Семей қаласының әкімдігі сенбілік дауына қатысты түсініктеме берді. Білім және ғылым министріне «кейбір мемлекеттік қызметшілер» деп тіл қатқан шенді әкімдіктегілердің тұрақты сенбілік жасайтынын ескертті.
Ата-аналардың біреуі мүғалімдерді сенбілікке шығарғаннан кейін балалардың сабағы өтпегенін мәлімдеді.
Семей әкімінің орынбасары Дмитрий Гариковтың айтуынша, даулы сенбілік 16 қазанда ұйымдастырылды. Оған қаладағы барлық мектеп қатысқан.
«Ресми хатта оқу процесін тоқтатып, мектептерде сабақты өткізбеу туралы нұсқау жоқ. Иә, бір мектепте директор еңбек демалысында болған. Содан оқу жөніндегі меңгерушісі шешім қабылдапты… Бірақ сабақ тоқтатылған жоқ, сабақтар онлайн режимде өтті», – деді Гариков журналистерге берген сұхбатында.
Қала басшысының орынбасары білім министрі Асхат Аймағамбетовтың жазбасына қатысты да өз ойын айтты. Бұған дейін министр педагогтердің өзіне тән емес функцияларға тартқаны үшін қала әкімінің орынбасарын, сондай-ақ білім бөлімінің басшысын жауапқа тартуды сұраған еді.
«Кейбір мемлекеттік қызметшілердің пікіріне келетін болсақ, бір нәрсені түсіндіріп кеткен жөн деп санаймын. Мұғалімдерді күзгі жалпықалалық сенбілікке бір рет шығарсақ, әкімдік қызметкерлері апта сайын сенбілікке шығып тұрады. Онда тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Бұл – біздің қаламыз, меніңше, қаламыздың әрбір патриоты сенбілікке өз еркімен шығып, ортақ іске атсалысады», – деп атап көрсетті Гариков.
Оның сөзіне қарағанда, сенбілікке шығуға ешкімді мәжбүрлемейді. Әрбір мектепте басшы бар. Ол сенбілікті қалай өткізетінін шешеді.
«Мысалы, қаламызда абаттандыру, көгалдандыру және сенбілікті өткізу шараларына әкімдік жауап береді. Осы бағытқа мен жауаптымын. Содан бюджеттік және коммерциялық құрылымдарға тиісті тапсырма берілді. Ары қарай әрбір басшы өзі тиісті жұмысты ұйымдастырып отырады», – дейді қала әкімінің орынбасары.
Гариков сенбілікке шыққан адамдар тек жерге түскен жапырақтарды ғана жинауға міндетті болғанын да айтты. Оны коммуналдық қызметтер де істей алады. Бірақ сенбілік болмаса, көгалда жатқан күзгі жапырақтарды жинауға көп уақыт кетеді.
Қалалық білім беру бөлімнің басшысы Натали Фесенко да өз ойын жеткізді.
«Сенбі күні сабақтар тоқтағ жоқ. Осыны ерекше атап өткім келеді. Иә, жалпықалалық сенбілік жарияланды. Әрбір басшы өзіне қарасты жерді қалай жинайтынын өзі шешеді. Бұған дейін біз тиісті ұсыныстарды тараттық. Техникалық қызметшілерді тарта ма, өз еркімен шығатындар бол ма, оны басшылар өздері ұйымдастырады. Бірақ біреуді мәжбүрлеп шығару болған жоқ», – деді Фесенко.
Бөлім басшысы «Педагог мәртебесі туралы» заң бойынша мұғалімдерді өзіне тән емес функцияларға тартуға болмайтынын біледі. Ал мектеп мұғалімдері сенбілікке өз еркімен шықса, оған ешкім қарсылық жасай алмайды.
Дереккөз: Sputnik Қазақстан
-
23.12.2024
-
23.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024