17-08-23 |
980 рет қаралған
Қазақстан Митталмен келісімшартты тоқтата ма?.
Қазақстан Митталмен келісімшартты тоқтата ма?

Президент Қ.Тоқаев «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына тиесілі «Қазақстан» шахтасында болған өрттің себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде тапсырма берді.

17 тамызда «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына тиесілі «Қазақстан» шахтасында өрт шығып, екі адам қаза тапты. Шахтада қалғандарды іздеу әлі жалғасып жатыр.

«Арселор Миттал Теміртау» компаниясы миллиардер Лакшми Митталға тиесілі. Компанияға қарасты шахталар мен өндіріс орындарда апаттар жиі болады. Президенттің үкіметке берген бүгінгі тапсырмасында: «Шетелдік компанияға тиесілі кәсіпорындарда жиі қайталанатын апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсетеді. Аталған жағдайлар олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді», – делінген. Митталдың компаниясы міндеттемелерін өрескел бұзғанын биліктің өзі ашық мойындап отыр. Және  компанияның «Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді» деп Митталмен арадағы келісімшарттың тоқтауы мүмкін екенін ескертіп отыр.

Тоқсаныншы жылдары жекешелендіру кезінде жабық тендер өтіп, «Испат Кармет» АҚ құрылды. Бұл компания «Қарағанды метталургия комбинаты», электростанциялар, кен орындары, шахталарды және өзге де өндіріс орындарын иелігіне алды. Компания атау 2004 жылы «Миттал Стил Теміртау» болып өзгеріп,  2007 жылы «АрселорМиттал Теміртау» болып қайта тіркелді. Тоқсаныншы жылдардан бері есептегенде, Лакшми Миттал Қарағандыдағы өндіріс, шахта, комбинаттарға 30 жылдан астам уақыттан бері иелік етіп келеді. Осы жылдар ішінде ол әлемдегі ең ірі байлардың қатарына еніп, Форбстың мәліметіне қарағанда әлемдегі ең бай адамдардың ішінде 6 орында. Миттал Қарағандыдағы өндіріспен ғана шектелмей, Каспий аймағындағы мұнай саласына да инвестиция салған.

Бұл жолғы апат Митталмен келісімшартты тоқтатуға алып келе ме әлде жай ғана сес көрсету ме – оны уақыт көрсетеді. Бірақ қаншама апат болғанына қарамастан Миттал Қазақстандағы өндіріс орындарында қарапайым қауіпсіздік мәселесін шешпей келе жатқаны да ширек ғасырдан асты. Биліктің ескі Қазақстаннан қалған инвесторлармен  алда қалай жұмыс істейтіні Митталдың мәселесінен көрінеді.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.