13-06-18 |
3150 рет қаралған
Жасөспірімдер сотына психолог маман керек.
Жасөспірімдер сотына психолог маман керек

Бала құқығын қорғауда әділеттіліктің болуы ерекше қадағалануы қажет. Ол үшін жасөспірімдер әділеттілігін жүзеге асыратын бөлек орган керек. Сонымен қатар, сот жасөспірімге психологиялық көмек көрсетуге тиіс мамандар жұмысына назар аударады. Яғни, қылмыстық істер және азаматтық істер бойынша психолог маман қажет.

Мәселен, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 488-бабына сай, сотқа психолог немесе педагог маманның қатыстырылуы көзделген. Сот тәжірибесіне сәйкес, психологтар қылмыстық іс жүгізу кезінде маман ретінде қатысады, ал, психолог ретінде қатысу көзделмеген. Психолог мамандардың қылмыстық іс жүргізу кезінде құқық қорғау, сот, адвокатура, жергілікті атқарушы органдармен қатар тергеу кезінде қатысып, кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарымен жұмыс жасауы ерекше назарға алынуы тиіс. Қылмыстық істер бойынша кәмелетке толмағандардың психологиялық жай-күйін анықтау қандай қажет болса, азаматтық істерде де балалардың психологиялық жай-күйін анықтау міндет. Себебі, жасөспірімдердің сот отырысына бірден бейімделуі өте қиын. Біреулерінен жауап алу барысында тұтығу мен қобалжу әсері байқалады.

Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандарға қатысты даулар көп қаралуда. Мұндай даулар көбіне бітімгершілікпен бітуде. Алайда, сотпен алынған шараларға қарамастан тараптардың (бұрынғы жұбайлар) түрлі мақсаттарды көздеп (алименттен жалтару, мүгедек баланың алатын жәрдемақысын өзіне алу сияқты, т.б.), бітімгершілікке келуден бас тартуы жиі кездеседі. Психолог көмегімен баланың ата-анасының біреуіне бейімділігі анықталады.

Әрине, Жоғарғы Сот тарапынан психолог маманының сотқа қатысуына байланысты шаралар қаралып жатыр. Өйткені, іс жүргізу кезінде психолог-маманның іске қатыстырылуы көкейкесті мәселе. Негізінен маманды тағайындау сот ұйғарымымен ресімделеді. Облыстық, қалалық білім бөлімдерінің тарапынан бөлініп, сотқа қатысқан психологтар жоғарғы білімді, тиісті еңбек өтілдері болғанымен соттың тарапынан туындаған кәмелет жасқа толмағандарға байланысты сұрақтарға жан-жақты, толық жауап бере алмайды. Балалармен әңгімелесуде тәжірибесі жоқ мамандар да кездеседі. Сот тәжірибесінде ондай жағдайлар жиі орын алуда. Осындай негіздерге байланысты психолог маманның рөлі зор, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік іс жүргізу барысында психологтың қатысуы маңызды болып табылады. Сондықтан, ювеналдық соттарда жоғары білімді кәмелетке толмағандардың психикасының жай-күйін анықтауға бейімделген маман-психолог штатын енгізу қажет.

Отбасы қоғамның, жанұя мүшелерінің, соның ішінде баланың дұрыс өсіп жетілуінің негізгі ортасы. Сонымен қатар, отбасында баланың құқықтық тұрғыдан қорғалуы да маңызды. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы» туралы Кодекстің 84-бабының 3 және 4 бөлігіне сай баланы асырап алу мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Сондықтан, бала асырап алу туралы қорғаншы және қамқоршы органы арыз бермес бұрын міндетті түрде асырап алынушы баладан бас тартқан адамның нақты жеке басы, тұрағы, туыстарының бар-жоғы анықталуы қажет. Туысқандары анықталған жағдайда бала асырап алудың заң бойынша тәртібі түсіндірілуі қажет. Сонымен қатар, Кодекстің 92-бабына сай бала асырап алушы мен асырап алынушы баланың жас айырмасы кем дегенде он алты жас болуға және қырық бес жастан аспауға тиіс делінген. Нормативтік қаулыда жас айырмашылығының қысқартылу мүмкіншілігі көзделген. Осыған байланысты жас айырмашылығының ұлғаю мүмкіншілігі де заңдастырылу қажет сияқты.

Жасөспірімдерді, нашар отбасынан шыққан, сондай-ақ, қылмыс жасауға бейім балаларды дұрыс жолға түсіру үшін полиция қызметкерлерінің көмекшілеріне арнайы үйрету курстарын ұйымдастыру керек деп ойлаймыз. Сонымен қатар, құқық бұзған, әсіресе, қылмыстық іс-әрекеттерге барған кәмелетке толмағандарға қоғамдық тәрбиелеушілер тағайындауды тәжірибеге енгізген жөн. Сонда, кәмелетке толмағандардың дұрыс жолға түсуіне мүмкіншілік туар еді. Бұған қоса, жалпы білім беретін ұйымдардарда жұмыс жоспары шегінде балалар мен ата-аналарды қатыстыру арқылы сот отырысын өткізу шаралары жиі қолға алынса, біраз мәселенің алдын алуға септігін тигізері даусыз.

Б.ФАЙЗУЛЛИНА

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.