемесінен босатуға, ал, сотталушының бейнеконференц арқылы ұсталған жерінде айғақ беруіне жағдай туғызады.

Соңғы жылдары еліміздің сот жүйесінде жағымды өзгерістер орын алып, осыған орай, сот саласының жаңалықтарын халыққа ұдайы жеткізу қажеттігі туындады. Мәселен, Жоғарғы Соттың интернет-ресурсы мемлекеттік органдардың ресми сайттарының арасынан рейтинг бойынша топ жарды. Сайтқа келушілердің саны 2 есеге өсіп, тәулігіне 2500-ден астам тұтынушылар тіркелген екен. ҚР Жоғарғы Сотының ай сайынғы рейтингі бойынша біздің облыстық соттың ресми сайты да бірнеше ай бойы топ жарып келеді.

Облысымыздың соттарында да бұқарамен байланыс артып, сот жүйесінің қызметін ашық әрі кең көлемде жариялау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланыс орна­ту жөнінде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта соттардың БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі ҚР Жоғарғы Сотымен кешенді тұжырымдама әзірленуде. Ол институционалдық деңгейде сот жүйесінің ашықтығы қағидаттарын бекітуді және БАҚ-пен жұмыс жасау кезіндегі тәсілдерді реттеуді көздейді. Бұдан басқа, «Сот төрелігі» ақпараттық-талдамалық телебағдарлама дайындалып, халықты қазіргі заманғы қазақстандық соттардағы реформалар туралы хабардар етіп, сот билігі өкілдері жөнінде жағымсыз қоғамдық стереотиптерді жеңуге бағытталған телетоптама жарық көрген болатын. Бұл телетоптаманы қараған алғашқы көрермендер жобаның сәтті әрі дәл уақытында жасалғанын атап өткен болатын.

Заман талабына сәйкес, елімізде болып жатқан әрбір жаңалықтардан қалыс қалмай, ілесіп отыратын, ақпараттандырылған технологиялар ғасырында, жан-жағымыздың барлығы компьютерленген, автоматтандырылған кезеңде, уақытпен тек алға жылжу қажеттігі туындайды. Сондықтан, жергілікті соттарда жаңа заманауи технологияларды енгізу сот жүйесінің айқындығы мен ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, сот жүйесінің жаңа заман талаптарына сайма-сай дамуына зор үлесін қосуда.

А.МАМБЕТОВ,

Ақтөбе

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.