15-07-23 |
1230 рет қаралған
Невский ескерткішін ашу орыс билігінің үлкен провокациясы болды – тарихшы.
Невский ескерткішін ашу орыс билігінің үлкен провокациясы болды – тарихшы

Алматыдағы Александр Невский атындағы шіркеу ауласында орнатылған ескерткішке қатысты тарихшы Нұрлан Атығаевтың шағын сұхбаты жарияланған еді. Ескерткішке қатысты дау әлеуметтік желіде әлі толастамай тұр. Осыған қатысты тарихшы сұхбатқа қатысты түсініктеме жариялады.

Нұрлан Атығаев, тарихшы:

– Менің Алматыда орнатылған Невскийге арналған ескерткішке қатысты сұхбатымды оқып, бірталай адамдар мені “сатқын”, “орысқұл”, “өтірік тарихшы” және басқа сөзбен балағаттап жатқанын білемін. Не айтсам да өз ойымды айттым, ешкімнің алдында ақталмаймын. Тек кейбір жақын достарым түсінбепті, сондықтан соларды сыйлап, тек достарыма арнап, кей нәрселерді түсіндірмекпін.

Мен 3-4 жылдан бері Алматы қаласының тарихи және мәдени ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия мүшесімін және біреулер жазғандай бұл жұмысыма ешқандай жалақы алмаймын, тегін, қоғамдық жұмыс. Сондықтан қаладағы ескерткіштерге қатысты біраз ақпараттым бар. Ең алдымен айтарым, Алматы әкімдігінің Невский ескерткішін орнатуға ешқандай қатысы болған жоқ. Ол оған жер де, қаражат та берген жоқ. А. Невский атындағы шіркеудің өз қаражатына жасалған ескерткіш сол шіркеудің ауласында орнатылды. “Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңның 10-бабы негізінде дайындалған “Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидалары” туралы Мәдениет министрінің бұйрығына сәйкес Республика аумағында ескерткіштерді орнату мәселесі министрлік жанындағы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия құзыретіне жатады. Сондықтан Алматы әкімдігінің Невский ескерткішін орнатуға келісім берген жоқ және мұндай келісім беруге құқығы да болған жоқ.

Алматылықтардың 99 пайызы өмірі болмаған, оның қайда орналасқанын да білмейтін Невский атындағы шіркеудің алдында ескерткіштің орнатылуы, соларға ғана маңызды, ертең-ақ ұмыт болатын оқиға еді. Бірақ Қазақстанда тұрақсыздық тудыруды, қазақ билігі мен халқы арасын алыстатуды көздеген, басқа да жаман пиғылы болуы мүмкін шіркеу басшылары бұл оқиғаны әдейі әлеуметтік желілер арқылы шулатты. Шіркеу Мәскеуден қолдау алмаса бұлай істемес еді. Осы арандатуға біздің заңнаманы білмейтін, қысқа ойлайтын кейбір “ура-патриоттар” ерді.

Өз басым Александр Невский ескерткішін ашу орыс билігінің үлкен провакациясы болды деп санаймын. Мұны А. Невский атындағы шіркеуінің басшыларынаң іс-әрететтерінен анық көрінді. Алматы қаласының Ескерткіштер жөніндегі комиссия Невский ескерткішін қоғамдық жерлерге орнатуға 3 мәрте келісімін бермегенде, олар ескерткішті шіркеу аумағында орнатамыз, оған ешкімнің рұқсаты керек жоқ деп, өз ойларынан қайтпайтынын нақты көрсетті. Бұл жағдайда Алматы әкімдігінің оларға тыйым салуға заңды тұрғыдан ешқандай негіз болған жоқ.

Әрине, осы ескерткіш мәселесін шешудің басқа жолы да болды. Ол жұмсақ диванда жатып, телефондарында “қарсымын” деп жазғандардың талабын орындау. Ол үшін Алматы әкімдігі Конституцияда бекітілген діннің мемлекеттен бөлектігіне байланысты мемлекеттің дін істеріне араласпайтыны туралы қағиданы, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заңының 20-бабында көрсетілген “дiни бiрлестiктердiң меншiк құқығы заңмен қорғалады” деген тармақты және де тағы басқа ҚР заңнамаларын бұзып, ескерткішті трактормен құлатып тастауы керек еді. Бірақ ескерткіштің орнатылуы еліміздегі 4-5 миллион православтардың бәріне маңызды болмаса да, кемінде 100 мың православтар, бізбен тең құқылы Қазақстанның азаматтары үшін маңызды болуы мүмкін. Тарих бетінде Невский орыс халқын бағынышты ұстауға қызмет еткен Бату ханның сенімді қызметкері болса, православтар үшін ол 15 ғасырдан бері әулие болып табылады.

Ескерткішті трактормен құлату Невскийді әулие санайтын барлық православтардың, осы шіркеуге баратын, Қазақстан азаматтары болып табылатын 1 пайыз алматылық православтардың наразылығын тудырып, еліміздің тыныштығына әсер етері анық. Полиция шақырып олардың қол-аяғын байлап, автозактарға лақтыруғы да болады. Бірақ А. Невский атындағы шіркеу «Астана және Алматы Епархиясына жатады, ал ол Орыс православ шіркеуіне (РПЦ) қарайды. Қазақстан митрополитігі басшысын да Москва тағайындайды. Қазіргі Астана және Қазақстан митрополиті Александр сондай Москва тағайындаған ресей азаматы. Осыны ескеру керек.

Сондықтан бұл біздің Ресеймен ара қатынасымызды шиеленістіретіні де анық. Әрине бір ескерткішке бола Ресей Қазақстанға соғыс ашпайтын шығар. Бірақ екі ел арасында қатынас бұзылып, ол қалт-құлт етіп тұрған экономикамызға әсер ететіні анық. Ал Невский ескерткішін құлатуға жауап ретінде Ресей билігі Рязань облысындағы Ораз Мұхаммед, Москвадағы Абай, Петербордағы Жамбыл, Омбыдағы Шоқан ескерткіштерін сүріп тастаса, одан кім не ұтады?

Шындығын айтсақ қазақты қырған Невский ме еді? Бір шала сауатты қазақ ол империяшыл болды деп жазыпты. Ол империяшыл болса, оның империясы Алтын Орда емес пе? Ол заманда Ресей деген ұғымда болмаған.

Әлде Невский қазақты тонап кетіп пе еді? Қазақты тонап, тақырға отырғызған адамның ескерткіштері елімізде әлі тұр ғой. Мықты намысты болсақ соларды құлатпаймыз ба? Талдықорғанда біреуін құлатқанның тағдыры не болғанын бәріміз білеміз. Сол азаматты қорғап қанша қазақ көшеге шықты, қанша адам оған көмек көрсетіп жатыр?

Қазақстанның жаңа тарихында ең маңызды оқиға былтырғы қаңтарда болды. Онда неге 6 қаңтар кешінде “Біз террорист емеспіз” деген жазудың астында бар-жоғы 40-50 адам ғана жиналды? Неге 2 миллион тұрғыны бар Алматыда 200 мың емес, 20 мың адам жиналмады? Сол алаңда 20 мың адам жиналса, оқ атылмас па еді. Қазір ескерткішке шулап жатқан қазақтың зиялы қауымы сол кезде алаңда неге тұрмады? Негізінен сол кезде Алматының шеткі аудандарында тұратын, қаланың қызығын да дұрыстап көрмеген (театр, балет көрмеген, қымбат әншілердің концерттеріне бармаған және т.б.) қарапайым қазақ қырылып қалды ғой.
Ал осы Невскийдің ескерткішінің орнатылуына қарсы әлеуметтік желіде мыңдаған адам шулады, бірақ ескерткіштің ашылуына қарсы 100 адам жиналып, шықпады.

Шындығында әлеуметтік желідегі мен шынайы өмірдегі қазақ екі бөлек, әлеуметтік желіде шулап қояды, ал елінің болашағы үшін өз өмірі түгілі қызметін тігіп, күресуге дайын емес.

Бір досым ескерткіштің ашылуын “Ұлттық масқара күні” деп атапты. Иә, Досаевтың ескерткіштің ашылуына барып, орден алғаны масқара болды. Бірақ бұл 32 жыл жалғасып жатқан масқара заманның бір-ақ күні. Бүкіл халық болып отырып, бір отбасының бүкіл болашағымызды тонауына жол бердік. Осыны масқара деу керек. Табиғи байлығымыз зор ел болып отырып, халқымыздың 90 пайызы әзер күнін көріп отыр. Осыны масқара деу керек. Көшелерде қайыр тілеп жүрген апа-әжелер – мен үшін осы масқара. Еліміз суицид бойынша 178 мемлекеттің ішінде 19 орында. Осы масқара. Ұры шалға ескерткіштердің тұруының өзі масқара. Айта берсең көп.

Бұл менің пікірім, ол қате болуы да мүмкін, бірақ мен қазір оны дұрыс деп санаймын. Егер менің пікірімді сыйламасаңыздар, менімен достықта болуға арсызданатын болсаңыздар. қазір достықтан шығып кеткендеріңіз дұрыс болады. Достарымның саны 5 мыңға жетіп, жаңа адамдарды достыққа қабылдай алмай отырмын.

Және де өздеріңіз келесі сұрақтарға жауап беріңіздерші. Былтырғы ақпанға дейін Украина соғыс ашатына ешкім сенбеген ауру шалдың Қазақстанға соғыс ашпайтынына сенім бар ма? Оның алдында Гаага тұр, ол енді ешнәрседен тайынбайды. Құдай сақтасын, бірақ кешегі қаңтардағыдай Алматы мен Астанаға 1 дивизия десант түсірсе, біздің шетінен Ресейде оқыған генералдар елді қорғап, соғысатына сенім бар ма? Ал соғысса, бүкіл атақтарын сатып алған назарбаев генералдары украин генералдары тәрізді білгір соғыса алатынына сенім бар ма? Әлде соғыс болған жағдайда артымыздан пышақ сұғатын күштердің елімізде жоқ екеніне сенім бар ма? Әлде Қазақстан Қытайға немесе Америкаға, Европаға керек, олар ара түседі деп ойлайсыздар ма? Украина да Америка мен Европаға сенген, ал оның біреуі 1 солдатын Украинаны қорғауға жіберген жоқ.

фото: zakon.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.