27-08-20 |
1810 рет қаралған
«Санасы уланғандардың діни танымын өзгерту оңай шаруа емес».
«Санасы уланғандардың діни танымын өзгерту оңай шаруа емес»

Дінге қатысты келеңсіз жағдайлардың орын алуы, күмәнді ағымдардың көбеюі елімізде діни қызмет саласын реттейтін арнайы құрылым керектігін алға шығарған еді. Соған орай Қазақстан Республикасының Дін істері агенттігі жұмысын бастап, 2012 жылы аймақтарда Дін істері департаменттерінің бой көтеруіне түрткі болған еді. Өңір тіршілігіне жан бітіріп, діни шиеленістің алдын алуға тиіс басқармалардың бүгінгі жағдайы қалай? Олар асыл діннің атын жамылып, ел арасына іріткі салушыларға тосқауыл қоя алып отыр ма? Көпшілік көкейіндегі сауалдарға Жамбыл облысы әкімдігінің Дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров жауап берген еді.

Өңірдегі діни ахуал қалай? Басқарма өзіне жүктелген үдеден шығып отыр ма?

Дін істері басқармаларына атқарылар жүк орасан. Көзге көрінбейтін қатердің алдын алу, әрине, оңай шаруа емес. Дегенмен, әр өңірдегі басқармалар бұл жауапты жұмысты өз деңгейінде атқарып жатыр деп сеніммен айта аламыз. Мәселен елімізде 18 конфессияға тиесілі 3000-нан аса діни бірлестік тіркелген. Жамбыл облысында соның 11 конфессияға кіретін 356 діни бірлестігі мен филиалы жұмыс істейді. Бұдан бөлек, республиканың әр түкпірінде 310 мешіт пен 46 шіркеу бар. Оңтүстік Корея, Польша, Германия, Италия және Қазақстан аумағынан 8 азаматтың арнайы мемлекеттік тіркеуден өтіп, миссионерлікпен айналысып отырғанын айта кеткеніміз жөн.

Миссионер деген сөздің өзінен халық үркіп қалған. Жоғарыдағы 8 миссионердің немен айналысып жүргенін қадағалап отырсыздар ма?

Миссионерлік қызмет атқарудың өзіндік тәртібі бар. Олар заң аясында жұмыс істейді. Миссионерлік қызмет атқарғысы келген адамдар «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңына құжаттар дайындап, тіркеуден өтуі тиіс. Олардың теріс қадамға бармауын дін істері басқармалары қатаң бақылайды. Бұл діни ілімді таратуға бағытталған қызмет. Қазір елімізде карантиндік шектеулер енгізілгеніне орай облыс аумағындағы діни бірлестіктердің қызметі де уақытша тоқтатылды. Бірақ басқарма жұмысын тоқтатқан жоқ. Діни бірлестіктер назардан тыс қалмайды.

«Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның» жұмыс істеп жатқаны мәлім. Оның орындалуы көңілден шығып отыр ма?

Терроризм мен экстремизм әлемді алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі. Бұл кесел Қазақстанды да айналып өтпеді. Санасы уланған жандардың қандай тәуекелге баратынын еліміз де өз басынан кешірді. Сондықтан бағдарлама діни саладағы ахуалды оңтайландыруға, теріс ағымдардың еркін тыныстауына кедергі келтіру үшін идеологиялық, түсіндіру және оңалту жұмыстарын жан-жақты жүргізуге бағытталып отыр. Сонымен қатар, бұл стратегиялық құжат жат ағымның жетегінде кеткен азаматтарды ақылға шақырып, қоғамнан өз орнын табуына, қалыпты ортасына оралуына ықпал етуді мақсат еткен. Осындай оң бастамаларды меже еткендіктен болар, бағдарламаны қоғам да жылы қабылдады, оның өз деңгейінде орындалуына көпшілік ынта танытты. Өйткені, жат ағымдар сыналап еніп, соқыр саясатын таңбаған отбасылар аз. Жақындары жатқа айналып, діннің жетегінде кеткендердің барлығы бағдарлама шеңберінде батыл істердің жасалатынынан үмітті еді. Біз сол үміт үдесінен шығуға тырыстық.

Мысалы біздің облысымызда да деструктивті діни ағымның ықпалына түскен адамдар бар. Бұл жасырып-жабуға келмейтін шындық. Олардың бойындағы, қимыл-әрекетіндегі, сөз саптасындағы өзгерісті қарапайым халық та көріп, біліп отыр. Сондықтан, мәселені ашық айтып, радикалды топтың мүшелігіне өткендерді қатарға қосу бағытында көп жұмыс атқарылды. Оңалту жұмыстарының нәтижесі де жаман емес. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгін басталып отырған жоқ. 2015 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Сондықтан санасы уланған азаматтармен жұмыс істеу тәжірибеміз жеткілікті. Соның арқасында бүгінге дейін деструктивті діни бағыттағы 806 азамат өзінің қателескенін түсініп, қоғамға қайта бейімделді. Тек биыл ғана 78 азаматтың пікірін өзгертуге қол жеткіздік. Бұл құзырлы орындардың бірлескен әрекетінің жемісі. Бізге құқық қорғау және арнайы органдар қолдау көрсетіп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әдістемелер ұсынып, жол көрсетіп келеді.

Оңалту жұмыстары қанша уақытты алады?

Оңалту және қоғамға бейімдеу шаралары күрделі. Жылдар бойы теріс насихатты тыңдап, өз пікірлестерінен басқаны мойындамайтын адамдарды бір сәтте қоғамға бейімдеу, діни танымын өзгерту оңай шаруа емес. Тағы бір ескерерлігі әр адамның түсінігін өзгерту уақыты да әрқалай. Біреудің қателескенін ұғындыруға екі ай, енді біреулерге жылдар қажет болуы мүмкін. Оңалтуға қол жеткізу көп ізденісті талап етеді. Біздің ізгі ниетімізді теріс ағымның жетегінде кеткендер бірден оң қабылдамайтыны белгілі. Сондықтан шыдамдылық, табанды керек мамандарға. Дінтанушы мамандарымыз оңалту үшін адасқан жандармен жеке кездесуге барып жатады. Мұндай кездесулер бір ретпен шектелмейді. 10 ретке дейін баратын кездер болады. Біздің өңірдегі Оңалту бөлімінде 3 психолог жұмыс істейді.

Қоғамға бейімдеу өте мехнатты жұмыс. Азаматтардың дәстүрлі емес діни ағым жетегінде кетуіне түрлі жағдайлар түрткі болады. Сондықтан олармен кездеспес бұрын осы жағын терең зерделеп, өзінің қателескеніне көзін жеткізетіндей мықты аргументтерді көрсетіп, сөзіңе сендіре білгенде, мойындата білгенде оңалту жұмысы жеңілдейді.

Өкініштісі, біздің ата-аналар балаларын бақылай бермейді. Олар кіммен жүр, қайда барып жатыр, интернеттен не көреді, кімді тыңдайды деген сұрақтар үлкендерді мазалай бермейді. Бақылаудың төмендігі, діни сауаттың кемдігі, әлеуметтік жағдайдың нашарлығы балалардың теріс ағымдар ықпалында кетуіне ықпалын тигізуде. Біз осыдан сақтануымыз керек.

Көршілес өзбек халқы алғашқылардың бірі болып шетелде оқып жатқан жастарын еліне қайтарып, өзге елде діни білім алуға шектеу қойғаны есімізде. Кейіннен біздің елімізде де осындай батыл талаптар қойылды. Жалпы, шетелде діни білім алу қаншалықты қауіпті?

Тәуелсіздік алған кезден бастап сауатты мамандар дайындауға көңіл бөлдік. Сол үрдіспен жастардың шетелде білімін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдауына барлық жағдайдың жасалғаны рас. Кезінде жастар шетелдегі діни білімді бәрінен артық деген ойда болды. Соған көзсіз сенді. Бірақ, біздің ниетіміз түзу болғанмен, жат ағымдардың мақсаты бөлек. Олар оң-солын танымайтын жастарды қатарына қосып, сеніміне ие болу арқылы өз саясаттарын жүргізуге дағдыланған. Сондықтан, жаңа оқу бітіріп, шетелде білім алмақ болған ұл-қыздардың өзгелердің ықпалында кетпеуіне сақ қарау керек. Сақтық шаралары, тыйым содан пайда болды. Расында шет елдерге діни білім алуға кеткен азаматтың деструктивті діни ағым жетегінде кету қаупі бар. Діни білім алуға барған жастар сол елдің салт-дәстүрін, ұлттық құндылығын да бойына сіңіреді. Өзі ғана өзгеріп қоймай, содан кейін елге келіп ата-анасын, айналасын мойындамау басталады. Қазақтың төл дәстүріне, салт-дәстүріне шекеден қарағандардың сәлем салуға, беташарға, құран бағыштағандарға, бабалар мазарына зиярат етуге қалай қарсы шығатынын көріп жүрміз. Бүгінде өңірімізде 26 адам шетелдік діни білім беру орындарында оқып жатыр. 2019 жылы шетелде діни білім алған 10 азамат елге қайтарылса, биылғы жылы Қордай ауданынан – 2 азамат Отанына оралды. 2010 жылдан бері шетелдік діни оқу орындарынан облысымызға 137 азамат қайтарылған болатын.

Дегенмен, «Шымшықтан қорыққан бидай екпейді» дегендей, бастапқы қателіктерге қарап жастардың шетелде білім алуына қарсы шығуға, тыйым салуға тағы болмайды. Қазір ақылы толысқан, көзқарасы қалыптасқан, жоғары білім алған мамандардың шетелде тәжірибесін шыңдауына еш кедергі жоқ.

Біздің басқарма шетелде діни білім алып жатқан азаматтармен тығыз қарым-қатынаста. Қазіргі таңда деструктивті діни идеологияның алдын алудың бірден-бір жолы діни білімнің деңгейін арттырып, ақпараттық-түсіндіру жұмысын кеңейту.

Қазақстанның өз азаматтарын қайда жүрсе де қорғайтынын дәлелдеген шараның бірі «Жусан» операциясы. Осы жоба аясында елге қайтақан азаматтардың қазіргі жағдайы қалай?

2019 жылы «Жусан» операциясы аясында 595 отандасымыз елге оралды. Оның 406-сы балалар. Бұл мемлекеттің халыққа деген қамқорлығының, жанашырлығының жемісі. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Жусан гуманитарлық операциясы мемлекетіміздің өте күрделі міндеттерді тиімді шешуге қабілетті екенін көрсетті» деді сол жолы. Яғни, отандастарымыздың балаларымызды жат жерде, қиын жағдайда қалдырмау қажет болған кезде мемлекет дұрыс шешім, нақты қадамға барды. Діни сауатсыздық салдарынан шекара асып, өзге елдегі қақтығыстарға қатысқан азаматтар елге келді. Біразы өз әрекетіне орай жазасын алды. Ал бірақ азаматтың айтқанына еріп қақтығыс алаңынан бірақ шыққан аналар мен балалардың не жазығы бар? «Жусан» операциясы аясында отанымен, туыстарымен қауышуға мүмкіндік алған әйелдер мен балалар қазір Ақтау қаласындағы оңалту орталығына орналасқан. Олармен психолог және теолог мамандар жұмыс жасап жатыр. Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» қызметкерлері де Ақтау қаласындағы оңалту орталығындағы дерадикализация жұмыстарына қатысып, тәжірибе жинақтап қайтты. Себебі осы операция барысында елге қайтқан азаматтар ішінде біздің өңірдің де азаматтары бар. 9 әйел мен 20 жасөспірім қазір оңалту курстарынан өтуде. Көпшілігінің құжаттары да жоқ екені белгілі болып отыр. Өйткені азаматтардың біразы қақтығыс болып жатқан елде өз құжаттарын жоғалтқан. Балалардың басым бөлігі Сирия Араб Республикасындағы ДАИШ бақылауында болған аймақтарда дүниеге келгендіктен, төлқұжаты жоқ. Осы мәселе Басқарманың жіті қадағалауына алынып, азаматтардың құжаттарын қайта рәсімделуіне жәрдем берілді. Басқарма «Жусан» операциясы аясында елге оралған азаматшалармен тұрақты түрде кездесу өткізіп, оларға дәстүрлі діни құндылықтар негізінде дәрістер жүргізіп отырады.

Мемлекеттік органдар тарапынан «Жусан» операциясы аясында елге қайтарылған отандастарымыздың әлеуметтік мазмұндағы мәселелерін шешуге де ерекше мән беруде. Әсіресе оларды жұмысқа орналастыру, қажетті тұрмыстық керек-жарақтармен қамту мәселесі оң шешілген.

Түзеу мекемесінде жазасын өтегендердің де дінге бет бұратынын байқаймыз. Әрине, қателік жасаған адамның жүрегін асыл діннің көмегімен тазалағысы келетіні түсінікті. Ал олардың теріс ықпалда кетпеуіне кім кепіл? Жазасын өтеушілердің діни сенімі қадағалана ма?

Түзеу мекемелерінде дін саласы бойынша жұмыстар тұрақты жүргізіледі. Расында кейбір азаматтардың түзеу мекемесінде жүріп дәстүрлі емес діни ағымдар қатарына кірген кездері болды. Соған орай Басқарма тарапынан облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітімен бірлесіп түсіндіру жұмыстары тұрақты қолға алынуда. Психологиялық, құқықтық, теологиялық кеңестен бөлек Басқарма өңірдегі түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеуші азаматтарға діни сауаттылыққа шақыратын арнайы фильмдер мен спектакльдер көрсетіп, Дін істері комитетінің Дінтану сараптамасынан өткен діни мазмұндағы кітаптармен де қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде 2015 жылдан бері мамандар түзеу мекемелерінде 64 сотталушыны радикалды көзқарасынан қайтарды. Түзеу мекемесінде жазасын өтеп пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтармен де тұрақты жұмыстар атқарылуда.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Руслан Мәлікұлы

фото: facebook.com/zhambyl.rsk

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.