14-06-18 |
6040 рет қаралған
«Бизнестің жол картасы–2020»: несие алу оңай ма?.
«Бизнестің жол картасы–2020»: несие алу оңай ма?

«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы – мемлекеттің орта және шағын бизнесті дамыту мен қолдауға бағыталған кешенді жобасы. Негізгі 4 бағытты қамтитын бағдарламаның бүгінгі күнгі нәтижелері де жаман емес. Жаңа бизнес жобаларды қолдау, кәсіпкерлік секторды сауықтыру, валюталық тәуекелдерді төмендету, қаржылай емес қолдау көрсетуге бағытталған бағдарлама арқасында 2017 жылы орта және шағын бизнестің Қазақстанның ішкі жалпы өніміндегі үлесі 25,6 пайызға жеткен.

Ресми деректеріге сүйенсек, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде 3,5 трлн теңгенің өнімі шығарылып, 15 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылған. 217 240,7 млрд теңге қазынаға салық болып құйылыпты. Биыл да бұл кешенді жұмыс жалғасын таба бермек. Ұлттық экономика министрлігінің жоспары бойынша, биыл елдегі 150 мыңнан аса кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болып, 16 мың адам кәсіпкерлік негізін үйренеді.

Экономист Мақсат Сералы Үкіметтің орта және шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған кешенді шаралары экономикалық тиімді деген пікірде. Алайда оның толыққаны жүзеге асуына екінші деңгейлі банктер кедергі келтіріп тұр.

–Екінші деңгейлі банктер беретін несиенің бір бөлігін субцидиялау, пайызы төмен несие беру, осы несиеге мемлекеттің атынан «Даму»  кәсіпкерлікті қолдау қорының кепілдік беруі – орта және шағын бизнестің дамуына серпін берді. Бірақ көп жағдайда екінші деңгейлі банктерге құзірек молырақ беріп қойған. Яғни, мемлекеттік бағдарлама аясында несие алуға келген адамға қатысты шешімді банк өзі қабылдайды. Оған несие берілетіні, берілмейтінін банк шешеді. Олардың кәсіпкерлерге қоятын шарттары өте жоғары. Мәселен, кәсіпкер 10 миллион теңгеге өтініш беретін болса, банк сол сомаға кепілдік сұрайды. Қазіргі кезде олар кепілдікке тек қана жылжымайтын мүлікті қабылдап жатыр. Ал жаңадан кәсіп ашып жатқан адамның басында үйі болмауы мүмкін. Сәйкесінше, оған несие бермейді. Тура осы жерде бағдарламаны жүзеге асырудың механизмі бұзылады. Ал «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры заемның 85 пайызына дейін мемлекеттік кепілдік бере алады. Бірақ банктер оған аса мән беріп, есепке алып отырған жоқ. Берілетін несие көлемінде Дамудың кепілінің үлесі тым аз. Қор беретін кепілхат жылжымайтын мүлікпен қамтамасыз етілмеген. Кәсіпкер несиесін төлей алмай қалған жағдайда, банкке тиесілі қаражатты «Даму» қоры құяды. Бұл ұзаққа созылатын процесс. Ол үшін компания сот шешімімен өзін банкрот деп жариялауы керек. Сондықтан банктер басын қатырғысы келіп отырған жоқ, – деп тұжырымдайды сарапшы.

«Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасының негізгі бағыттарының бірі – жаңадан іс бастап, кәсіпті қолға алып жатқан кәсіпкерлерді қолдау. Алайда банктер стартап жобалардың өтінішін қарастыруға құлықсыз. 80 пайызға жуығы құжат жинағанымен, қаржыға қол жеткізе алмай, беті қайтады.

–Бағдарлама, негізінде, жаңадан кәсіп бастап жатқандарға арналып отыр. Ал коммерциялық банктер осы бағдарлама аясында несие беріп отыр. Мемлекеттің қаржысын халыққа бермей отыр десекте болады. Олар өздеріне таныс немесе нарықта баяғыдан келе жатқан компанияларға ғана несие береді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Осы жерде мемлекет «бөлінген қаржының нақты 40 немесе 50 пайызы стартап жобаларға берілсін» деген нақты шарт қоюы керек. Жас кәсіпкерлердің алдынан шығатын тағы бір мәселе – банктердің айналым қаражатының есебін сұрауы. Өзі ЖК немесе ЖШС болып тіркелгеніне аз уақыт өткен, айналым қаражаты қайдан болсын? Бағдарламада тура осы мәселе ескерілмей қалған. Мәселен, есік алдынан азық-түлік дүкенін ашқысы келген шағын кәсіпкердің рейтингі төмен болғанымен, жобасына мән беру керек. Ол өміршең бе, табыс алып келе ме? Бизнес жобамен барған кәсіпкердің өзіне емес, жобасын қарастыру қажет. Егер банк жобаға өз қаражатын құйып жатса, жоғары талаптар қоя алады. Бұл жерде мемлекеттің қаражаты, ол қалайда қайтарылады»,–деп пайымдайды сарапшы.

Мамандардың айтуынша, бизнесті қолдауға бағытталған бұндай бағдарламаның баламасы бүкіл ТМД елдерінде жоқ. Шағын және орта бизнестің дамуы үшін ел бюджетінен бөлінген 1 теңге – қазынаға түсетін салық, жаңадан ашылатын жұмыс орны, өндірілетін тауар ретінде – 3 теңге болып қайтады деген тұжырым бар. Мемлекеттік бағдарлама болғандықтан, ол кез-келген жағдайда тәуекелге барады.

 Ал қарапайым халық ешқаншан алды-артын екшеп, оңы мен солын таразылап алмай,  несиеге өтініш бермейді. Көпшілігі бағдарламаға қатысу үшін 3-4 миллион теңгенің жобасын жасайды. Азық-түлік дүкені, киім ательесі, қызмет көрсету сынды жобалар басым. Инновациялық жоба, үлкен өндіріске беттемейді. Осы тұрғыда Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы құрамынан ірі бизнесті шығарып тастау туралы ұсыныс айтқан еді. Өткен жылы бағдарлама аясында субцидия бөлінген қаржының 25 пайызы ірі бизнестің еншісіне тиген. Оның үстіне ірі бизнес ешбір қиындықсыз екінші деңгейлі банктерден несие алып, басқа жақтан субсидия тарта алады.

«Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасы бойынша несие алғысы келген кәсіпкердің бірі –Жайнар Мұқатайқызы. Кәсіпкер мемлекеттің шағын және орта бизнесті қолдауы халыққа қажет деген ойда. Ол 2015 жылы Алматы қаласы бойынша жүзеге асырылған «Жібек жолы» өңірлік бағдарламасына қатысып, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 500 миллион теңге несие алған. Бұл қаржыны «Сеmarket» интернет-дүкенінің қажеттілігіне жұмсаған. Енді оны ары қарай дамыту үшін тағы да инвестиция қажет.

–«Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасына қатысып, несиеге өтініш бергім келген. Алайда банктердің қойған шарттары қиын және құжат жинау ұзақ уақытты алады екен. Кепілге қоятын мүлік сұрайды, ол мүлкіңді төмен бағалайды. Мәселен, біздің 120 миллион тұратын коммерциялық ғимаратымызды бар-жоғы 60 миллион теңгеге бағалады. Оған қоса сақтандыруды банкпен байланысы бар компанияда жасайсың. Оның құны басқаларға қарағанда 2-3 есе қымбат. Сондықтан үкіметтің шағын кәсіпкерлерге ұсынып отырған мүмкіндігін толық пайдалану үшін,  әлі де несие шарттарын жеңілдету керек. Өйткені қаржылық жағдайы жақсы болса, несиені бағдарламадан тыс ала алады. Оған қоса мемлекеттік бағдарлама бойынша несиенің пайыздық үстемақысы 15 пайыздан аспауы керек. Бұндай көрсеткіш көптеген банктерде жоқ. Сондықтан әзірге несие алу мәселесін тоқтатып тұрмыз, –дейді кәсіпкер.

«Мемлекеттің қолдауына ие болам деген кәсіпкердің барлық кірісі мен шығысы, табысы есеп-қисабында анық көсетіледі. Компанияның айналымындағы бүкіл қаражатын көрсеткені өзіне тиімді. Субсидияға өтініш берген кезде, олардың айналымының көп болғаны жақсы», –деген Мақсат Сералының пайымдауынша, шағын бизнес-жобалар өміршең болып келеді.

 Өйткені шағын бизнес трансформацияға оңай көнеді. Одан кейін, кәсіпкер бұл іске барлық тәуекелдерді есептеп барады. Бұл бағдарлама сондай шағын кәсіп иелері үшін мүмкіндік беруі тиіс. Нарықтың өзінде шағын бизнестің өніміне, қызметіне сұраныс мол. Егер кәсіпкердің ісі жүрмей, несиесін қайтара алмай жатса, онда бағдарламада оларды оқыту, білімін жетілдіру де қарастырылған. Кәсіпкерлікті қаржылай емес қолдау бағыты бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы оқытып, істі жүргізудің қыр-сырын үйретеді. Есеп-қисап жүргізу, өнім мен қызметті сату, сайтты дұрыс жүргізу бойынша кеңес береді. Бұл білім барлық қатысушылар үшін тегін. Осы жерде көптеген мәселе кәсіпкердің қабілетіне байланысты болса да, несие алу жолдарын жеңілдету күн тәртібінен түспей тұр. Өйткені көптеген кәсіпкерлер құжат жинаудың машақатынан қашады. Кепілге қоятын мүлкінің болмауы да жеңілдетілген несие алушылардың қатарын кемітіп тұрғаны анық.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.