06-03-19 |
5300 рет қаралған
Қазақстан Қытайдан 100 миллиард теңге қарыз алады.
Қазақстан Қытайдан 100 миллиард теңге қарыз алады

Қазақстан үкіметі Қытайдан екі ел шекарасындағы қазақстандық өткізу пунктін жетілдіру үшін 2 миллиард юань, яғни, 100 миллиардқа жуық теңге қарыз алуды жоспарлап отыр.

Қос ел арасындағы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы Мәжілісте қаралды. Оған 2018 жылдың маусымында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бейжіңге сапары барысында екі ел басшылары қол қойған болатын. Осы келісім бойынша Қытайдың экспорт-импорт банкі Қазақстан үкіметіне Қытай және Өзбекстанмен шекарадағы қазақстандық өткізу пункттерін жетілдіру және техникамен жабдықтау үшін 2,062 миллиард қытайлық юаньді жеңілдетілген несие түрінде береді.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қытай 20 жылға 2 пайызбен 100 миллиардқа жуық теңге қарыз береді.

«Еуразиялық экономикалық одақтағы ішкі шекаралардың қазақстандық учаскелеріндегі өткізу пункттерінің кедендік инфрақұрылымын дамыту қажет. Қазіргі инфрақұрылым өсіп келе жатқан адамдар легін бірқалыпты әрі жылдам өткізуге мүмкіндік бермейді. Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы жағдайды айтуға болады. Қазақстан жағындағы өткізу пункті алдында күн сайын 70-300 автокөлік жиналады, олар үш күнге дейін кезекте тұрады», – дейді Смайылов Мәжілісте.

Қазақстандағы өткізу пункттерінде қозғалыстар легін физикалық түрде бөліп тастау жоспарланып жатыр, автокөліктердің тоқтамай қозғалуы үшін техникалық бақылаудың бірыңғай автоматтанырылған дәліздері қондырылады.

«Осы қарыз аясында тоғыз автокөлік және бір теміржолға арналған өткізу пунктін жетілдіріп, техникалық жабдықтау жоспарланып отыр. Бұл жобаны осы жылдың соңына қарай бастап, 2022 жылы аяқтаймыз», – деді Смайылов.

Журналистердің сұрақтарына жауап берген министр қарызға алынған соманың 70 пайызы өткізу пункттерін техникалық жабдықтау үшін қытайлық құрылғыларды сатып алуға кететінін айтты.

«Несиеге байланысты қытайлық Nuctech компаниясынан құрылғылар аламыз. Бұл – өз құрылғыларын 122 елге ұсынған әлемге танымал қытайлық компания. Олардың кеден саласындағы құрылғылары америкалық және еуропалық аналогтардан кем емес, ал бағасы – арзандау. Таңдауымыздың себебі осы болды», – деді ол.

«Доллармен беріп, жылына 3-4 пайыздық несие ұсынатын басқа да қаржы ұйымдарымен салыстырғанда, бізге мұнда 20 жылға 2 пайызбен юань арқылы беріліп отыр. Юань да әлсірейтін кездер болады, сондықтан бюджетке салмақ қатты түспейді.

Егер біз республикалық бюджеттен қаржыландырсақ, мұндай жобалар бюджетке үлкен қысым жасайды. Себебі бір сәтте үлкен көлемде қаржы құю керек болады. Жеңілдетілген несие алсақ, шығындарымыз аз болып, ол 20 жылға бөлінеді. Қытайдың алдында мемлекеттік қарызымыз жоқ. 1,2 миллиард доллар көлемінде кепілдендірілген қарызымыз бар, біз оны автокөлік жолы жобасын жүзеге асыру үшін алғанбыз. Оны қазір төлеп жатырмыз», – деді бірінші вице-премьер.

Дереккөз: kaz.tengrinews.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.