Біз
әлеуметтік
желіде
30-03-25 |
370 рет қаралған
Білім гранттары – елдер арасындағы ынтымақтасты нығайту кепілі.
Білім гранттары – елдер арасындағы ынтымақтасты нығайту кепілі

Халықаралық байланыстар шеңберінде ең көп келісім жасалатын, ең жиі сұраныс берілетін, ең жіті көңіл бөлінетін саланың бірі – білім. Жастардың өзге мемлекеттерде білім гранттарын иеленіп, кәсіби біліктілігін жетілдіруі екі ел арасындағы достыққа, ынтымаққа, әріптестік байланысқа оң әсер етеді.

Білім саласындағы екіжақты келісімдердің екі елге де берері мол. Бұл біріншіден, мемлекеттер арасын жалғайтын саяси, әлеуметтік, мәдени алтын көпір. Екіншіден, мұндай келісімдер жастардың өзге елдер тарихымен, даму сатыларымен танысып, көрген-білгенін өз елінде жүзеге асыруына септігін тигізеді. Үшіншіден, білім саласындағы келісімдер – өзара қауіпсіздіктің, сыйластықтың негізі. Жастардың өзге елдерде білім алып, тәжірибесін шыңдауы елдер арасындағы қақтығыстардың, келіспеушіліктердің де туындауына тосқауыл қояды.

Яғни, білім саласы бойынша студенттер алмасып, гранттар бөлу – білімді жетілдіруге ғана емес, сонымен бірге, саяси, экономикалық, халықаралық байланыстарды жолға қоюға бастайтын сауатты қадам. Бүгінде осы мүмкіндікті пайдаланып, өзге елде кәсіп меңгеріп, тәжірибесін шыңдап жүрген қазақстандықтар аз емес. UIS  UNESCO ұсынған деректерге сәйкес, Қазақстан жан басына шаққанда шетелде оқитын студенттер саны бойынша әлемде алдыңғы орында тұр. Әсіресе, ел жастарының Америка мен Еуразияның беделді оқу орындарын таңдайтыны байқалады.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Абай Амандықұлының айтуынша, Қазақстандағы экономикалық өсім мен халықаралық саладағы достық байланыстар білім гранттарының санын жыл сайын өсіруге ықпал етіп отыр. «Қамқорлық пен қолдауға көзі жеткендіктен шетелде білім алуға қызығушылар жыл сайын артуда. Мемлекеттік гранттың арқасында шекарадан тыс жерде білім алған жастарға қойылар талап жоғары. Оларға отанына оралып, жаңа білім мен дағдыларды ғана емес, сонымен қатар жаңа мәдени трендтер мен даму идеяларына бастамашы болу міндеті қойылған», — дейді Абай Рахмет.

Орталық ұсынған мәліметте көрсетілгендей, шетелдік оқу орындарында оқитын қазақстандық студенттер АҚШ-тың жетекші білім ордаларында білігін жетілдіруді мақсат етеді.  Сонымен қатар, Англияның ежелгі білім ошақтарында оқығысы келетіндердің де саны басым.  Статистика көрсеткендей, шетелдегі қазақстандықтардың 20 пайызы Англияның танымал білім ордаларында дәріс тыңдап жүр. Сондай-ақ білім алу мақсатында шекара асқандардың 16 пайызының таңдауы еуропалық елдердің университет, колледждеріне түскен.

Тарихы тереңнен тамыр алған шетелдік білім ордаларының табалдырығын аттап, мамандық игерген отандастарымыздың мемлекетке қызмет етіп жүргендері де аз емес.

«Халықаралық бағдарламалар орталығының» өкілдері атап өткендей қазақстандық талапкерлер таңдайтын мамандықтар көшін экономикалық және бизнес бағытындағы білім ордалары құрайды. Себебі соңғы жылдардағы статистика көрсеткендей жастардың 30 пайызы осы бағыт бойынша білімін жетілдіруде. Сонымен қатар, қазақстандық шәкірттердің әрбір төртіншісі инженер мамандығын игеруді қалаған. Отандастарымызды қызықтыратын үздік мамандықтардың келесі қатарын медицина, химия және биологияға қатысты бағыттар құрайды. Ал талапкерлердің 11 пайызы өнер, дизаинерлік және гуманитарлық факультеттерге өтініш беріп, шетелдің мықты мамандарынан білім алып жүр.

Дамудың жолына енді түскен Қазақстанды біліми тұрғыдан қолдауға ынталы мемлекеттердің бары да қуантады. Айталық, Америка құрама штаттарының жоғары мектептері қаншалықты мықты болса, сәйкесінше білім ақысы да соншалықты жоғары. Мұндай қаржыны көп студентке тауып беру жас мемлекеттің қаржылық әлеуетіне үлкен залалын тигізеді. Бұған қоса, АҚШ-қа барып, білім алу үшін виза алу да оңай шаруа емес. Ал Қазақстанға тегін оқу мүмкіндігін ұсынып, екі елдің арасындағы байланысты нығайтуға күш салған Чехия мемлекеті біраз уақыттан бері қолдауын тұрақты көрсетіп келеді. Чехияның бірқатар жоғары оқу орындарында қазақстандықтардың тегін оқуына жағдай жасалған. Бұл мүмкіндікті пайдаланып, білімін жетілдіріп жатқандардың көбейе түскені қуантады.

          Қазақстандықтардың шетелде білім алуына жол ашып отырған негізгі бағдарламаның бірі — «Болашақ». Болашақ бойынша білім алып, тәжірибесін шыңдаймын дегендерге барлық жағдай жасалған. Соның ішінде білімі мен білігін дәлелдеп, конкурста топ жарған студенттердің оқу ақысы, шетелде тұру ақысы және көлік шығыны толық өтеледі. Бүгінде бұл бағдарламаның аясы кеңіп, бірқатар елмен халықаралық келісімдер жасаудың арқасында ынталы отандастарымыздың шетелде білім алуына жол ашылған. Мәселен, Қытаймен, Венгриямен жасалған келісімдер қазақстандық студенттерге тегін оқу мүмкіндігін ұсынады. Сондай-ақ, Ұлыбритания, АҚШ, Германия елдерінің үкіметтік бағдарламалары да жыл сайын қазақстандық студенттерге жаңа білім алаңдарын ұсынуда. Бағдарламалар оқу және тұру шығындарын да жабатынын айта кеткен орынды.

Шетелдік университетке түсу үлкен ізденіс пен терең білімді, жақсы дайындықты талап етеді. Осыны ескерген шетелдік білім ордалары бірқатар оң бастамаға мұрындық болған.  Мысалы қазір шетелдік жоғары оқу орындарына өз бетінше дайындалуға көмектесетін білім беру компаниялары тұрақты жұмыс істейді. Мұндай орталықтар Қазақстанмен білім саласы бойынша ортақ келісімге сүйене отырып, жастардың мемлекеттік грант ұтып алуына, университеттер мен бағдарламаларды таңдау бойынша кеңес беруге, өтінімдер мен визаларды дайындауға көмек көрсетеді. Сондай-ақ мұндай орталықтар жастардың жаңа ортаға бейімделіп кетуіне қолдау көрсетіп, дайындық сабақтарын өткізеді. Қазақстандық талапкерлер үшін көптеген мүмкіндіктің болуына қарамастан, білім гранттарын игеруде әлі де кемшіліктер бар. Әсіресе, тіл үйренуде, униерситет таңдайда жастар жиі қателікке орын береді. Халықаралық келісімдер шеңберінде мемлекет қолдау көрсеткен жобалардың халық қажетіне жарауы, екі елдің достығын нығайтуы жастардың өз білгенін ел игілігіне жарата алуына байланысты. Сондықтан білім алған жастар мемлекет қолдауына сай халыққа қызмет етсе, қанеки.

БӨЛІСУ:
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.