28-12-21 |
1970 рет қаралған
Көкшетауда алты жыл бұрын салынған мектеп құрылысы аяқталмай тұр.
Көкшетауда алты жыл бұрын салынған мектеп құрылысы аяқталмай тұр

Көкшетауда салынып жатқан мектеп құрылысының аяқталмай келе жатқанына 6 жыл.

 

«Хабар 24» арнасының мәліметінше, нысан екі жыл бұрын тапсырылуы қажет болған, бірақ ашылуы тағы кейінге шегерілді.

Облыс орталығындағы ықшам аудандардың біріндегі мектеп құрылысы тұрғындардың арманына айналған. Ұзаққа созылған құрылыс жобасы әсіресе мыңға жуық оқушылардың ата-аналарын алаңдатып отыр. Балалар қазіргі уақытта күннің суығына қарамастан, қаланың басқа бөлігіндегі білім ұясына баруға мәжбүр.

«Мектеп ауадай қажет. Мысалы үшін, балаларды мынадай ауа райында қалай апарамыз. Аялдамаға автобустар толып тоқтайды, оған баламыз сыймай қалады. Қазір қыс түскен соң боран басталады, сондықтан мектеп қажет», – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Любовь Киласьева.

Мектеп құрылысын жүргізуді бірінші болып көтерген Сәрсенбай Сердалиннің сөзінше, құрылыстың ұзаққа созылғанына шағымданып облыс пен қала әкімдіктеріне шағымданған.

«Соңғы рет қала әкімінен «құрылыс қашан аяқталады?» деп сұрағанымызда, ол бұл іспен әкімдік айналыспайтынын айтып, барлығын құрылысшыларға арта салған. Барлық сұрақтарды білім бөліміне қоюымыз керек екен. Балаларға обал болды, әсіресе кешқұрым. Олар үшін сабақтан кейін үйлеріне оралу нағыз қиямет-қайым, тіпті қауіпті», – дейді ол.

Жауаптылар мектеп құрылысын осыдан екі жыл бұрын аяқтаулары тиіс болған. Мамандардың айтуынша, құрылыс жұмыстары 90 пайызға орындалғанымен, құрылыс қарқыны баяу жүруде. Себебі мердігер қаржылық қиындыққа тап болғанға ұқсайды.

«Біз қазір шағым жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Нысанды өз қалтамыздан қаржыландыра алмаймыз. Нақты жоспарлап қойған бюджеттің қаражаты бар, яғни сол қаражатты мердігер игеруі тиіс. Дегенмен, мердігердің бюджетті игеруіне кедергі келтіретін кейбір нюанстар бар. Сол себепті де ол келісілген уақытта аяқтай алмайды», – деп түсіндіреді Облыстық құрылыс басқармасы бастығының орынбасары Рауан Оспанов.

Жергілікті билік өз кезегінде алдағы көктемде құрылыс жұмыстары қайта қолға алынып, жаңа оқу жылына дейін нысанды толық пайдалануға береді деп сендіреді.

«Бастапқыда дизайн кемшіліктері болды. Содан құрылыс материалдары жылдан жылға қымбаттап, бұл да құрылыс барысына әсер етті. Мұндай жағдай тек Көкшетауда болып жатқан жоқ, Аршалы өңіріндегі Қосшы қаласында да бір-екі мектеп осындай қиындықтарға тап болды. Қазір онда құрылыс жұмыстары тоқтап тұр, бірақ 2022 жылға қарай толық пайдалануға береміз», – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов.

Құрылыстың нақты себепсіз неге ұзаққа созылғанына ешкім нақты жауап бере алмады. Ал ата-аналар мен оқушылар жақын арада мектеп табалдырығын аттаймыз деген үміттерін үзіп үлгерген.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.