07-06-18 |
6880 рет қаралған
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік: даму бағыты айқын.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік: даму бағыты айқын

Жеке секторды мемлекеттік активтерді басқаруға тарту, бюджетке салынатын салмақты азайту, мемлекет пен бизнестің әріптестігін кеңейту мен инвестиция тарту мақсатында Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытуға үлкен мән беріліп отыр. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, 2017 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағыты бойынша, құны 193,4 млрд. теңге болатын 172 келісімге қол қойылған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 8 есе көп. Мемлекет пен жеке сектор әріптестігінің қарқын алуы тек мемлекет емес, кәсіпкерліктің дамуы үшін тиімді.  

Неден басталып еді? 

МЖӘ туралы алғаш 2005 жылдары айтылады бастады. 2005 жылы ел Үкіметі концессия жүйесі, яғни, мемлекеттің өз өндіріс орнын, пайдалы кендерін, жерін адамдарға, бірлестіктерге пайдалану үшін белгілі мерзімге жалға беру шарты арқылы 2 жобаны жүзеге асыру туралы қаулыға қол қойған болатын. Соның нәтижесінде Ақтөбе облысында электр берілісжолы мен Шар-Өскемен бағытында теміржол бөлігі салынды. Ақтау қаласындағы халықаралық әуежай да – мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің жемісі.

Үкімет мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің дамуы үшін мықты іргетас қажет екенін түсініп, «Концессия туралы» заңды 2006 жылы қабылдайды. Бұл қадам мемлекеттік маңызы бар жобалар үшін шетелден инвестор тарту үшін жасалған еді. Десе де, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің заңдық негізі 2011 жылдары қалыптаса бастады. Айталық, ҚР Үкіметі 2011-жылы «2011-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында мемлекеттік-жеке әріптестікті дамыту жөніндегі бағдарламаны» қабылдаса, 2015 жылы «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңға қол қойды. «Концессия туралы» заңға қарағанда, ол нақты және бағдары анық болды. Кейіннен арнайы Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы құрылды.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жүйесі әлемнің көптеген елдерінде қолданылады. Мәселен, дүние жүзі бойынша ақылы жолдардың көпшілігін концессия негізінде инвесторлар салады. Салынған нысан мемлекеттің қарамағында болғанымен, оны пайдаланудан түскен табысты инвестор алады. Осы жолдардан түскен ақы мен мемлекеттің ұзақ мерзімді төлемдерінің арқасында құйған инвестициясын қайтарып алады. Бұл бір жағы инвестор үшін инвестициялаудың тиімді жолы болса, екінші жағынан дайын нысан ел игілігіне жұмыс істейтін болады.

Қазіргі жағдай қандай?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев МЖӘ туралы «Жекеменшік инвестицияларды тарту жөнінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі орасан зор әлеуетке ие болып отыр. Біз Қазақстанда бұл тетікті іске қостық, бірақ та ол озық әлемдік  практикаға сәйкес жетілдіруді талап етеді» деген еді. Қазақстанның мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының деректеріне сүйенсек, қазіргі кезде жүзеге асырудың түрлі кезеңінде тұрған 1040 жоба бар. Соның ішінде 223 жоба келісімге қол қойылған немесе тіркеу кезеңінде тұр, ал 102 жоба бойынша конкурс жарияланған, сондай-ақ 504 жобаның құжаттары дайындалып жатыр. МЖӘ бағытының сәлде болса алға жылжуына  былтыр балабақша, жатақхана, емхана, дәрігерлік амбулатория мен көшелерді жарықтандыру бойынша жаңа типтік құжаттар енгізілгені үлкен ықпал етті.

Солардың ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жүзеге асырылып жатқан ең ірі жобалар: «Нұр жолы» өткізу пункті, «Үлкен Алматы айналма жолы» және «Күнделік» автоматтандырылыған ақпараттық жүйесі. Құны  98 млрд. теңге болатын «Нұр жолы» жобасы бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік келісіміне 2017 жылы қол қойылған. Ал ҮААЖ мен «Күнделік» жобасына жеке сектор жыл басынан бері қатысып жатыр. Ауыз толтырып айтарлық жобалар осы.

Негізінен Қазақстанның МЖӘ орталығының ресми сайтында жарияланған келісім-шарттар тізімінен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша елімізде балабақша салу ісі алда келе жатқанын байқауға болады. Одан кейін мектептерде оқушыларды тамақтандыру, көшелерді жарықтандыру және тас жол салу кәсібі тұр. Бұлардың қатарында емхана ісі де бар. Емдеу мекемелерін жеке секторға беруде олардың қызмет сапасын арттырады деген үміт үлкен. Өйткені қазіргі емхана таңдау жүйесі бойынша міндетті медициналық қамсыздандыру бағытында бөлінген қаражат клиент қай мекемені таңдайды, соған бөлінеді. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде мектептер де ашылуы мүмкін. Ол жан басына қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейді. Оны жүзеге асырудың механизмі әлі нақтыланбаса да, мемлекет жеке инвесторлардың білім нысандарын салуын қолдайтын болады. Нысанды тек салып  қоймай, оны басқару қажет. Мәселен, қазіргі кезде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша қолға алынған жобалар 3 жылдан 30 жылға дейін инвестордың басқаруына беріледі. Әлеуметтік маңызы бар жобаларға басымдық берілетіндіктен, мемлекет қолдау көрсетіп, шығынды өтейді. Десе де, мемлекет қолдайды екен деп, тек қазынаның қаражатына сенім арту дұрыс емес. МЖӘ бағындағы жобаның жүзеге асуы үшін кәсіпкердің өз қаражаты да салынуы шарт. Ұсынылған жобаның тиімділін, бағдарламаға сәйкестігін тексеру жобаны сараптау ұзаққа созылуы мүмкін. Бірақ мемлекет те тәуекелге барып отырғандықтан, бұл қажетті шара.

Өзгерістен нәтиже бар ма?

2017 жылы «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыру тетіктері жеңілдетілді. Соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағытындағы жобалардың сараптамадан өткізу мен келісу мерзімі – 7 айдан 3 айға дейін қысқарып, дайындау кезеңі – 5 айдан 3 айға дейін кеміді. МЖӘ келісім-шарты бойынша ең кемі 3 жаздық маусым ұзақмерзімді кепілдік беріледі. Бұрын оның мерзімі 1 жыл болатын. Аталмыш бағыттағы жобаларды жүзеге асыру концепциясы бизнес-жобаларға ауыстырылған. Бұл ретте Атамекен Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының еңбегін атап өткен жөн. Сөз болып отырған ұсыныстардың көпшілігін Палата бизнес қауымдастықпен келісе отырып ұсынған. Бизнес-жобалардың да құрылымы «Атамекен» ҰКП ұсынған үлгі бойынша жасалады.

Сонымен қатар, бизнеске мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағыты қолжетімді болуы үшін бағдарламалық МЖӘ-нің жеңілдетілген жүйесі енгізіліп, МЖӘ жобалары бойынша ақпараттық база қалыптасты. Оған қоса салалық біртипті жобаларды жобалау мүмкіндігі енгізілді. «Бағдарламалық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік»  бағытында іске асырылатын жобалар бойынша барлық іс-әрекет экономиканың әр саласына арналып, мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларда жеңілдетілген форма бойынша жазылады. Олар үшін қосымша сараптама талап етілмейді.

Жеке сектор мен мемлекеттің арасындағы әріптестіктің тиімділігі айқын. Өйткені қолға алынға кәсіп бойынша жауапкерлішік пен міндеттер, тәуекел, кірісі пен шығыс – барлығы теңдей бөлінетіндей келісім-шартта нақты жазылады. Бұл бағыт сапалы қызмет пен өнімге қол жеткізу үшін жеке сектор мен мемлекет ресурсын біріктіруге бағытталған. Оған Үкіметтің артып отырған үміті де үлкен. Болжам бойынша, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылған жобалар ел экономикасына триллиондаған теңге әкелуі керек. Одан бөлек, тұрғын-үй коммуналық шаруашылық саласы бойынша жүзеге асырылатын жобалардың нәтижесінде жүйе жаңғырып, қуаттылығы артады. Инфрақұрылым саласы бойынша, заманауи автомагистральдар мен темір жол салынса, ғылым мен денсаулық саласында балабақшалар мен емханалардың саны көбеюі тиіс.

Алайда қазіргі кезде бұл бағытқа жергілікті орта және шағын кәсіпкерлер болмаса, шетелдік инвесторлардың қызығушылығы аса емес. Олардың белсенділік танытпауының да өзіндік себептері бар. Салынатын қаржы көлемінің көптігі, саладағы тәуекелдердің жоғарылығы МЖӘ-нің инвестициялық тартымдылығын кемітіп тұр. Оған қоса отандық екінші деңгейлі банктер де мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жүзеге асырылатын жобаларға сенімсіздікпен қарайды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.