04-03-23 |
2920 рет қаралған
«AMANAT» – ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ.
«AMANAT» – ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ

19 наурыз – ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы.

Бүгінде Мәжіліс пен мәслихаттарға баратын кандидаттар мен партиялардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр. Үгіт-насихат басталған екі апта ішінде «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының сайлауалды штабы үздіксіз жұмыс атқарып келеді.

Кандидаттар Павлодар облысына қарасты барлық қалалар мен аудандарды және ауылдарды аралап, 90 мыңнан астам адамды қамтыған 1627 кездесу өткізді.

«AMANAT» партиясының Павлодар облыстық филиалының өкілдері сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарымен күн сайын қала, аудан және ауылдарды аралап, сайлаушылармен кездесу өткізіп жатыр.

Сайлауалды үгіт-насихатқа қоғамның барлық санатындағы адамдар қатысуда. Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейінгі жиындарға кәсіпкерлер, білім, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, зейнеткерлер, студент жастар, қарапайым жұмыскерлер, жұмыссыз жүрген азаматтар, қандастар, қоныс аударушылар т.б. қамтылды.

Кандидаттардың сайлаушылармен кездесуі бірнеше бағытта жүргізіледі. Бірінші кезекте партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» бағдарламасын жүзеге асыру барысы түсіндіріледі.

Екінші кезекте, кездесулер барысында тұрғындар өздерін мазалған қоғамға және жеке бастарына қатысты мәселелерін ортаға салады.

Ауыл тұрғындары негізінен көшені жарықтандыру, жол жөндеу, таза ауыз сумен қамту, интернет байланысын жақсарту, тұрақты жұмыс орындарын ашу, тұрғындардың табысын арттыру, медициналық қызметтің сапасын арттыру, жас мамандарға жайлы жағдай жасау сынды мәселелер қозғауда. Сонымен қатар, ауылда малмен айналысатын адамдар үшін жайылым және шабындық жердің жеткіліксіздігі үлкен мәселе.

Ал қала тұрғындары азық-түлік бағасын тұрақтандыру, тұрғын үйлердің инфроқұрылымдарын жаңарту, тозған коммуналдық желілерді жөндеу, ПИК жұмысын бір жүйеге салу сынды сұрақтар көптеп түседі.

-Ертіс ауданының Северное ауылында болып, халықпен кездестік. Ауылдықтар көптеп жиналып, өздерін мазалаған сұрақтарын ортаға салды. Біз бұл мәселелерді облыстық, республикалық деңгейде көтеріп, шешілуіне ұйытқы боламыз. Жалпы, ауыл халқының көтеретін проблемаларының барлығы ұқсас. Негізінен, қымбатшылықтың алдын алу, зейнетақы төлемін көтеру, ауыл шаруашылығы саласына қолдау көрсету, медицина мамандар тапшылығын жою, ауылға жас мамандар үшін үй салу секілді мәселелермен кездесіп жатырмыз. Одан бөлек, шағын кәсіпкерлікке берілетін несиенің пайызы жоғары екені айтылуда, – деді облыстық мәслихатқа кандидат Сайлау Оразбаев.

Облыс орталығында қосымша қоғамдық қабылдау орындары ашылып, тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, талар-тілектерін тіркеуде. Олардың ең соңғысы өткен аптада Павлодар қаласы, Луговая көшесі, 16-үй мекен-жайындағы инвесторлар үйінде ашылды. Жаңа орталықтың ашылуына өңірлік сайлауалды штабының басшысы, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Илья Теренченко, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына үміткер Жарқынбек Амантай және Павлодар облысының мәслихатына үміткерлер қатысып, азаматтарды қабылдады.

-«AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде кандидаттар күн сайын азаматтармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдайды. Тұрғындарды қабылдау үшін біз халыққа оңтайлы орындарды таңдадық. Осылайша азаматтар біздің штабқа, қоғамдық қабылдау кеңселерімізге келмей-ақ өз сұрақтарын жолдай алады. Халықтың ұсыныс-тілектері арқылы біздің алдағы 5 жылдық жұмыс жоспарымыз жасақталады. Электоралды кезеңде берген уәделерімізді алдағы уақытында іске асыратын боламыз. Сайлауалды бағдарламамызда біз әр тоқсан сайын, ай сайын және жыл сайын не істейтініміз анық көрсетілген, – деді Илья Теренченко.

«AMANAT» партиясының облыстық сайлауалды штабының фронт-офисінде күн сайын кездесулер өткізіліп, маңызды мәселелер талқыланады. Оған әр күні өңірдің қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, көп балалы аналар және басқа да азаматтар қатысып, өздерінің ұсыныстары мен пікірлерін білдіре алады.

Павлодар облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.